Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ АНАСЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ АНАСЫНЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

2004 жыл. Күндізгі 13.00-дегі жаңалыққа сюжетімді жасап шықсам, ұялы телефоныма бір нөмір қайта-қайта қоңырау шалыпты. Енді компьютердің алдына отыра бергенім сол еді, тағы да жаңағы бөтен нөмір звондады.

– Тыңдап тұрмын!

– Сәлеметсіз бе, Бибігүл қарындасым? Мұстафа Өзтүрікті білетін боларсыз?

– Әрине, аға.

– Мен сол кісінің шәкірті Исатай Қабековпін. Сізбен қалай кездесуге болады? Мұстафа ұстазымның анасы Рәзия апай туралы сөйлесейін деп едім. Телефоннан айта алмаймын, – деді.

Кешкілік «КТК» телеарнасында кездесетін болдық. Ол кісі келемін дегенше әбден мазам қашты. «Не айтқысы келді екен? Телефоннан айта алмайтындай соншама не болып қалды?» – деген сұрақтар кешкі беске дейін миымды жеп болды. Минутты минутқа, сағатты сағатқа ұрдым. Есіме мектеп кезімдегі мына бір оқиға түсті.

Менің әкем «Мұстафа Өзтүрік» десе, ішер асын жерге қоятын. Теледидардан оқта-текте көріп қалғанында: «Әп, бәрекелді! Нағыз азамат!» – деп, құдды бір айтысқа түсетіндей, жатқан жерінен желпініп, атып тұратын. Онысына кішкентай інілерім шиқылдап күледі. Біз де үйде әкемізге білдіртпей, мысқылдап аламыз. Ал анам: «Осының арқасы бар өзі» – деп жұмысын жасап жүретін.

Бір күні сабақтан келсем, әкем сәкінің үстінде басын жерден алмай ұнжырғасы түсіп отыр екен. Бір сұмдықты ішім сезгендей:

– Папа, не болды? – дедім. Жерден басын көтермеген сол қалпы:

– Жәй, әншейін, – деп жауап берді.

Дауысынан өксікті байқап қалғандай болдым. Үйге кірсем, мамам жүр жылап.

– Не болып қалды? Айтыңыздаршы?! – дедім.

– Әкең жақсы көретін Мұстафа Өзтүрікті біреулер «улап» өлтіріпті…

Әрі қарай естігім де келмеді, төргі бөлмеге кірдім де, сөмкемді лақтырып жіберіп, өкіріп жыладым. Көз алдымнан қазақ елін әлемге мәшҺүр еткен көзі күлімдеген, жүзінен жылылық есіп тұратын, таэквондошы Мұстафа Өзтүрік кетер емес. Бұл 1995 жылдың наурыз айы болатын…

Қазағымның маңдайына сыймай кеткен асыл азаматтың анасының үйіне Исатай ағамен бірге түсіру тобы келе жатырмыз. Сайын көшесі мен Жұбанов қиылысындағы Хрущевтың сары үйлеріне де жеттік. Аң-таңмын. Подъезге кіргеннен күлімсі иіс қолқаны қабады. Рәзия ана бірінші қабатта тұрады екен. Есікті жасы қырықтардан асқан әйел ашты.

– Апа, Бибігүл қызыңызды әкелдім, қабыл алыңыз, – деді Исатай аға әзіл-шыны аралас. Арғы бөлмеден шүйкімдей ғана ақ жаулықты әжей шықты. Аяғымды шешіп жатқан мені құшақтап, бетімді шөпілдетіп сүйе бастады:

– Мені де іздейтін адам бар екен-ау, – деп кемсеңдеп жылай жөнелді. Алпамсадай, нар тұлғалы азаматты осы бір ана дүниеге әкелді дегенге ешкім сенбейтіндей.

– Қызым, алдымен шай ішіп алайық, – деді әжей. Дастарханда мен көрмеген тәттілер самсап тұр.

– Түркиядан кеше қызым келді. Мыналардың барлығын сол әкелген еді, – деді Рәзия әжей. Мана есікті ашқан апай шай құйып отырып:

– Мен Феруха боламын, – деді жымиып.

– Мә, қызым, же. Менің қолымнан ас ішсең, сен де Мұстафам сияқты халқыңның азаматы боларсың, – деп жұмсақ бөлішкелерді аузыма салды.

Шай ішіп болдық-ау дегенде, жанымда отырған оператор Сергей Косманевқа «түсіре бер» деп ымдадым. Рәзия әжей іштегі шерін тарқата бастады:

– Қызым, мені осында Нұрсұлтан балам шақырды. Мұстафамнан қалған тұяғым шешесімен бірге Германияда тұрып жатыр. Ал мен қартайдым. Елге келу баяғыдан арманым еді. Кезінде Мұстафам: «Апа, Алла бұйыртса, елге де баратын уақыт келіп қалды. Сәл шыдаңыз», – деп жүріп, өзі де, әне, ана жаққа кетіп қалды, уһ… – деді де, ақ жаулығымен көзінен аққан жастарын сүртті. – Қызым-ау, қайсыбірін айтайын, мына жүректен дым қалмады. Құсалықтан өліп қала жаздайын деп жүрмін. Мұстафамды алғанша, неге мені алмады? Не жазып еді осыншама менің ақжарқын балам? Ешкімге зияны болмады ғой.

Апа жылаған сайын, менің де бет-аузымды көз жасым жуып кеткен еді.

Ішім шерменде… Кезінде қасында жүрген достары неге мені іздемейді? Олар біледі ғой менің осында екенімді. Сегіз айдай болыпты келгеніме.

– Апатай, Құдай қаласа, осы бағдарламадан кейін барлығы келеді, – деймін мен басу айтып.

– Ендеше қызым, менің мына сөздерімді жеткіз анау достарына! – деді де барынша бұрылып камераға қарап, екі қолын сермей жөнелді. – Иманғали-ау, менің Мұстафамды ұмыттың ғой. Қайдасың сен?! Неге іздемейсің мына анаңды? Талғатжан-ау, сен қайдасың, менің қолымнан талай рет дәм таттың ғой, сен мені неге іздемейсің?! Үшеулерің бір үйдің балаларындай бірге ойнап-күліп жүрдіңдер емес пе?!

Сай-сүйегім сырқырап, Рәзия апаймен қоса жылаған мен барлығын түсіріп болғаннан кейін, қоштасып енді шыға бергенімде:

– Қызым, тоқтай тұр. Өзіңнің ажарыңнан нұрың төгіліп тұр екен. Мынаны тағып жүрші әрдайым. Көз тимесін, – деді де, омырауыма түріктердің түйреуішін тақты.

– Рахмет, апатайым менің! – дедім құшақтап. Әрең қоштастық.

Бастығымыз мен жасаған сюжетті көріп:

– Ораз, мына материалды жаңалықтарға қоймай, бірден Шарайнаға шығарыңдар. Осы аптаға! – деді.

Сол аптаның соңында «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасынан Мұстафаның анасының жанайқайын көрсеттік. Ертесіне Исатай аға хабарласып:

– Қарындасым, ерледің! Рәзия апаң екеумізді Имекең қабылдауына шақырып жатыр. Үш бөлмелі пәтер бермекші!

– Урааааааа!

Қатты қуанғанымда осы сөзді айтатынмын. Сол жылы Алматы қаласының әкімі болып жаңадан Иманғали Тасмағамбетов тағайындалған еді.

«Жарайсыз, Иманғали аға! Ерледіңіз!» – дедім мен де іштей сүйсініп.

Үш айдан соң аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған Мұстафа Өзтүріктің анасының қоныс тойын тойладық. Баласы Нәзірбек те Германиядан әжесі Рәзия апайдың қуанышын бөлісуге келді. Бұл жаңалығымызды көрермендерге дүркін-дүркін «Күндерек», «Қоғамдық қабылдау», «Шарайна » бағдарламаларынан көрсеттік. «Ана тілі» газетінің тілшісі Нұрлыбек аға да бұл қуанышты біздермен бөлісуді ұмытпады.

Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу