Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ БІЛІМ САЛАСЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ БІЛІМ САЛАСЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұлағатты ұстаздармен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. “Түркістан” сарайында өткен іс-шараға қаладағы мектеп және колледж директорлары, білім саласы қызметкерлері қатысты.
Президент кеңесшісі Жолдау болашақ бағдарымызды айқындап берген құжат екенін, соңғы жылдары білім саласына көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
-Еліміздің саяси, идеологиялық бағытын жан-жақты түсіндіру мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Президенттің кезекті Жолдауының негізгі тақырыбы — Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамдағы барлық қордаланған мәселенің түбінде әділетсіздік жатады. Әділеттілік қағидасы алға шығуы үшін жалпы дүниетаным, ой-сана өзгеруі тиіс. Біз өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, болашақты ойлауымыз керек. Ұстаз — ұлттың зияткерлік қуаты. Ұстаздарды мемлекеттік идеологияны жүргізетін тұлға деп санаймыз. Сол себепті де сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Мемлекетшілдік ұстанымға назар аударыңыздар, — деді Мәлік Нұржанұлы.
Сонымен қатар, М.Отарбаев қоғамдық мәдениет білім мен ғылым арқылы дамитынын, ұстаздарға тарихи сананы жаңғыртып, оны ұрпаққа насихаттау керектігін айтты.
Жиында мектеп және колледж директорлары энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізу үшін АЭС салудың маңызын, жалпы болашақты ойлауымыз керектігі жөнінде баяндама жасады. Қазіргі уақытта әлемде 400-ден астам реактор жұмыс істейді. Атом энергетикасын пайдалану — уақыт талабы.
Спикерлер жалпыұлттық референдум саяси мәдениетті қалыптастыру бағытында өтетінін, оған азаматтарды белсене қатысуға шақырды.
Осы күні, қалалық Жастар ресурстық орталығында ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаевтың Президент Жолдауын түсіндіру бойынша жастармен кездесу іс-шарасы өтті. Мәлік Нұржанұлы кездесуде қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, жастардың саяси өмірге араласуын ынталандыру, пікір алмасу және идеяларды жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігердің маңызын жеткізді. Жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісті.
– Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді, өмірге деген құштарлығы артады. Қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеп, озық ойлы ұлтқа айналу үшін кітапқа, білім-ғылымға қызығушылық артуы керек, – деді М.Отарбаев.
Спикерлер алдағы Референдумның және Президент Жолдауының негізгі аспектілерін түсіндіріп, жастарды белсенділік танытуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы Референдумға дайындықты жеделдету және жастар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтіп, көкейдегі сұрақтарын қойды.

Пікір жазу