Бүгін өңіріміздің қасиетті бас шаһарында Түлкібас ауданының мәдени күндері «Өнерлі өлке» атты түрлі жанрдағы гала концертімен бастау алды.
Облысымыздың бас қаласының көзайымына айналған «Керуен сарайы» кешенінде өтіп жатқан мәдени шараға Қазақстан Республикасы эстрадасының жарық жұлдыздары, Түлкібас ауданының төл перзенттері Сәкен Қалымов, Индира Расылхан, Жазира Аралбаева, Мамадияр Таукиев бастаған аудан өнерпаздары ән шырқап, концерт көркін аша түссе, Түлкібас ауданының Мақталы халық театрының сатиригі Мамыр Есбергенов көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Облыс мәслихатының депутаты Нұрайым Шахымергенқызы және аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов келген қауымға ыстық лебізін білдіріп, киелі шаһарымыздың 5 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Айта кетейік, облыс орталығының құрылғанына 5 жыл толуына орайластырылған мәдени күндер барысында 20 мамыр күні сағат 11:00-17:00 аралығында этноауыл кешенінде «Қол өнерім-қазақтың төл өнерім» атты фото, қылқалам, қол-өнер шеберлері, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының және Сайрам өгем мемлекеттік ұлттық паркінің этнографиялық көрмесі және спорттық ойындардан көріністер, ағымдағы жылдың 21 мамыр күні сағат 11:00-17:00 аралығында этноауыл кешенінде «Салт-дәстүр сан ғасырлық саф мұра» атты ән, жыр мен ұлттық салт-дәстүрден қойылымдар ұйымдастырылады.