Сауран ауданы Үшқайық ауылдық округіне қарасты «А.Үсенов» атындағы жалпы білім беретін мектепте «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы аясында жоғарғы сынып оқушылары арасында кездесу болып өтті.
Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Ажибай қатысты, деп хабарлайды didarbek.kz.
Еліміз қай заманда да елдікке, тыныштыққа, бірлікке соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Елімізді мекендеген түрлі ұлыстар татулық пен келісімді сақтауға, елімізді дамытуға, бейбіт тұрмыс құруға бар күш жігерін салу қажет. Сонымен қатар жастардың түрлі ағымдарға еріп адасудан сақтандыру, дұрыс бағыт-бағдар көрсету баршамыздың ортақ ісіміз. Қазіргі әлеуметтік желілердің дамыған уақытында адастырушы ағымдар жетегінде кетпеу үшін дұрыс ақпаратты тани білу қажет. Сондықтан кез келген діни уағыздарды тыңдамаған абзал.
Кездесу барысында оқушыларға түрлі пайдалы ақпараттар берілді. Үнпарақтар таратылды. Мектеп оқушыларынан сауалнама алынды.
Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік деп танитын топ жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін және діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені және исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі. Себебі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде сал-серілердің өлең, жыр-дастандары, ортағасырлық ғұламалардың еңбектері осының айғағы.
Әрбір өзінің болашағын келешек ұрпақпен өлшейтіндігі ақиқат. Біз бақытын баладан күтетін халықпыз. Себебі, жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында.
Қандай да бір сала туралы сөз қозғағанда бұл бағытта жастардың алар орнын айтпай кету мүмкін емес. Сол секілді дін саласында мәселе көтергенде де жастар тақырыбына қол ұрмау мүмкін емес. Себебі жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қандай діннің ғибадат үйіне бас сұқпаңыз ол жерден жастарды кездестіруіңіз ақиқат. Тіпті діни тақырыптардағы түрлі әлеуметтік желі парақшаларын үзбей бақылап, ондағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған да осы – жастар. Өкінішке орай осы бір әлеуметтік желілердегі жалған діни ақпараттардан опық жеп жатқанымыз да баршылық.
Дін жастарды несімен қызықтырады? Жастардың пікірі бойынша, дін — адамдарды сабырлыққа және адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелей отырып, олардың бойында болашаққа деген сенімділікті қалыптастырады. Көптеген жастар үшін Жаратушыға деген сенім өмірдегі мәнді құндылық ретінде жақсылыққа деген үміт болып табылады. Демек, дін – адамның рухани қалыптасуы мен дамуында шешуші ықпал ететін факторлардың қатарынан орын алады.
Заманына қарай адамы демекші бүгінгі қоғамның жастарын бұрынғы жастармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастарымыз жалпыадамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Абай һәкімнің тілімен айтқанда «кемел адам» бола алмайды.
Жас ұрпақты деструктивті діни ағымдардан сақтандырудың маңызы неде? Ең бірінші оларға қауіп-қатерлердің қайдан және неден келетінін түсіндіру қажет. Жастар деструктивті діни ағымның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Осындай дін атын жамылған ағымдарға қарсы жастар бойындағы иммунинет – ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ғасырлардан жеткен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жастардың адастырмас темірқазығы болмақ. Осындай құндылықтар ғана жастарды, жасөспірімдерді теріс діни идеологиялардың құрсауынан құтқарады.
Дін саласында арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та деструктивті діни ағымның құрсауына, торына түсуге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жат ағымдармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді, сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізу ләзім. Яғни, діни сауаттылық қажет-ақ. Идеологияға қарсы идеология қою арқылы ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді шебер байланыстыру нүктелерін дұрыс таба білу — бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, ауызбіршілік пен ынтымақта, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіруі арқылы жастарды сақтай аламыз.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің негізгі мақсаты – дін саласындағы әртүрлі бағыттағы ақпарттық материалдар қорын жинақтау және дін мәселесі бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатқан жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Ұлттық құндылықтарға негізделген танымдарын кеңейту үшін барынша жағдай жасау, деструктивті діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына түскен жастармен жекелей жұмыс істеп, оларға теологиялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету.
Елімізде дін мәселесі күрделіленіп тұрған уақытта мемлекетіміздің діни саясатын нығайтып, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы қалыптасқан діні және басқа да әлемдік діндердің тарихы мен рухани құндылықтарынан жастарды хабардар етіп, олардың санасында басқа сенімдерге деген құрмет пен төзімділікті қалыптастыру да осы біздің басты міндеттеріміздің бірі.
«Еліміз зайырлы, құқықтық мемлекет. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Зайырлылық сипаты-ізгілік пен қажеттілік.
Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Елде дінді ұстану мен бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңдылықтарды мемлекет белгілейді және бақылайды. Қазіргі таңда, біздің қоғамдағы Ислам атын жамылған ең үлкен қайшылық уахабилік, сәләфилік бағытты ұстанушыларға қатысты болып отыр. Олардың өздерінің теріс те зиянды пікір тұжырымдарын айналасындағыларға уағыздауы жасырын емес. Мұндай теріс әрі зияны мол амал-әрекеттердің алдын алудың жолы, сақтану жолы-ол білім. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнін жоқ» дегендей, дәстүрлі Исламды яғни Исламдағы Ханафи бағытында сауатымызды ашып, ізденуіміз керек.
Сонымен қатар, жауабы табылмаған діни сұрақтарыңыз болған жағдайда, білікті теолог (дінтанушы) мамандарынан, медресе ұстаздарынан мазалаған сұрақтарыңызға жауапты алуға тырысыңыздар. Шүкір, елімізде діни сауат аламын деушілерге бар мүмкіншіліктер жасалған. Білікті мамандарымыз, ұстаздарымызда жеткілікті. Сізден тек ниет және әрекет керек. Әр саланы өз маманынан біліп, үйренгеніміз жөн. Егерде сіз «электрик» мамандығынан алыс болып, үйіңіздегі, немесе тағы басқа жердегі тоққа қатысты бұзылған нәрсені реттеуге кіріссеңіз, оның арты не болатынын білесіз. Дін мәселесі де осындай, егер білімсіздіктен қандай да бір шешімге, түжырымға келсеңіз, өміріңізді адасуға әкеледі.
Құранның көп жерінде ойланбайсыңдар ма, ақыл жүгіртпейсіндер ме деп келеді. Мысалы: бізге бірі келіп, қолданыстағы бір затты (дәптер, айна т.б.) көрсетіп, оның көріп тұрғаныңыздай тек алды бар, артқы тарапы, жаны жоқ десе, біз егер ол адамның сөзі қаншалықты дұрыстығын ізденбестен сенер болсақ, оны дәл солай қабылдаймыз. Ұстаздардан дәріс алмай, білімді керек етпей, көрінгеннін айтқандарына иланып, артынан ере берсек, арты адасуға, қайғы-қасіретке әкеп соғады. Осыны жадыңызда сақтап, ұл-қызыңызға ескертіп отыруды ұмытпаңыз. Дәстүрлі дінімізде қателесуге орын жоқ. Қазіргі таңда, елміздегі білім иелерінің жолы, Ханафи мәзһабынын негізін салушы Әбу Ханифаға келіп тірелсе, білімнің, танымнын, жолдың басы, екі дүние мақтанышы, көркем мінез иесі пайғамбарымыз Мұхаммедке келіп тіреледі.
Қазакстанда мекендеген халықтың 70 пайызы Ислам діні, Ханафи мәзһабын ұстанады. Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңілдік берумен, демократиялығымен де ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі өз дүниетанымы, болмысы мен діліне онын тонның ішкі бауындай жақындығында. Бұл бағыт суннитік басқа мәзһабтарға қарағанда неғұрлым толерантты, қанағатшыл, жергілікті әдет-ғұрып, салт-сана заңдарымен, дәстүрлі нормаларымен санасатын мектеп. Өкініштісі, жалпы мәзһабты керек етпей, ұстаным жолын қате жол деп, шетел асып, кімнен және қай жерден білім алып жатқандығы, сонымен қатар ол жерде қандай мақсатта білім беріп жатқандығын зерттеп, зерделеп, қарамастан қабылдап, адасып жатқан бауырларымыз, отандастарымыз, қарындастарымыз қаншама. Бұл тек біздің мемлекетімізде емес, бүкіл елдегі қасірет, қауіп деп айтсақ артық болмас. «Дін ұстай алсақ қасиетін, ұстай алмасаң қасіретің» боларын ұмытпайық.
Пайғамбарымыздан жалғасып келе жатқан көш, қияметке дейін жалғасын табады. Көш жүреді, ит үреді дегендей, көштен бөлініп, сананы улап, өз идеологияларын тықпалап жүрген топтардың болашағы болмай, заң алдында жауапқа тартылып, қияметте жаратқанның алдында есебі қапы болатынын естен шығармағанымыз жөн. Өмір дария, дарияға жіберілудегі мақсат ағыспен ағу емес, жағаны табу. Асыл дініміз «Білімді іздеу әрбір мұсылман еркекке де әйелге де парыз» деп, білім іздеуді еркек, әйел бәріне міндет еткен. Еліміздің ертеңі өскелең ұрпақ, жастарымыздың қолында болғандықтан, жастарымыз білім, ғылыммен қаруланса дегенім. Елдің ертеңін ойласақ, дінімізді, тілімізді, тарихымызды, дәстүрімізді қылмайық. Білімнен адамның адамшылығы басталады дегендей, «білімді ұрпақ ел болашағы» екенін ұмытпай, ағымдардан сақ болайық ағайын» — дейді Ерлан Сейтжанов.