Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » РУХАНИЯТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЗЫҒЫ

РУХАНИЯТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЗЫҒЫ

Әділдік. Адалдық. Мейірімділік. Мен неге әділдіктен бастадым. Себебі, дана халқымыз айтқандай, «Әділ істің арты – игі». Адам баласы ар, ұят, әділдікке берік болса, сонда ғана көрген күніміз бен көрер күніміздің жарқын болары сөзсіз. Ұлы даланың дара ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма» деп өсиет қалдырған.

Ал, адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет екенін білеміз. Сондықтан да әділдік пен адалдық үнемі қатар жүруі тиіс. Осы жерде көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген қанатты сөзі еске түседі. Әділдік те, адалдық та адамның сана-сезімі мен ар-ожданына қайшы келмейтін әрекеттер. Еңсеміз тік болу үшін де адами қарым-қатынастағы адалдық пен қоршаған ортадағы, өмірдегі әділдіктің орны мен маңыздылығын ұмытпауымыз керек.

Сондай-ақ, мейірімділікке келсек, мейірімділік – ізгіліктің жолы, ұлт руханиятының төрінде болуы қажет. Адамның бір-біріне деген мейірімі арқылы өмір қалыптасады. Жаңадан туылған сәбиге ана өз мейірімін төгеді. «Айналайын» деген сөздің өзінде қандай мейірім жатыр. Бұл қасиетті әркім әрқалай түсінері анық. Дегенмен, бұл қасиет қазіргі таңда жоғалып бара жатыр ма деп қорқамын. Қарттар үйінде ата-әжелеріміз… Оларды өз құрсағынан шыққан балалары емес пе апарып жатқан? Баласын туа сала әжетханаға тастаған көкек аналар… Мұрагерлікке таласқан бауырлар… Ешқашан жетімін жылатпаған қазақ елі, жетімін шырылдатып балалар үйіне апарып жатқанына да міне, қаншама жылдар боп қалды. Осы жағдайлар  менің жүрегімді ауыртады.

Әрбір ұлттық мәдениет өзінің дамуында руханият дүниесіне сүйенеді. Жоғарыда айтылған үш қасиет те ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық мәдениеттің қалыптасуы үшін керек дүниелер. Ал, «Ұлт руханиятының» құндылығын жоғалтпауымыз үшін не істей аламыз? Ол үшін ұлтымыздың алтын қазығы, тәрбие көзі – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттап, керек болса, заңдастыруымыз қажет. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра боп қалған дәстүрлерімізді ескіліктің сарқыншағы деместен, өзіміз берік ұстасақ, келер ұрпақты да адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа, еңбекқорлық пен тәртіпке тәрбиелейміз. Сондықтан да болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне көңіл бөліп, жол көрсетуіміз қажет. «Мектеп – білім бұлағы» дегендей, мектептердегі пәндерге қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, өскелең ұрпақтың ерте жастан темекіге, ішімдікке әуес болуы – қазіргі таңдағы бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуімізде емес пе? Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана сөз бар. Сол үшін де «Руханият» пәнінің енгізілуін ұсынар едім. Балалардың санасына «Руханият» пәні арқылы ұлттық таным-түсінікті сіңіріп, рухани әлеміне қозғау салып, бүгінгі таңда кездесіп жатқан бала тәрбиесіндегі көптеген кемшін тұстардан арылуымыз керек.

Осы жерде салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды өзіміз қаншалықты ұстанамыз деген ой да келеді? Шамаға қарамай,  мақтан қуғыш, жалған  намысқа жол беріп қоятын сәттерге де жолығамыз. Несие  алып,  ұлан-асыр той өткізіп, кейіннен кредиттен құтыла алмай, қарызға белшемізден бататын кездер де көп кездеседі. Ата-бабаларымыздың заманындағы той-томалағы мен ас беру рәсімдері бүгінгі заман  тіршілігімен  салыстыруға келмейтінін мысал етсек, ысырапшылдықтың да дәстүрімізге қайшы дүние екенін ұғынар едік. Барды бағаламау, обал-сауапты ұмыту іспетті теріс құбылыстар қазақ ұлты үшін теріс қылықтар еді ғой? Неге бүгінгі қазақ ысырапшыл болып барады? Мүмкін, құқықтық-нормативтік деңгейде бір шара қолдану керек шығар. Жалпы, ысырапшылдықтың жолын қайткенде де кеспесек болмайды.

Сонау «Жеті Жарғыдан» бастап салт-дәстүріміз бұған дейінгі талай ұрпақтың теңдесі жоқ, тәрбиелік маңызы зор адамгершілік кодексі болды. Салт-дәстүрді санасына сіңірген әр азамат еңбекқор, адал, әділ, мейірімді боларына кәміл сенемін. Сол себепті, өз сайлауалды бағдарламамда:

  • Әділдікке, еңбекқорлыққа, тәртіпке бастайтын ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құқықтық деңгейде бекітуді;
  • ұлттық дәстүрлер арқылы тәрбие беру үрдісінде адамның рухани мәдениетін қалыптастыруды;
  • Әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге сүйене отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуді бастауды ұсындым.

© Берік Айдарбекұлы Бекжанов,

«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» 

аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы

Пікір жазу