Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Еліміздегі әрбір отбасын, қоғамымыздың әрбір мүшесін қазақ тілінің мерейлі мәртебесін қамтамасыз етуге, жан-жақты оқып үйренуге және қолдануға, қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, ұлттық тілімізді рухани қуат, жасампаздық үрдіс, мемлекетіміздің келешегі, еліміздің ертеңі ретінде жұмылдыруға, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыруға, озық тәжірибелерді насихаттауға бағытталған «Ана тілі және отбасы» байқауы көпшіліктің көңілінен шықты деп нақты айта аламыз.

Байқау шарты бойынша оған 4-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер топтары қатысты. Бүлдіршіндердің өнерін бағалау кезінде ата-аналардың белсенділігі мен өзге этнос балаларының қатысуы айрықша ескерілді. Байқауға бүлдіршіндер бірі ата-әжесімен қатысса, енді бірі әкесімен қатысты, тағы бірі анасымен немесе аға-апкесімен сынға түсті. Балабақша қызметкерлері де орасан еңбек сіңіргенін атап өткен жөн.

Ертегілер ой-өрісін дамытып, дүниені молырақ танытады, бала ұғымын, түсінігін, дүниетанымын кеңейтеді. Тыйым сөздер балаларды осал, оғаш қылықтардан арылуға үйретеді. Халық даналығында мақал-мәтелдердің алатын орны зор. Мақал-мәтелдер адамның сөздік қорын байытады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешетін асыл мұра баланың ақылына ақыл қосады, болашағына дұрыс бағыт сілтейді. Осы айтылған мәселелерді жан-жақты талқылай келе, ережені бес кезеңге бөлдік.

Әрбір балабақша «Ерте, ерте, ертеде…» деп аталатын шарт бойынша қазақ халқының ертегілерін ауызша айтудан, көрініс қою немесе өз туындысын орындаудан жарысқа түссе, «Тыйым сөздер – тәрбие көзі» тапсырмасында қазақ халқының ырымдары мен тыйым сөздерін айтудан сынға түсті. Ал «Салт-дәстүр – асыл қазына» шартында қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы туралы ақпар беруден өзара жарысты, «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» шарты бойынша мақал-мәтелдер, нақыл сөздерден, «Өнерліге өріс кең» сайысында қазақтың ұлттық өнерінің бірін, яғни ән, би, өлең оқу, т.б айтудан сайысты.

Байқауға тек қазақ емес, орыс тобының да бүлдіршіндері және олардың ата-аналары да қатысты. Қазақша сайрап тұрған балалар ана тіліне деген құрмет өздерінен басталатынын дәлелдей түсті. Әрбір кезең бойынша ерекше дайындықпен келген қатысушылардың өнеріне тәнті бола түсті.

«Салт-дәстүр – асыл қазына» шарты бойынша «Тұсау кесу», «Баланы ашамайға отырғызу», «Нәрестені қырқынан шығару», «Баланы бесікке салу», «Ерулік», «Тоқымқағар», «Қымызмұрындық» сияқты қазақтың көптеген салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын көрсетуде ата-аналардың белсенділігі ерекше болды. Іс-шара барысында ата-аналар мен балалардың тыйым сөздер мен мақал-мәтелдерді жарыса айтып қана қоймай, оның тәрбиелік мәнін, мағынасын ашып түсіндіруі әдемі әсер қалдырады. Әрбір балабақшадағы әдемі ауыл көрінісі, ақылгөй қариялар мен ұршық иірген әжелердің, ізетті келіндер мен асық ойнаған балалардың «Жүзік салу», «Шекемтас», «Орамал тастау» сияқты ұлттық ойындарды жаңғыртуы байқауды қыздыра түскендей.

Өнер сайысында қазақтың ұлттық саз аспаптарында балалардың ойнауы, айтыс өнеріне мән беруі, патриоттық тақырыптарда өлең оқуы, ән айтуы, би билеуін зор мақтанышпен айтып, жалпы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тіл дамыту жұмыстары жүйелі жолға қойылған деп нақты айта аламыз.

Сахна безендіруде балабақшалардың барлығы киіз үйдің жарты бөлігін жабдықтап, безендірген. Шымкент қалалық тілдерді оқыту жанынан құрылған әдістемелік кеңестің, қазылар алқасының төрайымы Бағысбаева Балтакүл, Тілдерді оқыту орталығының директоры Жұманова Нұрила, Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің директоры Сауғамбаева Жанар, журналист Әссанди Әсет бастаған қазылар алқасының құрамы балабақшалардың өнерін бағалау кезінде қатысушылардың білімділігіне, тапқырлығына, белсенділігіне, шығарманың күрделілігі мен көркемділігіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, киіз үйдің жабдықталуына, оның ішіндегі жиһаздар мен бұйымдардың ретімен дұрыс орналасуына, салт-дәстүрге, тыйым сөздерге қатысты қосымша мағлұматтар беріп, толықтырып отырды.

Күнделікті кестеге сәйкес өткізілген байқау жергілікті телеарналар арқылы жиі көрсетіліп, баспасөз беттерінде көптеген мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде Facebook, Инстаграмм парақшаларында күнделікті жарияланып, қоғамдық пікірге қозғау салып, серпіліс туғызды.

Балтакүл Бағысбаева, қазылар алқасының төрайымы: «Тәрбие деген сөзбен айтып, түсіндіріп айтатын дүние емес, ол көргенін қайталау. Мектепке дейінгі мекемелер қабырғасында бүлдіршіндердің ана тілін біліп өсуіне, қазақ халқының салт-дәстүрін меңгеруіне толық жағдай жасалып отыр. Байқау өзінің негізгі мақсатына жете отырып, балалардың ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруға және ата-аналарға қозғау салуымен ерекшеленіп отыр. Бұл байқауда балалар ата-аналарымен бірге ат салысып отырғандығы қуантады».

Байқаудың қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен балабақшалар іріктеліп, марапаттау салтанатына қатысты. Белгілі жазушы, «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт, облыстың ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық әжелер алқасының төрайымы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Үрзада Айтөреқызы байқау жеңімпаздарын арнайы құттықтады.

ЖҰМАНОВА НҰРИЛА СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры

Пікір жазу