ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын мемлекеттік комиссия құру жөніндегі бастамасы дер кезінде қолға алынған іс.
Шындығын айтқанда сталиндік қызыл террордың зардабын қазақ халқы ғана тартқан жоқ. Тарихтың қатпарлы беттеріне көз жүгіртсек өткен ғасырдың жиырмасыншы – елуінші жылдарында КСРО аумағында тұрған миллиондаған адамдар қуғынға ұшырады. Президенттің бастамасы сәтті жүзеге асып, тарихи шындықтың беті толық ашылған кезде тағдыр тоғыстырған көпэтносты Қазақстан халқы өткеніне қарап бүгінгі ырысты ынтымағының қадірін тереңірек ұғына түседі деп ойлаймын.
Тарихи деректерге сүйенсек, сталиндік депортация жылдарында 3 миллионнан астам адам туған жерінен, елінен күштеп көшіріліп, мүлде жат аймақтарға қоныстандырылған. Қазақ жеріне сол уақытта КСРО-да тұрып жатқан немістердің 38 пайызы, шешен мен ингуштардың 83 пайызы, кәрістердің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен әкелінген. Олардың жалпы саны кем дегенде 1 миллион 200 мыңды құрайтын-ды.
Депортацияланған барлық ұлттарға тағылған негізгі айып – «сенімсіз халықтар» деп тану. Яғни соғыс жылдары фашистерден азат етілген аймақтардағы тұрғылықты халыққа осындай негізсіз айыптар тағылып, тұтас ұлттар күдікке ілінген.
Күштеп қоныс аударылғандар туған жерінен мал-мүліктерін де, киім-кешектері мен ас-ауқатын да ала алмаған. Жүк таситын вагондарға тиеліп, Қазақстанға келгенде босап қалған мешіттер, мал қоралар мен жертөлелерге орналастырылған, тіпті мыңдаған адам ашық аспанның астында, жапан далада қалған.
Міне, сондай жағдайда қазақ халқы өзі аса қиын жағдайда жартылай аштық хәлінде отырса да тағдыр тәлкегімен ұшыраған өзге ұлттарға қолынан келген бар жақсылығын жасады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес құрылатын мемлекеттік комиссияның жұмысы жалпылама айтылып жүрген осы деректерді нақты құжаттармен дәлелдеп, ғылыми негіздеп беруімен құнды болмақ.
ХХ ғасыр отарлаушылар салған лаңға бүгінгі Тәуелсіздік биігінен, ұлттық ұстаным тұрғысынан әділ баға берілсе, бұл – мемлекеттілігімізді нығайта түсетін қадам болмақ.
© Айдар ҚҰЛЖАНОВ