Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » Айтыстан кейінгі «айтыс»

Айтыстан кейінгі «айтыс»

Түркі әлемінің астанасы, кеше ғана алты алашқа сауын айтып, жиырмадан астам мемлекеттің басын қосып Наурыз және қала құрметіне дүбірлі той жасаған Түркістанда халықаралық айтыс өтті.

Түркістан ежелден рухани астана болып есептеледі. Бұл жолы айтыс қазақ халқының кемеңгер ұлдарының бірі, алаш тағдыры тезге түскенде жанын шүберекке түйіп ел іргесінің сөгілмеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ сарайында өткен екі күндік айтысқа еліміздегі мықты ақындардан бөлек, көрші Қырғызстаннан азаннан салсаң кешке дейін ауызын жаппай түйдек-түйдек сүбелі жыр ақтаратын қос мықты келіпті. Бірінші күнгі қидаласқан айқастан соң ақтық кездесуге ал­ты жұп өтті. Бұлар да сүзгіден өтіп, ең жоғары ұпай жинаған төр­теу ең мықтыны анықтау үшін тағыда үкілі домбырасын қол­­ға алды.

Үш кезеңде де шашасына шаң жұқтырмаған қостанайлық Айбек Қалиев бас бәйгеге ті­гіл­ген алтын көмбе − 3 миллион теңгені жеңіп алды. Онымен үзеңгі қағыстырып, бір ұпай ғана жоғалтқан оңтүстікқазақстандық Жар­қынбек Наушабаев бірінші оры­нды иеленді. Екі екінші орын­ға айтыса отырып ретіне қа­рай түрлі ән әуезіне салып, жұ­р­т­шылықты желпіндіріп отыратын оңтүстіктің оғланы Нұрлан Есенқұлов пен Қырғызстандағы «Айтыс» орталығының басшысы, көмейінен лағыл маржан тө­гілетін Асылбек Маратов ие бол­ды.

Елімізге белгілі қаламгер Кө­пен Әмірбек жүргізген екі күндік ала­ман айтыс дау-шарсыз өтті дес­ек, шындыққа жанаспас еді.

Бірінші күні Жарқынбек Нау­­ша­беков пен Сара Тоқ­та­мы­сова айт­ысқанда, қазылар алқасына сын айтқан азаматтар болды. Екеуі де ешкімнен сау­ғаға сөз сұра­май­тын мықты ақын­дар. Әзіл-қал­жын­ға да әй­дік ұста. Сырт көзге ең жо­ға­ры ұпайға лайық кө­рін­ге­ні­мен, әзілге оң иығын бе­ріп тұ­­ра­тын Сара айтыстағы ар­қау тақырыпты кеңінен ашуда Жар­қынбектен сәл кемшін түс­ті. Қазылар алқасының бір мү­шесі Татьяна Бурмистроваға Сар­а­ның Жарқынбектің жеке басын арты­ғы­рақ мінегені ұнаған жоқ. Сара – бас жүлдеге лайық ақын. Бірақ, қа­зіргі айтыс өнерінің ақтаңгері Бекарыс Шойбеков қарындасына жол бергенімен, әзілдің шоғын көбірек қағыстырып кеткен Сара не­гізгі тақырыпты жалаңдау шо­л­ып, тағы да несібесінен қа­ғыл­ды.

Айбек – ойлы ақын. Бұқара­ның бойындағы ащы шындықты ай­тамын деп шенділерге жақпай қа­лып жүретін, дауылпаз ақын сәл мүлт кетсең, қиып түседі.

Айтыс басталғаннан жоғары ұпай жинап келе жатқан Нұрлан Есенқұловты екі мәрте сөзінен оңдырмай ұстаған Қалиев барлық айтысында бойына қылау ж­ұ­қ­тыр­ғ­ан жоқ. Кейбіреулердей әр қиырға алып қашып, арзан сөзге мал­данбайтындығын танытты. Түркістан төрінде өткен ха­лықаралық айтыстың ең үлкен ол­жасы – қалыпты айтысқа реформа жасалғандығы.

ТҮРКСОЙ-дың өкілі, қазы­лар алқасының мүшесі Асқар Тұр­ғанбаев қазылар алқасының жұп­тауымен емес, жеребе тартып айтысуға бастама көтерді. Яғни, ақындар айтысар алдында ғана жеребе тартады. Сонда алдын ала дайындалған «заготовка» жайына қалып, нағыз айтысқа орын берілмек.

Бұл көрші Қырғызстанда бұрыннан бар тәжірибе екен. Қа­зылар алқасының мүшесі, Қыр­ғызстандағы республикалық «Ай­тыс» қауымдастығының тө­ра­ғасы Рысбай Исақовты әң­гі­ме­ге ­тартқанымызда, осы жайтты тол­ы­ғырақ айтып берді.

«Айтыс» орталығына әр ай­дың он күнінде айтыс ақын­да­ры жи­налады екен. Олар­ға кез кел­ген тақырып ұсынылады. Мә­се­­лен, қасық немесе сыпырғы. Осы­­дан бір сәт ауытқымай жыр тө­­гуі­ң керек. Жеребе де айтыс ал­­дында тартылады. Тақырып та сол мезгілде айтылатын тә­жі­ри­бе­лері бар.

Асқар Тұрғанбаевтың бастамасын ақындарымыз бірден құптай қойған жоқ. Бұрынғы жұптаудың көбесі сөгіліп, айтыс алдында болмаса да жеребе тартылды. Соның өзі айтысқа айтарлықтай қанат бітірді. Біздің ақын­дардың осалы жоқ қой. На­ғыз айтысқа көрермендер де өте разы болды. Тосылып қал­ған ешкім жоқ, көңілдегі күдік сей­ілді. Енді жеребені айтыс ал­дын­да суырсаң да нағыз айтыс ақы­нының байпаңдап қалмасына көз жеткіздік.

Айтыс өнеріне тазалық керек. Күллі түрік қауымының рухани астанасы, алты алаш үшін ең ардақты мекен Түркістанда осын­­­дай тәуекел жасалды. Дай­­­ын­­дық­сыз ай­­тысу – бұ­­ры­н­нан қазақ ақын­да­­рына тән қасиет. Бұ­рынғыны ай­т­пағанда, осы Оң­түс­тіктің ақ­бе­ре­ндері Көпбай ата, Тәу­шен апа­ларымыз алдын ала дай­ында­лу дегенді ойларына алмай өтіп­­ті. Жақсы дәстүрдің тамырына бал­­та сілтеген басқа-басқа емес, өзі­міз. Енді нағыз айтысқа жол аша­тын алғашқы қадам жасалды. Түр­кістандағы халықаралық айтыс ұлы өнеріміздің қайта өрлеуінің ба­сы болмақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан» (ықшамдалып алынды)ай

Толығырақ: https://egemen.kz/article/aytystan-keyingi-aytys

Пікір жазу