Алматы қаласынан бастау алып, Республика көлемінде өткізіліп жатқан кітап фестивалі Түлкібас ауданында да жалғасын тауып отыр.
Бүгін “Мәдениет және тілдерді дамыту” орталығына қарасты Түлкібас аудандық кітапханасының “KITAPTIME – кітап оқуға уақыт бөл” атты ашық көрмесі өтіп жатыр. Кітап оқуды насихаттап, оның құндылығын дәріптеу мақсатында аудандық кітапхана ұжымы қордағы біршама кітаптарды мемлекеттік қызметкерлерге ұсынып, оқуға кеңес берді.
Аталған бұл көрмеде, балалар әдебиетінен бастап, ауданымыздағы зиялы қауым өкілдерінің, ел және әлем алыптарының кітаптарын кездестіруге болады. Сонымен қатар, тарихи, мәдени, танымдық, биография, энциклопедиялық кітаптармен бірге еліміздің жыр жауһарлары мен алаш қайраткерлерінің де жазба-деректері орын алған.
Кітапхана ұжымы ұсынған кітаптарға қызыққан әрбір мемлекеттік қызметкер бір және бірнеше кітаптарды оқуға алып, кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.