Бұл бейбақ бетін бүркемелеп, маска киіп алғанына мың жыл болды. Қалың жұрт елге масыл Мыстанды жақсы адам екен деп қалатыны сондықтан. Жақсы деу өте қиын екені былай тұрсын, мүлдем адам емес екенін сезбейтіндер де бар. Оны көргенсіз дөрекі мінезінен безгендер «хам-апа» деп те атап жүр. Сонымен не керек, осы «хам-апа» тәуір адамдардың жиынына кездейсоқ барып қалыпты. Ескі әдеті бойынша сөзді ешкім бермесе де, сұрап тартып алып, мыжыма әңгімесін бастай жөнеліпті:
– Менімен бір дастархан басында отыруға жиіркенетіндер көп екенін білемін. Және зейнеткерлікке шығаруға құштар болдыңдар. Зейнеткерлікке кетсем де, қиянат жасаудан қолым тимей жүр. Қазір де біраз тұлғалардың топалаңы мен тас-талқанын шығаруға асығып кетіп бара жатырмын. Енді табытқа тыққандарыңша, кесірімді тигізгенім – тигізген: менен құтыла алмайсыңдар! – деп терезеден қарғып ұшып кетті.
Бұндайлардан Алла сақтасын деп жағамызды ұстадық…
Ә.Ә.