Шымкентте «Смарт-қалалар» мен «смарт-өңірлерді» дамыту тұжырымдамасы аясында білім беру, көлік және денсаулық сақтау салаларына цифрлық технологиялар енгізілуде. Негізгі мақсат – қызмет сапасын арттырып, басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету.
Білім беру саласында «Айқын» жобасы арқылы 147 мектеп 10 290 бейнекамерамен қамтылған. Сондай-ақ 161 мектепке жоғары жылдамдықты интернет қосылып, қашықтан мониторинг жүйесі іске қосылды. «Qarqyn» жүйесінің көмегімен қосымша білім беру саласында 10 млрд теңге үнемделіп, 18 мыңнан астам баланың тәуекел жағдайы анықталған.
Көлік саласында ақылды бағдаршам жүйесі 360 көше қиылысында жұмыс істейді. Нәтижесінде көліктің орташа жылдамдығы 20 пайызға артып, жолдардың өткізу қабілеті 26 пайызға өскен, ал кептеліс 28 пайызға азайған. Бұдан бөлек, 143 аялдамаға медиатақта орнатылып, қоғамдық көлікте жолақысын қолма-қол ақшасыз төлеу мүмкіндігі кеңейтілді.
Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиялары қолданылуда. Cerebra AI жүйесі инсультті ерте анықтауға көмектессе, PULS AI дәрігерлерге диагноз қоюда қолдау көрсетеді. PACS Systems жүйесі 21 медициналық ұйымға енгізілген. Сонымен қатар, 120 жедел жәрдем бригадасына 240 смарт-бейнетіркегіш беріліп, 9 медициналық мекеме бейнеаналитика жүйесімен қамтылған.
Аталған жобалар қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Фото — egemen.kz