
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Өңірлік жедел штабтың бірлескен отырысы өтті.

Жиынға жергілікті өкілді органдардың, құқық қорғау және арнайы органдардың, әскери басқару органдарының басшылары, сондай-ақ, аудан әкімдері мен қалалық басқармалардың жетекшілері қатысты.

Отырыс барысында тұрғындарға баспана бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі әкімшілік кедергілерді жою, сондай-ақ, қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, қалалық тұрғын үй басқармасының, «Отбасы банк» АҚ қалалық филиалының және Кәсіпкерлер палатасы басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылар атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы ақпарат берді. Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері назарға алынды. Тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі