5 қыркүйек қазақ лингвистикасының негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде осы датаға байланысты Қазақстан Республикасы халқының «Тілдер күні» атаулы мерекесі тойланады. Қазақстан Республикасында мекендеген ұлттар мен ұлыстарды тығыз байланыстыратын күндердің бірі — тіл мерекесі.
4 қыркүйек күні мерекелі күнге орай Түлкібас ауданының мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында іс-шара атап өтілді.
Ауданда тұратын этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығын түсініп, жылдан жылға қазақ тілінде сөйлейтін жастардың қатары өсіп келеді. Оның айғағы мерекелік іс-шарада этнос жастары мен этномәдени бірлестік мүшелерінің қазақ тілінде еркін сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын қазақ тілінде жоғары деңгейде мәнерлеп оқып, қазақтың ұлттық билері мен әндерін халыққа ұсынуы.
Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов: Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп отырған сындарлы тіл саясаты – толерантты тілдік орта қалыптастыруда аса маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құн¬ды¬лықтардың бірі. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүруіне үйлесімді тіл саясаты тікелей ықпал етеді. Тәуелсіздік алған уақыттан мемлекеттің сындарлы саясатымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, өзге этностардың тілдерін сақтап қалуға, оқып-үйренуге қолдаулар көрсетіліп ке¬леді — деп мереке күніне құттықтау сөздер айтты.
Мерекелік іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-і Түлкібас аудандық филиалы қызметкерлері мен аудан жастары қатысты. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.