Шымкент қаласындағы «Нұрдана-LTD» ЖШС баспасынан еңбек ардагері, Мыңбай ауылының тұрғыны Рабиға Дербісәлиеваның кітабы басылып шығып, оқырмандарына жол тартты. Аталмыш естелік кітап қарапайым қазақ әйелінің, еңбек ардагерінің, өнер саласы майталманының өнегелі өмір жолдарынан сыр шертеді. Бар жастық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарда өткен қаршадай қыз — Рабиға Серікбайқызының білімге деген, өнерге деген құштарлығы, отбасына, перзенттеріне деген сүйіспеншілігі, қоршаған ортаға деген жанашырлығы кітапта тартымды берілген.
Қызығынан қиыншылығы мол колхозда еңбек ете жүріп, тағдыр тауқыметімен мүгедек болып туылған балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп — жетілдіріп, Құдай қосқан қосағы Жайшыбекке әрқашан сүйеу болып, осы әулеттің бар ауыртпашылығын нәзік иығымен көтеріп жүрсе де бойында бүршік жарып тұрған өнерін де жасырып қалмай, түрлі ән байқауларында, айтыстарда топ жарып, талай өмір өткелдерінен сүрінбей өтіп, ақындық, әншілік өнерімен ұштастырып жүрген Рабиға апаның қайсарлығына тәнті боласың. Сексен жасқа қадам басып, перзенттерінен тараған қылықтары балдай тәтті немере-шөбере сүйіп отырған абзал ананың алғашқы кітабының тілі жатық, ойы анық, өз оқырмандарын шынайылығымен тарта түсері даусыз. Ескірмейтін естелікке толы кітапты мұқият оқып шыққан оқырманның бұдан ұтпаса – ұтылмайтыны да анық.
Өткен дүйсенбіде Мыңбай ауылының тұрғындары абзал ана, еңбек ардагері Рабиға Дербісәлиеваның «Көрсетпедім, көзімнің тамшыларын…» атты кітабының тұсау кесерінің куәсі болды. Ауылдың Мәдениет үйінде өткен салтанатты іс-шараға қатысушылардың қатары мол болғаны бұл елді мекеннің ұйымшылдығын, ауыз біршіліктерінің жоғары дәрежеде екенін аңғартып тұрғандай… Жамбыл атындағы жалпы орта мектебі ұжымының, жергілікті кітапхана қызметкерлерінің қолдауымен өткен тұсау — кесер рәсімі Машат ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Бақытжан Байжұманың басқаруында әдеби — сазды концерттік бағдарламаға ұласып, осында жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Рабиға апаның алғашқы кітабына құтты болсын айтушы замандастары, құда-жекжаттары, нағашы-жиендері, жерлестері өздерінің ізгі тілектерін жеткізіп, бойын кернеген шаттықтан ақ сары жүзі бал- бұл жайнап отырған автордың құшағын ал қызыл гүлдерге толтырып тастады…
Рабиға апаның өнегелі өмір жолдары іс-шара барысында кеңінен айтылып, кітаптың тұсауы қиылды да, сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітабы сол мезетте-ақ таратылып жатты. Осылайша, қарапайым ауылда тұрып, ешкімге жалтақтамай естелік кітабын өз қаражатына шығарған сексен жасты иектеп отырған апаның қуанышын бүкіл ауыл тұрғындары бірге бөлісіп, айрықша құрмет көрсетті.
О.КӨМЕКОВ