Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы», деген. Қазақ тәуелсіздігі жолында күресіп өткен тарихи тұлғаларымыз біздің ұлы бабаларымыз. Қазақ нағыз жауынгер, ержүрек, данышпан халық. Осы игі қасиеттердің бүгінгі ұрпағына айтылуы өткен тарихында із қалдырған тұлғаларына қатысты болар еді. Ешбір халық өткен тарихы мен бүгінінен сабақ алмай келешегін жорамалдай алмаған.
Тәуелсіздік! Иә, бұл кеудеңді көтере, мақтана айта алатын қасиетті ұғым. Жәй ғана ұғым емес, аса қадірлі ұғым. «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойын мақтаныш кернейді. Менің бойымды осынау қасиетті ұғым жайлы сөз болғанда қуаныш пен қайғы, мақтаныш пен қасірет сезімі билейді. Тәуелсіздік — халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашып, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді.
Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында әрқашан басымызды иіп, тағзым етуге тиіспіз. Біз бүгін алғашқы Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібекті, сол хандықты нығайтуға ерекше үлес қосқан Қасым хан мен Тәуке ханды, еліміздің тұтастығы үшін аянбай күрескен Абылай хан мен оның немересі Кенесары ханды, қазақ халқын жоңғар басқыншылығынан азат етуге қосқан зор үлесі үшін Әбілқайыр ханды, атақты батырларымыз қанжығалы Бөгенбайды, қаракерей Қабанбайды, шапырашты Наурызбайды, кіші жүздің батыры Бұғыбайды, уақ руының батыры Баянды, шақшақ Жәнібекті, ошақты руынан шыққан Саңырық батырды және т.б. ерекше еске алуға тиіспіз, өйткені олар өз есімдерін өшпес даңққа бөледі.
Сонымен бірге біз бүгін халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сана-сезімін оятқан, қазақ жерінде, өмірі тым аз болғанымен, алғашқы ұлттық демократиялық автономиялық үкіметтер – Түркістан (Қоқан) автономиясы мен Алашорда үкіметін құрған Алаш ұлт-азаттық қоғалысының жетекшілері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатовтың, Мұқаметжан Тынышпаевтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жанша және Халел Досмұхамедовтардың, Жүсіпбек Аймауытовтың, сондай-ақ Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде Қазақ кеңестік автономиялық, кейін одақтас республикасының қалыптасуына зор үлес қосқан, бірақ сол режимнің қуғын-сүргініне ұшыраған Тұрар Рысқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің, Сейітқали Меңдешовтың, Ораз Жандосовтың, Нығмет Нұрмақовтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың және т.б. рухтарына басымызды иеміз.
Тәуелсіздік жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршынынан қиылды. Жазықсыз өмірден ерте озды. Олар халқына қуаныш сыйлады, бірақ сол қуаныштың дәмін өздері тата алмады. Олар – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары. Тәуелсіздік үшін күрескен батырлар — қазақ елін лаулаған оттан да, тар қапастан да алып шыққан азаматтар. Қазақ елін арқасына байлап, шыңға өрмелеп, елді сол шыңға жеткізіп, өздері құздан құлаған хас батырлар. Олар өзім деп қара басын ойлаған емес. Олардың бар мақсаты тәуелсіздік болды емес пе? Ғалымның хаты, жақсының аты ұмытылмақ емес. Олардың бізге салып берген сара жолы, бүгінде бізге дара жол болды.
Тәуелсіздік батырлары азаттық жолында құрбан болды. «Болашақ ұрпақ біздей күңгірт әлемде емес, күннің көзін көріп өссін, еркін болсын» деп армандап қана қоймай , осыны мақсат тұтты емес пе? Ал біз, батырлардың ұрпағы , олардың рухтарын қастерлеп жүрміз бе? Сол бір заманда біз өмір сүрсек , Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды өр мінезді батырлар ел арасынан шығар ма еді? Иә, мұндай заман болса да, елім деп еңіреген ұлтжанды азаматтар табылмақ. Қандай қилы заман болса да, қазақ , қазақ болып қала бермек. Елімізге деген асқан сүйіспеншілік біздің қанымызда бар дүние.
Қазақстан жұртшылығы жыл сайын желтоқсан айында екі бірдей тарихи оқиғаны — Тұңғыш Президентіміздің күні мен еліміздің Тәуелсіздік күнін бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде тойлайды. Бұл ретте осы екі мерекенің бір-біріне мағыналық жағынан өте тығыз байланыста екендігін айта кеткен жөн, өйткені «Нұрсұлтан» мен «Тәуелсіздік» ұғымдары бір-бірімен егіз қозыдай біте қайнасып кеткен түсінік.
1 желтоқсан – еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда орасан маңызға ие болған күн, өйткені 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет Республика Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен жеңіске ие болды. Арада небәрі жарты ай өткенде Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды, яғни тарихымыздың жаңа дәуірі басталды.
Зиялы қауым арасында қолданылатын «тарих – ұлы тұлғалардың өмірбаяны» деген ұйғарым бар. Белгілі дәрежеде мұнымен келісуге болады. Мәселен, Түркияда мұндай тұлға – Мұстафа Кемал Ататүрік, Үндістанда – Махатма Ганди, Францияда – генерал Шарль де Голль, Ресейде – Петр І, Чехияда – Вацлав Гавел, Польшада – Лех Валенса. Олардың бәрі де бүкіл жұртты аузына қаратқан, жаңа мемлекет құрушы немесе «ұлтты азат етуші» деген абыройлы атқа ие болғандар. Қазақстанда мұндай тұлға қиын-қыстау кезеңде мемлекет құрудың жауапкершілік жүгін мойымай арқалаған біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені даусыз.
Бүгінгі күні біз тәуелсіз еліміздің тарихында қоғамды жан-жақты қайта құрудың қазақстандық жолында саяси тұрақтылықтың аса маңызды факторларының бірі республика президенті лауазымының енгізілуі және ол лауазымға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлануы болды деп нық сеніммен айта аламыз.Тәуелсіздіктің арқасында Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупінен арылды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болды. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлері қайта жанданып, өзінің табиғи даму жолына қайта түсті. Кезінде жат жұрттық өктем билеушілердің зорлық-зомбылықтары салдарынан туған жерінен шетелдерге ауған қазақтар атамекендеріне қоныс аудара бастады. 1992 жылдан 2017 жылға дейін дүниежүзі қазақтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығында бес құрылтай өткізді. Бір миллионнан астам қазақ атамекеніне оралды.
Қорыта айтар болсақ, қазақ тарихындағы ұлы бабаларымызды даңқты ерлігі, олар жасаған ұлы тарих кезеңі әр қазақ баласының өз еліне, оның ұлы тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларына деген мақтаныш сезімін ұялатады. Сөз соңын Елбасының мына бір салихалы сөзімен аяқтасақ: «Біздің бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан байтақ даласын қорғап, төл мәдениетін сақтап, өмірді түйсіну мен танудың ерекше түрін бізге мұра етіп қалдырды. Бұл дала халқының бостандық сүйе білуі мен айбындылығы тарихтың қатал кезеңдерінде де жоғалтылмай, ата-бабаларымыз біз үшін сақтай алды»
Тәуелсіздігіміз әрдайым баянды болып – ғұмыры шектеусіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, алдыңғы қатарлы 30 дамыған мемлекет қатарынан көрініп, Мәңгілік Елге айнала берейік.
© Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы
С. Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта
мектеп-интернатының тәрбиеші
Байдарбекова Ельзира Садуқызы