1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы жаңа ғимаратқа ие болды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап өтуіміз қажет, 65 жылдық тарихы бар кітапхана бұған дейін Шымкент қаласынан Түркістанға көшірілгенімен, ұзақ уақыт бойы арнайы ғимаратының болмауына байланысты, оның бірегей кітап қоры «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасында сақтаулы тұратын.
Балаларға арналған рухани-мәдени орталықтың өз ғимаратына ие болу керектігі мәселесі алғаш мәрте «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің мінберінен көтерілді. Кеңес жетекшісі, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының төрағасы Қалыйма Жантөреева Түкістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде, осы мәселе жайлы Парламент Мәжілісіне, Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жолдап, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында облыстық балалар кітапханасының құрылысын республикалық бюджет есебінен жүргізуге ұсынысын білдірді.

Кітапхананың талай буын жасқа тағылымды тәрбие беріп, кітапқа құштар ұрпақ қалыптастырудағы айрықша рөлі баяндалған облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөрееваның сауалы Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына да жолданып, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген кітапхананың мәртебесіне сай арнайы ғимаратпен қамтамасыз етілуі мәселесін қарастыруды ұсынды. Депутат қозғау салған бұл бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, балалар кітапханасының қажеті үшін арнайы ғимарат сатып алуға 500 млн. теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады. Түркістан облыстық мәслихатының сессиясында аталған ұсыныс депутаттар тарапынан толық қолдауға ие болды.
Жаңа ғимараттың балалар игілігіне берілуі Мемлекет басшысының биылғы 16 мамырда қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен тұспа-тұс келді. Осылайша Түркістан облысы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда маңызды қадам жасады.
Шежірелі тарихы бар облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимаратының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, оқырмандар мен қала тұрғындары қатысты.
Облыс басшысы бүгінгі қуанышты сәттің мәні де, салмағы да өте рекше екенін айтты. Киелі шаңырақтың 65 жылдығымен құттықтап, кітапхананың жаңа ғимаратқа қоныстануы өңір руханияты үшін үлкен тарихи оқиға деп бағалап, балаларға жасалған керемет мерекелік тарту деп байыптады.

«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интелектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі»- деп, кітапхана саласының қоғам өміріндегі маңызын айшықтап берген болатын. Әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, дұрыс бағытта тәрбиелеу – болашаққа жасалған маңызды инвестиция болып табылады. Бүгінгі іс-шара – осы бағыттағы жұмыстардың алғышарты ретінде жүзеге асуда. Осыдан біраз уақыт бұрын бұл кітапхананың ескі ғимаратының жай-күйін көріп, оны заман талабына сай жаңартып, балалар үшін заманауи интеллектуалды орталыққа айналдыру туралы арнайы бастама көтерген едім. Осы идеяны бір ауыздан қолдап, балаларымызға осындай ғажайып білім ордасын сыйлауға мүмкіндік туғызған облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді Нұралхан Оралбайұлы.

«- Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының өз ғимараты болуы – бұл ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық руханиятқа және балалардың сапалы білім алу құқығына тікелей қатысты стратегиялық мәселе. Кітапхана талай буын жасты кітаппен тәрбиелеп, олардың ой-өрісін кеңейткен, рухани бағыт берген киелі орын. Сондықтан оның жағдайы уақытша шешімдермен шектелмеуі тиіс еді. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесінің алаңында алғаш рет көтеріліп, кейін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші форумында арнайы көтердім. Соның нәтижесінде бұл бастама қолдау тауып, облыс басшылығы тарапынан нақты шешім қабылдануына негіз болды. Түркістан облысы әкімдігі мен мәслихат депутаттарының бірлескен қолдауының арқасында қаржыландыру мәселесі шешіліп, балалар кітапханасына жаңа ғимарат алу мүмкіндігі жасалды. Ең бастысы, бұл шешім – балалардың кітап оқуға, рухани дамуға және шығармашылық қабілетін арттыруға арналған заманауи ортаның қалыптасуына жол ашты. Бүгінгі жаңа ғимарат – кітапқа құштар ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған үлкен сенім мен жауапкершіліктің символы. Сондықтан бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңірдегі барлық мәдени-рухани нысандарды дамытуға серпін береді деп сенеміз», — деді Қалыйма Жантөреева.
Іс-шара аясында кітапхананың 65 жылдық мерейтойына арналған арнайы көрмелер, кітапхана тарихын таныстыратын экспозициялар және ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жаңа ғимаратта оқырмандарға арналған заманауи оқу залдары, шығармашылық және зияткерлік алаңдар, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін арнайы кеңістіктер түзілген.

Атап өтуіміз қажет, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «АMANAT» партиясы биыл алғаш мәрте «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасын іске асырды. Әдебиет пен руханият саласын қолдауда партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2025 жылдары республикамызда 150 мәдени нысан салынды және 755 нысан күрделі жөндеуден өтті. Түркістан облысында осы кезең ішінде 87 жаңа мектеп салынды, олардың барлығында заман талабына сай кітапхана бөлмелері жабдықталды. «Кітап-AMANAT» жобасымен ел аумағындағы партия филиалдары жанында 24 кітап орталығы жұмыс істесе, оның 3 орталығы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Түлкібас аудандарында ашылып, халыққа белсенді қызмет көрсетуде.
© Didarbek.kz