Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында «Әйел – әйелге тірек» атты іс-шара өтті.

Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған жиынның негізгі мақсаты – әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Іс-шараға Полиция департаментінің, аудан әкімдіктерінің, Отбасын қолдау орталығының өкілдері, Гендерлік комиссия мүшелері мен қала жастары қатысты. Кездесу барысында әйелдердің қоғамдағы орны, отбасындағы қауіпсіздік, құқықтық сауаттылық және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қозғалды.

Бағдарлама мазмұнды қойылымдармен басталды. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттері «Алты тағдыр» атты театрландырылған көрініс ұсынып, әйел өміріндегі түрлі жағдайлар мен тағдырлар арқылы маңызды әлеуметтік мәселені көрермен назарына жеткізді. Ал, Саз колледжінің студенттері еркіндік, бірлік пен әйел күшін дәріптейтін «Еркіндік биі» қойылымын орындады.

Басқосуда «Әйел құқығы – қоғам құндылығы» тақырыбында арнайы пікір алмасу ұйымдастырылды. Оған полиция қызметкері, дәрігер, психолог, кәсіпкер және қоғам белсендісі қатысып, әр сала тұрғысынан әйелдердің құқықтары мен қауіпсіздігі, психологиялық қолдау көрсету, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек беру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары туралы ойларын ортаға салды.

«Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова әйелдердің құқықтарын қорғау бағытындағы қоғамдық жұмыстың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы мәселелерді шешу үшін құқықтық тетіктерді жетілдірумен қатар, қоғамның белсенділігі мен өзара қолдауы да қажет.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесімен де көп жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде заңнамаға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Бұрын зорлық-зомбылық көрген әйел балаларын алып, үйінен кетуге мәжбүр болса, қазір заң аясында агрессорды оқшаулау тетіктері қарастырылған. Бұл – әйел мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Дегенмен, мәселені тек заңмен шешу жеткіліксіз. Әрбір әйел өз құқығын білуі, ал, қоғам зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауы керек. Қоғамдық жұмыстың басты міндеті де – көпшіліктің үнін тиісті орындарға жеткізіп, нақты өзгерістерге ықпал ету, — деді Баян Айтбекқызы.

Іс-шара барысында Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері сахналық қойылым ұсынып, қауіпсіздік пен құқық қорғау қызметінің маңызын көрсетті. Сондай-ақ, «Бірге біз күштіміз!» атты музыкалық композиция орындалып, қатысушылардың басын қосқан флешмоб ұйымдастырылды.

Жалпы, «Әйел – әйелге тірек» атты кездесу тек ақпарат алмасу алаңы ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселеге ортақ назар аударуға бағытталған тағылымды басқосу болды. Өйткені, әйелдің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – бір ғана мекеменің немесе белгілі бір топтың міндеті емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Бір-біріне қолдау білдіріп, қиындыққа тап болған жанға дер кезінде көмек көрсету арқылы ғана зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға болады.

 

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті»

 

Пікір жазу