Сұрапыл соғыстың оты өшіп, Ұлы Жеңістің туы желбірегеніне, міне, 75 жыл толды. Бүгінгі ұрпақ үшін ол дүбірлі мереке болғанымен, бұл жеңістің өтеуі тым ауыр болғанын ұмытпауымыз керек. Миллиондаған майдангер фашистік Германиямен соғыста Отан үшін, бейбіт болашақ үшін жан беріп, жан алысты.
Қан майданда от кешіп, мұз жастанған жауынгерлермен бірге тылдағы халық та күндіз-түні ауыр еңбектің азабын тартты. «Екінші майдан» атанған тылдағы еңбектің есебі алғы шептегі ерліктен кем түспей, өтеуі жеңіспен қайтты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда да еңбек етіп, майданда да ерлік көрсеткен ардагерлеріміз аз емес. Солардың бірі – Қолатай Мыңқожаұлы.
1897 жылы сол кездегі Шымкент облысы, Алғабас ауданы, Шалдар ауылында туған Қолатай қария екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 44 жаста болатын. «Бұл кезде ол совхоз шаруашылығында еңбек етіп жүрген екен», – дейді ардагердің ұлы Жарас Қолатайұлы.
– Әкем 20-жылдары колхоздастыру жұмысына араласып, еңбегі еленген соң совхоздың фермасын басқарады. Соғыс басталғанда 18-30 жастағы жігіттер алдыңғы лекпен майданға аттанғаны белгілі. Әкем сияқты орта жастағы кісілер алдымен тыл тіршілігі ақсап қалмас үшін, елде қалып, еңбек етеді, – дейді ардагердің ортаншы ұлы.
Дегенмен, соғысқа тағы тың күш қажет болғанда 46 жастағы Қолатай Мыңқожаұлы да жұбайы мен тұңғыш қызын соңында қалдырып, 1943 жылдың 10 қазан күні майданға аттанады. Сол жылдың қысында Беларусь шебіндегі жағдай қиын болатын. Бірер ай дайындықтан соң Қолатай-жауынгер Беларусь майданындағы 45-гвардия, артиллерия полкының құрамында алғы шепке түседі.
Минометшілер ротасында жаумен айқасқан жерлесіміз қылшылдаған жастармен қатар майдан даласында ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Сондай бір ұрыс қызған қыстың аязды күндерінде ефрейтор Қолатай фашистің 6 бірдей ДОТ-ының күлін көкке ұшырған. Ал ДОТ – негізінен таспен қаланып, жан-жағы нық бекітілген, ішінде онға жуық адам ұзақ уақыт ұрыс жүргізуге арналған қарулы нүкте. Әдетте шабуылға шыққандардың жолын бөгеп, ұзақ уақыт бас көтертпейтін ДОТ соғыс кезінде Қызыл армия жауынгерлеріне жақсы таныс болатын. Сондықтан, майданда әсіресе ДОТ-тардың көзін жойған сарбаздардың ерлігі ерекше еленетін болған.
– Әкемнің айтуынша, ол кезде майдан шебі Калининград түбінде болатын. Күннен күнге шегініп бара жатқан жау өліспей беріспеуде. Жолындағы әр қыратты бекініске айналдырып алған. Бір күні Домелькайм деген елдімекенді фашистерден азат ету керек болады. Деревняға мықтап бекінген немістер біздің шабуылға барынша тойтарыс беруде. Әдеттегідей, алдымен ауыр артиллерия біраз төпеп алып, соңынан жаяу әскер аттанады. Алайда, тас-қамалға жасырынған жау оқ боратып, біздің жауынгерлерге бас көтертпепті. Содан командирлер минометшілерді аттандырады. Жауып тұрған оқтың астымен алғы шепке шыққандардың арасында әкеміз де бар екен. Содан қаруластарымен бірге шалт қимылдап, өзінің минометімен 6 ДОТ-тың тас-талқанын шығарады. Дәл көздеп, жасырын оқ боратып жатқан фашистердің желкесін қиған. Сол батылдығы үшін ұрыс аяқталғанда полк басшыларынан мадақтау естіген, — дейді Жарас ақсақал.
Жауынгерлердің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Жеңіс қуанышы жарияланып, кескілескен шайқастарда көзге түскендер әскери марапаттарға ілінеді. Сөйтіп 1945 жылдың 10 маусымы күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президуымының бұйрығымен Қолатай Мыңқожаұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Бұл марапат гвардия ефрейторына майдан даласында жетті. Соғыстың соңына дейін қатысып, фашистік Германияны ойсырата ұтқан совет армиясының жауынгері Қолатай бұл кезде Жапон жерінде болатын. Алып материктің екінші басындағы майданға жіберілген жерлесіміз ол соғыста да аянып қалмады. 1945 жылдың күзінде жеңіспен елге оралған соғыс Қолатай Мыңқожаұлының кеудесіне «Жапонияны жеңгені үшін» медалі тағылды.
Соғыс ардагері елге оралған соң майданға дейінгі кәсібін жалғастырады. Ферма басқарып, ұзақ жылдар шаруашылық тіршілігіне үлесін қосқан. Жұбайы екеуі 12 ұл-қыз сүйеді. Балаларын тәрбиелеп, ел қатарына қосқан ақсақал абыроймен зейнетке шығады. 1985 жылы 88 жасында дүние салған қарт жауынгердің ұл-қызынан тараған 21 немересі мен 62 шөбересі, 17 шөпшегі батыр аталарының ерлігін қастер тұтып келеді.
Н.Бектаев, «Шымкент келбеті» газеті