Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Мақтаарал Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі.
Спорт — біздің өміріміздің құрамдас бөлігі және табиғи және рухани жетілудің көрсеткіші. Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт.
2024 жылдың 29 тамызы мен 9 қыркүйек күндері аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде жастар және жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өткен болатын. Чемпионатқа Қазақстанның ұлттық құрама команда сапында ауданымыздың екі спортшысы Тұрлыбай Ерубай және Мұхит Айсұлу өнер көрсетті.
Әлемнің 26 мемлекетінен 500-ге жуық боксшы қатысқан байрақты бәскеде ауданымыздың боксшылары қарсылатарын айқын басымдықпен жеңіп, Тұрлыбай Ерубай 80 келі салмақ дәржесінде ақтық бәсекеде өзбек елінің боксшысын жеңіп Азия чемпионы атанды. Ал, Мұхит Айсұлу 66 келі салмақ дәржесінде қола жүлдені иеленді. Сонымен қатар, Венгрия елінің астанасы Будапешт қаласында 23 тамыз бен 1 қыркүйек күндері аралығында кикбокстан өткен Әлем кубогында Мақтаарал ауданының тумасы, жерлесіміз Ким Анжела Гаврошевна Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, 44 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдеге қол жеткізді.
Aудан әкімі Бақыт Асанов аталған 3 спортшыны жаттықтырушыларымен бірге қабылдап, өзінің құттықтау тілегін жеткізіп, арнайы марапаттады.
«Ауданымыздың жаттықтырушылары мен спортшылары алдағы уақытта да еліміздің мерейін өсіріп, даңқын шығару мақсатында өздерінің шеберліктері мен күш-қуатын, тәжірибелерін аянбай жұмсарына күмәнсіз сенемін. Баршаңызға амандық, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен бұқаралық спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде. 6 жылдың ішінде ауданда Қ.Мұңайтпасов стадионы, Мырзакентте Спорт сарайы және 20-дан астам кіші футбол алаңшалары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Атакент кентінде тағы бір спорт кешені ел игілігіне берілетін болады. Әрине, бұл нысандар — ауданның спорт саласының дамуына оң септігін тигізері сөзсіз.
© Didarbek.kz