Бүгін Түлкібас ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 2023 жылы 15-17 шілде күндері Астана қаласында өткен белбеу күресінен әлем чемпионатында топ жарған, 75 келі салмақ жәрежесі бойынша әлем чемпионы атанған жерлесіміз Ақтөре Сұлтанбекұлына құрмет көрсетілді.
Ақтөре Сұлтанбекұлы Түлкібас ауданы, Қарағашты ауылында 2002 жылы 9 наурызда дүниеге келген. Қазіргі таңда Шымкент қаласында Орталық Азиялық Инновациялық университетінің 3 курс студенті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Түркістан облысының және ҚР ұлттық құрама мүшесі. Белбеу күресінен 75 келі салмақта Түркістан облысы жеңімпазы. Сәуір айында Павлодар қаласында өткен белбеу күресінен 75 келі салмақ дәрежесінде ҚР жеңімпазы. 2023 жылдың маусым айында Түркістан қаласында өткен белбеу күресінен ҚР кубогының жеңімпазы.
Чемпионды Түлкібас теміржол вокзалынан аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, Ақтөре Сұлтанбекұлының ата-анасы мен туған туыстары және аудан халқы ыстық ықыласпен қарсы алып, қошеметке бөледі. Аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен жас чемпионымызбен бірге жақында Азия біріншілігіне самбо күресінен ардагерлер арасында жүлделі ІІІ орынды иеленген Жолшыбек Әшімұлын арнайы құттықтап, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың алғыс хатымен марапаттап, қазақ халқының дәстүрі бойынша құрмет көрсетіп, ұлттық нақыштағы шапанды тарту етіп, бағалы сыйлықтар табыстады.
Жиын соңында, аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен чемпионның болашағына сенім білдіріп, ауданымыз бен еліміздің атын асқақтатып, абыройын арттыра беруіне тілектес екенін жеткізді. Сонымен қатар, белбеу күресінен әлем чемпионы атанған жерлесіміз Ақтөре Сұлтанбекұлына ақсақалдар батасын беріп, жылы лебіздерін жеткізді.