Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түлкібас » ӘУЕЗДІ ӘН МЕН САЗДЫ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

ӘУЕЗДІ ӘН МЕН САЗДЫ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі Шақпақ баба ауылына арнайы табан тіреп, керемет кешпен көңілдерін тербетіп қайтқан болатын. Мұндай қайталанбас кештің өтуіне арқау болған оркестрдің бас қобызшысы Ботагөз Анарова.
Ботагөз Анарова Шақпақ баба ауылының тумасы. Негізгі мақсаты ауылдың күйбең тіршілігінен қажыған ағайын, ауылдастарына қонақ болып, әуезді ән мен сазды күй сыйлап, тірі музыкамен бақыт сыйлау еді. Тарихи тамыры 1934 жылы қаланған музыкалық өнер әлқиссасындағы тұңғыш әрі бірегей оркестрді қалың көпшілік ауылдық мәдениет үйінде асыға күтті. 1-мамыр бейбітшілік күніне орай арнайы ұйымдастырылған шараға тек ауыл азаматтары ғана емес аудан көлеміндегі өнер сүйер ағайын жиналды. Оркестрдің жоғарғы орындаушылық шеберлігі тыңдарман қауымның сүйіспеншілігін тудырып, оларды халқымыздың бай музыкалық мұраларымен, отандық және әлемдік классикалық озық музыка үлгілерімен сусындатып келеді. Әлемнің 80-ге жуық елін аралаған танымал ұжым қазақтың ұлттық музыка өнерінің мәртебесін жоғары ұстап, абыройын-даңқын әлемге танытты. Қазіргі таңда оркестр ұжымында 81 өнерлі музыканттар еңбек етеді. Репертуарлық қорында 5000-нан аса туындылар бар екен. Құрылған күннен бастап оркестр ұжымы отандық және әлемдік классикалық шығармаларын жоғары деңгейде орындап келеді.
— Алақандай ауылда тұрған ағайынға осындай керемет оркестр келіп, тамаша концерт береді деп еш ойламаппыз. Бұл бізге ұмытылмастай кеш болды. Жанды дауыста, сазды әуезбен ән тыңдау адамды ерекше сезімге бөлейтініне бүгін көзім анық жетті. Музыка, әуез, ән, дауыс деген міне осындай болуы керек-ау. Нағыз қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар деп осы ұжымды айта аламын. Шығармашылық табыстар тілеймін. Осындай әсерлі кештің өтуіне арқау болған ауылдас сіңіліміз, мақтанышымыз Ботагөз Анароваға шын алғыс айтамын. Оның осы ұжымда өнер көрсетіп, қазақ музыкасын әлемге танытып жүргені біз үшін мақтаныш. Тілеулеспіз, — деп ауыл тұрғыны Назипа Ізгілікқызы жылы лебізін жеткізді.
Қазақ музыкалық Олимпінің шыңында тұрған әйгілі күйші Құрманғазы атындағы біздің ұлы оркестр әрқашан белгілі тарихи-тамырларымызды ұмытпай, салт-дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ өнерін таныта береді деп сенеміз.
«Шамшырақ-ақпарат»

Пікір жазу