Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түлкібас » ЖАБАҒЫЛЫ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ТАУ ТҰЛҒАСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ЖАБАҒЫЛЫ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ТАУ ТҰЛҒАСЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Түлкібастық текті жұрт қашанда ұлы тұлғаларын құрметтеп, қадіріне жете білген. Оларды маңдайымызға біткен жарық жұлдызымыз деп біліп, келешек ұрпағына танытуға асыққан. Қасиетті мекен Тұрар мен Бауыржанды, Мекемтас пен Мархабатты тудыртып өзінің топырағының бағалылығын дәлелдегендей. Бұл жерден ақын да, батыр мен ғалымда, әнші мен күйші де, биші мен термеші де шыққан. Осыншама өнер мен кие тұнған тұлғаларды тудыртқан елдің қасиеттілігіне таңданбауға болмас.
«Түркістанның таңдаулы туындысы» облыстық акциясы аясында Ақсу-Жабағылы ауылдық модельді кітапханасында «Құт мекенге танымал тұлға» тақырында керемет әдеми сазды кеш өтті. Кеш ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Түркі әлеміне қвзмет» халықаралық сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлына арналды.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шараға Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы, кітап қорын сақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Нысанова Гүлмайра Зейінқызы мен әдістемелік бөлімнің бөлім меңгерушісі Сұлтанбекова Айнұр Қабылбекқызы арнайы Түлкібас төріне келді. Сонымен қатар ғалымның Тараз қаласында қалам тербеп, ғылыммен айналысып жүрген шәкірттері, Келес, Сарыағаш, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы, сот саласының ардагері Өміртай Қалықұлов пен сатира саңлағы, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Алпысбай Боранбайұлы, «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Марат Қалтаев және Жабағылы ауылдық округінің әкімі Ержан Меңлібеков пен аудандық орталық кітапхана ұжымы қатысты.
Ғалыммен кездесу кешінің өтуіне Жабағылы ауылдық модельді кітапханасының меңгерушісі Зоя Сейітбекова мұрындық болды. “Бұл бастаманы іске асыруды көптен бері ойланым жүрген едім. “Сабақты ине сәтімен” демекші орайы бүгінге келіскен екен. Мекемтас атамыз бізге бұйырған бақ, жарық жұлдыз. Сондай сөзі құнды, жазбасы бағалы атамыздың бағасын біліп, оның еңбегін бағалап, ұрпаққа ұран ету біздің міндетіміз, борышымыз. Осындай мақсатта бүгінгі бір күніміз атамызға арналды,- деді кітапхана меңгерушісі Зоя Сейітбекова.
Шараның шымылдығы Жабағылы ауылдық модельді кітапханасында басталды. Ол жерде келген қонақтар 5000-нан аса кітап қорымен танысып, орталықтың жұмысын зерделеді. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының арнайы шығармашылығы жинақталған сөреден басталған танысу ұлы ғалымның ақ батасымен жалғасты. «Кітапхана- ойдың айшықталып, дүниетанымды кеңейтетін қасиетті орын»,- деп ғалым қадап айтып, кітапсүйер қауымның санын арттыру керектігін жеткізді. Одан кейін іс-шара Ә.Молдағұлова мектебінің концерт залында жалғасты. Мектеп оқушылары мен ұжым ғұлама ғалымды ерекше ықыласпен, ілтипатпен күтіп алды. Ұзын сонар кіре берістен бастап Мекемтас Мырзахметұлының шығармашылығы көрнекілік ретінде қойылған. Кітапхананың ең жас оқырмандары таңдаулы өлеңдерді оқып, ғалымның ақ батасын алды. Оқушылармен кездесу үлкен залда жалғасты. Шара Мекемтас Мырзахметұлының өмірбаянын таныстырумен басталды. Сосын оның қалай білім мен ілімге, ғылымға келгені жайында қойылым қойылды. Оқушылар ғалым аталарына арналған арнау өлеңдерін оқып, кеш қонақтарын ерекше әсерге бөледі. Әр өлеңнің сөзінен ғалымға деген балалық алғыс пен құрметті, ризашылық пен мақтанышты сезінесің. Оқушылардың арнайы дайындаған шарасынан кейін ақын Бақытжан Байжұма ғалым атамызды сыр сұхбатқа шақырды. Сұхбат барысында атамыз өмірден түйгендерін, көрген қиындықтары мен жеткен жетістіктеріне шолу жасап, шығармашылығына тоқталды. Бүгінде өзінің өмірі жайлы арнайы кітап жазып жатқандығын айтып, шығармашылықтан қол үзбегенін де қуанышпен жеткізді. 96-ны алқымдаған ғалым атамызға кеш қонақтары жылы лебіздерін жеткізіп, өткен шақтың естеліктерімен бөлісті.
Облыстық Фараб әмбебап кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова сөз алып, атамызға жылы лебізін жеткізіп, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың сый-сияпатын табыс етті. Тау тұлғаға арналған кеш жылы естеліктер мен әдемі тілектермен қорытындыланды.
А.МӘМЕТ.

Пікір жазу