Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының жастар ресурстық орталығы мен қалалық жасөспірімдер кітапханасы қызметкерлері бірлесе отырып, Қожа Ахмет Ясауидың туғанына — 930 жыл толуына орай, жасөспірімдер кітапханасында тарихи еске алу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды didarbek.kz. Аталмыш іс-шараға Шымкент қаласы, дін істері басқармасы ДМЗО КММ-нің теологы — Айтаев Икрам Сатыбалдыұлы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық «Ордабасы» мешітінің бас имамы – Керімбек Ахметжан Пірәліұлы, журналист Әбдісаттар Әліп, тарихшы Мұхит Мразов пен М.Өтебаев атындағы колледжінің жастары қатысты. Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) — қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Кеш барысында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өмір жолы мен құнды еңбектері жөнінде айтып, тарих тұлғаларын ұмытпауға шақырды.
Сонымен қатар, кешке келген өнерпаз жастар өз өнерлерін көрсетіп, үлкендердің ақ батасын алды. Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге танытты.