Маусымның жаймашуақ күнінде Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Жақсылықұлы Қазақ әдебиеті ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым Мекемтас Мырзахметұлына арнайы барып, сәлем берді. Бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, ұлы ақын Абай ілімін, Бауыржантану мен Мұхиттартану ғылымын қалыптастыру және дамытуда өзіндік үлес қосқан, ел мен жер атауларын терең зерттеп, көне атауларын қайта жаңғырту жолында еңбек еткен Мекемтас Мырзахметұлы ағамыз ел мақтанышы.
Аядай ғана ауылда туып, ғылым жолына түсіп, Қазақ әдебиетінің алыптарымен сырлас, дәмдес болған Мекемтас Мырзахметұлы қасиетті Түркістан, көне Тараз, алмалы Алматы, шырайлы Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарында аянбай еңбек етіп, ғылымның дамуына үлес қосып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде де аядай ауылда тұрып, елеулі еңбек жазып жатыр.
Жасы 95 келсе де ғалым ағамыз ширақ. Өзін еркін ұстайды. Сөз сөйлеуі, есте сақтау қабілеті жоғары. Аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы ел ағасы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен емін еркін әңгімелесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Ғалым мен әкім ағаларымыз елдегі жағдай, әдебиет пен тіл мәселесі, халық санының өсуі, аудан атауы, көше және мекеме атауларының қазақшалау, салт –дәстүр , ұрпақ тәрбиесі жайында әңгіме өрбітті.
Ауданның бірқатар ауылдарының қазақшалануына ерекше үлес қосып, байырғы атауларын тапқан ғалым ағамыз аудан атауында жазушы М.Байғұт ағамызбен бірге бірнеше рет көтергенін айтқанымыз дұрыс деп білеміз. Емін-еркін әңгіме барысында аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы ғалым Мекемтас Мырзахметұлына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый құрмет көрсетті.
М.ҚАЛТАЕВ