Басты бет » Көкейтесті » САУАТСЫЗДЫҚ САЛҚЫНДАТАР САНАНЫ…

САУАТСЫЗДЫҚ САЛҚЫНДАТАР САНАНЫ…

Шымкент «қалалық бірыңғай ақпарат орталығының жетекшісі» Әйгерім Жұмағұлова (лауазымы да көп екен!) мен қала әкімдігінің ресми сайтындағы мәтіндер екі бөлек бола бастады. Бұған қуанамыз ба, әлде?!.
Салыстырып көрейік!
1) Әйгерім: «метеорологтар 26-29 аралығында үскірік Шымқалаға қарай ойысатынын ескертеді».
Әкімдіктің порталы: «Синоптиктердің мәліметі бойынша, 26-29 қаңтар күндері өңірімізде сынап бағанасы -18-20 градусқа дейін төмендейді».
2) Әйгерім: «Қала басшылығы аязға дайындық жұмыстарын бастап кетті».
Әкімдіктің порталы: «қалалық әкімдік қазіргі таңда аязға дайындық жұмыстарын пысықтауда».
3) Әйгерім: «Барлық қызметтерге ауа-райының күрт қиындайтыны жөнінде хабарлама таратылды».
Әкімдіктің порталы: «Барлық шұғыл қызметке ауа райының күрт суытатыны жөнінде хабарлама таратылды».
4) Әйгерім: «Төтенше жағдай қызметі күшейтілген күн тәртібіне көшті».
Әкімдіктің порталы: «Төтенше жағдай қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті».
5) «Шымкенттің жылы ауа-райы туралы әлеуметтік желіде әзілдер» туралы Әйгерім тілге тиек етсе де, әкімдіктің порталы ештеңе айтпай құтылды. Содан оның қандай әзілдер екені, қалалық әкімдіктің «ресми өкілі» неге дұрыс әңгіменің орнына белгісіз бір «әзілдерді» есіне алғаны белгісіз болып қалды.
Енді қараңыздар! Шымкент «қалалық бірыңғай ақпарат орталығының жетекшісі» Әйгерім Жұмағұлова: «Осыған байланысты қалалық әкімдік үскірік аяз орын алатын болса, шымкенттіктер бір-біріне жылулық танытып, көшеде тоңып тұрған егде жастағы азаматтар мен балалардың, жалпы қала тұрғындарының жанынан елеусіз өтпейтініне сенім білдіреді», – деп отыр. Сонда қалай, біз, өздері айтпақшы, «үшінші мегаполисте» емес, адам жаурап, қатып қалатындай көлік атаулы сирек жүретін Бетпақдалада өмір сүріп отырмыз ба? Қоғамдық көліктердің жұмысын реттеп, оның жүру тәртібін нықтап қойса, Шымкенттің салқынына жаурап үлгеруге бола ма? Неге сол Әйгерім ресми сайттағы: ««3 – Энерго орталық» АҚ мен «Қуат жылу орталығы – 3» мекемелерінің мамандары да күшейтілген жұмыс кестесіне ауысқан. Қалада газ және көмірден қызу алатын бес дербес қазандық істеп тұр. Бұған қоса жылу өндіретін орталықта қазіргі таңда 2 энергетикалық қазандық пен екі турбина жұмыс істеуде дейді мамандар. «Қуат жылу орталығы – 3» мекемесі мамандарының мәліметінше, шаһарда қазіргі таңда 8 бригада жасақталған. Олар шұғыл шақыртуларға дайын. Бұған қоса қалада 4 диспетчерлік қызмет пен шаһардың бас диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді» деген сияқты мәліметтерді таратпайды? Және Әйгерімнің: «Қала басшылығы аязға дайындық жұмыстарын бастап кетті» дегенін қалай түсінуге болады? Енді бастап жүр ме? Айналайын-ау, қыстың жартысы өтіп кетті ғой! Қыс мезгілінің қаһарлы болатынын, оның қары мен аязы болатынын қала әкімдігінде айтатын адам болмағаны ма? Әлде бұрын-соңды қыс көрмедіңдер ме? Қысқа дайындықты бұрындары жазда да емес, ерте көктемде бастамаушы ма еді?!.
Масқара!..
PS. Бір хабарламасында Әйгерім: «Шымкентте биыл 100 жол жөнделеді» (? – Ә.Ә.), – депті. Жүз жолға қосып, бір баспасөз хатшысы да «жөнделіп» кетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ә.Ә.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*