Шымкентте «Қазақстан – Өзбекстан: өнеркәсіптік кооперация, сауда және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» тақырыбында бизнес-форум өтуде. Іс-шараның мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, тікелей іскерлік байланыстар орнату және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.
Форумға Өзбекстанның құрылыс материалдарын өндіру, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, агробизнес, машина жасау, құрылыс, ақпараттық технологиялар, логистика, фармацевтика және басқа да салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындары мен іскерлік топтарының 120-дан астам өкілі, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
Іс-шара барысында екі елдің экономикалық әлеуеті таныстырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 331 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі 248 млн, импорт көлемі 83 млн АҚШ долларын құрады. Қалада өзбек капиталының қатысуымен 283 кәсіпорын тіркелген.
Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын 8 инвестициялық алаң жұмыс істейді. Олардың аумағында 350-ден астам өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Форум аясында қазақстандық кәсіпкерлер мен өзбекстандық компаниялар арасында B2B форматында кездесулер өткізіліп, келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ Шымкентте және Өзбекстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сүлейменовтің айтуынша, екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастық нақты өндірістік жобалар арқылы дамып келеді. Мәселен, Өзбекстанның «DENTAFILL PLYUS» компаниясы инвесторларының қатысуымен медициналық бұйымдар мен дәрілік препараттар өндіретін, құны 10 млн АҚШ долларын құрайтын бірлескен өндіріс жұмыс істейді. Қазіргі уақытта өндіріс көлемін тағы 8,5 млн долларға кеңейту мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар «TOSHELECTROAPPARAT» компаниясы қазақстандық серіктесімен бірлесіп, құны 1 млн АҚШ долларын құрайтын энергия есептегіш құралдарын өндіру жобасын жүзеге асырған. Бұдан бөлек, өзбекстандық кәсіпкерлер қазақстандық компаниямен бірлесіп, құны 2 млн АҚШ долларын құрайтын медициналық тігіс материалдарын өндіру жобасын іске асыруда.
Іскерлік миссия аясында өзбекстандық делегацияның Шымкент қаласындағы индустриялық аймақтар мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының кәсіпорындарына баруы жоспарланған. Форум бірлескен өндірістер құруға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған.