Бүгін жастарды отансүйгіштікке, шынайы патриоттылыққа тәрбиелеу мақсатында Түлкібас ауданы, Арыс ауылдық окгугіне қарасты Керейт ауылының тұрғыны, Таулы Карабах ұрыс іс-қимылдарына қатысқан Алмас Тоғызбаевты еске алуға арналған “Ерлікке тағзым” атты іс-шара өтті.
Арыс ауылдық округіне қарасты Керейт ауылында батыр ұлының есімі ұлықталатын «Ерлікке тағзым» атты ауқымды еске алу кеші өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған кеш Керейт ауылының тумасы, ұлағатты ұстаз, спортшы, ТаулыҚарабақ соғысының батыры Алмас Тоғызбаевқа арналды.
1988-1992 жылдары Армения мен Әзірбайжан арасында болған ең ірі қақтығыс жер дауы үшін туындаған еді. Кеңес өкіметі жылдарында Таулы Қарабақ облысы автономиялық құрылым ретінде Әзірбайжан КСР-нің құрамында болды. Бірақ ондағы халықтың басым көпшілігі армяндар еді. Тарихи деректер осындай даудан басталған соғыстың біразға дейін шешімін таппағанын келтіреді. Белгілі статистикалық деректер қазақ жерінен 593 адамның дауға қатысқанын мәлімдейді. Сондай батырлықты өн бойына жиып, ұрыста өзіндік күш қуатын дәлелдеп, елге аман есен оралған батыр жауынгердің бірегейі Алмас Тоғызбаев еді.
Еске алу іс шарасының шымылдығы Алмас ағамыз елге оралған соң, хат танып, білім алған және алғашқы жұмысын бастаған О.Ағыбайұлы ЖОМ де түрілді. Қазақстанның түкпір түкпірінен келген майдандас достары мектеп аумағына келіп, Алмас Тоғызбаевқа арналған тақтайшаның ашылу салтанатын жасады. Тақтайшада жауынгер батырдың өмір жолы, еткен еңбегі мен жасаған игі істері жазылған. Салтанатты шара барысында мектеп оқушылары потриоттық әндер шырқап, ұстаздары Алмас Тоғысбаев жайлы арнау өлеңдерін оқыды. Ардагер ұстаз Оразбек Дәулеталиев сөз сөйлеп, шәкірті әрі әріптесі Алмас Тоғызбаев жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Мектеп директоры Есенкүл Ағаділова да әріптесі жайлы өзіндік сыр шертіп, келген қонақтарға һәм іс шараның өтуіне мұрындық болған Алмас ағамыздың майдандас достарына риясыз алғысын жеткізді. Еске алу салтанатты шарасы әрмен қарай Керейт ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Онда аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған арнайы концерттік бағдарламалар қойылды. Жиынның алғы сөзін аудан әкімінің аппарат басшысы Фархат Байтуғанов алып, осындай тамаша берері мол тағылымы бөлек іс шараны ұйымдастырған жауынгерлерге шынайы алғысын білдірді. Достық қадірін біліп, ерлігін мойындаған, осы шараны ұйымдастырып, жер жерден қарабақ дауына қатысқан жауынгерлерді жиып, түлкібастың төріне шақырған Ерғали Рузимұлы мен Бахтияр Сейдаханұлына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Келесі сөзді «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Еркебаев Қуатбек алып, бұл шара мектеп мектепте жалғасын табуы керектігін ұсынып, барша батыр ағаларға рахметін білдірді.
Өнерпаздар зұлмат жылдардан көрініс қойып, потриоттық әндер шырқап, әзірбайжан биін билеп, керемет кештің өтуіне үлес қосты. Жиын барысында сөз алған Ерғали Рузимұлы мұндай шаралардың дәстүрлі түрде жалғасы жер жерде болатынын жеткізіп, аудан әкіміне, мектеп басшысына, Алмас ағамыздың жұбайына Алғыс хат табыстап, ерлігі үшін медальдарын кеуделеріне тақты. Қазақтың салт-дәстүріне сай ұлттық шапандар тарту етіліп, Керейт ауылының мешітінде Таулы Карабах ұрыс іс-қимылдарына қатысқан Алмас Тоғысбаевтың рухына құран бағышталып, ас берілді.Алмас ағамыздың бауырлары ұйымдастырушылар алғыс айтып, бауырларын үлкен сағынышпен еске алып, жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға және бауырларының майдандас достарына шапан жауып, ризашылығын жеткізді. Жиынның соңы Қарабақ соғысының Гимнімен аяқталды.
А.Мәмет