Қазіргі уақытта экстремизм мен терроризм мемлекеттер мен қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіруде, олар дінді өздерінің саяси мақсаттарында қолданады. «Шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағына береді) — жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс — әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Экстремизмнің пайда болу себебі, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа бейімделген көзқарасынан пайда болады. Яғни, тек менің ғана пікірім болуы керек деген сияқты. Бұл ең алғашқы этаптары болып саналады. Экстремизмнің тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмейтін адамдардан шығады. Лаңкесшілер дұрыс бағытқа жол көрсететін адамдардың кеңесіне мүлдем құлақ аспайды. Олар өздерін ең таза кіршіксіз деп санап, басқаның барлығын адасушыларға жатқызып, жөн білетін адамдарды мойындамайды. Міне, осының салдарынан әлемде түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуда.
Экстремизм деген латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, кандай да бір белгіленген шектен тыс кету деген мағына береді. «Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі «радикализм». Бұл сөз де жанама түрде мейлі дінде, мінез — құлықта, пікірде болсын, қалыпты, дұрыс деп қабылданған деңгейден ауытқу. Экстремизм жалпы түрде ешбір мөлшерді, тәртіпті мойындамайтын, өзінің шектен шыққан пікірі мен іс — әрекеттері арқылы ерекшеленген адамдарды білдіреді. Саяси ортада пайда болган экстремизм — саяси экстремизм, ал діни ортада пайда болган экстремизм — діни экстремизм деп аталады. Ал терроризм латынның (terror), яғни қорқыныш деген сөзінен пайда болып, экстремизмнің соңғы нүктесі, атап айтқанда адамдарды қорқытып — үркіту, олардың денсаулығына, өміріне қауіп төндіру арқылы өз мақсатына жету әрекетін білдіреді.
Терроризмнің де бірнеше түрі бар. Оның ішінде этникалық терроризм адамның ұлтына, этникалық түріне қарсы жасалған қылмыс түрі. Мұны кейде нәсілшілдік пиғылының нәтижесі деп те атап жатады. Этникалық терриризмге күрдтердің Түркиядағы, шешен содырларының Ресей аймағындағы бірнеше террорлық актілері т.б. мысал бола алады. Діни терроризмге діни идеологияның ықпалымен өзге дін өкілдеріне немесе мемлекеттік құрылымдық жүйелерге қарсы радикалды іс — қимыл түрі жатады. Бұған Қазақстанда да орын алған бірнеше радикалды топтардың құқық қорғау органдарымен арада болған қарулы қақтығыстарын мысал ретінде атап көрсетуге болады.
Діни терроризм түріне діни канондарды бұрмалау арқылы адамдарды радикалдандыру және осы әрекетпен жұрт арасында дүрбелеу туғызу, жазсықсыз жандардың жанын қию әрекеттері жатады. Терроризмнің сондай — ақ криминалдық және идеологиялық түрлері де бар. Сондықтан терроризм мен экстремизмге қарсы тұру проблемасы мемлекеттік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу — мемлекеттің міндеті ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің міндеті.
Халықсыз билік болмайды, ал — дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы жəне мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тəуелді байланыс бар. Қазіргі таңда, осы терроризм мен экстремизмнің көрінісі мемлекетіміздің ғана емес, бүкіл әлемдік өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жастарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың қырларын білмегендіктен сол ұйымдарға бет бұрып кетеді. Жастардың діни көзқарасы әлі де өзекті мәселе болып табылады және жүйелі талдауды қажет етеді. Жастар — біздің мемлекетіміздің болашағы, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе, дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды.
Радикалды ағымдарға тез ұрынатын əсіресе, əйел қауымы екен. Əйелдер өте коммуникабельді. Интернет жүйесінде радикалдар барлық жұмысты əйел қауымына жүктейді. Өйткені, олар – ана, жар, əпке, сіңлі, кызы ретінде қоғамның басқа өкілдеріне үлкен ықпал жасай алады. Осы жолға түскен кыздарды олар өз ортасынан тезірек күйеуге беруге тырысады. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында бір қызды бес рет күйеуге берген. Жамағат ортасында ол əр күйеуінен төрт балалы болған. Барар жері, басар тауы жоқ болғаннан кейін, Сирияға кеткендердің арасында басым көпшілігі əйелдер. Сараптама бойынша солардың 90%-ы өкініште қалған. Уағыздаушылар ең бірінші кітап береді, ақыл айтады, өте ұстамды, харизматты көрінеді. Біздің «ұстаздарымыз» өте керемет, бəрін жақсы біледі, басқа ағымдар дұрыс емес, – деп санайды. Содан кейін «сенің деңгейің олардан биік, олардың əрекеттері дұрыс емес», – деп, достарынан, отбасынан, туған-туысқаннан алыстата бастайды. Əрі қарай оқудан, жұмыстан шығуды талап етеді. Секталарға кіретін адамдар олар – жауапкершілігі төмен, біреуге тəуелді, өзін неғұрлым жоғары санайтын, өзінен басқаның бəрінен кінə іздейтін, билікті жақсы көретін, фанатиктер жəне жеке басының пайдасын басқадан жоғары қоятын пенделер.
Терактілерге қатысқандардың 84%-ы діні, білімі жоқ адамдар, қалғандарының діни білімі үстіртін, жұмысы мен мекенжайы жоқ, он жеті мен жиырма тоғыздағы жастар. Дін туралы ақпараттарды неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым жастар ақ пен қараны ажырата біледі деген сенімдемін. Сол үшін, ең бірінші қоғамды діни тəрбиеге баулитын мамандарды (теологтарды, ұстаздарды, денсаулық сақтау кызметкерлерін, құқық саласының өкілдерін) үйретуден бастау қажет. Олар дұрыс ағымды түсінген сайын, қоғам деструктивтік ағымдарға қарсы тұра алады. Еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында, сондықтан жастарымызға барынша көңіл бөліп, дұрыс тəлім-тəрбие алуына, дұрыс діни білім алуларына көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Сол себепті де, тəлім-тəрбиені ең алдымен отбасыдан, балабақшадан, мектептен жəне оқу орнынан бастағанымыз жөн.
Балабақша тəрбиешілері, мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тəрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тəлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ететін болады. Жастардың дəстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің екі негізгі себебін атап көрсетуге болады. Біріншіден, жалпы қоғамда діни сауатсыздықтың басым болуы. Екіншіден, жат ағымдардың əлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыруы.