Телефон жаны қалмай шыр ете қалды, бұны күтпеген мен дір ете қалдым:
– Әсеке?!.
– Тыңдап тұрмын!..
– Қолыңыз бос па? Сағат үште шай ішсек?!
– Жарайды!.. Жайшылық па?..
– Қолыңызды алмағалы, ғибратыңызды тыңдамағалы біраз болып еді… «Mozzarella» болады ма, сонда күтейін?!
– Келістік…
Іздегенге сұраған деген осы – бұдан бір күн алдын әйелімді перзентханаға шығарып салған едім – бір апта демалып қайтсын, қарап жатпай, шекесі торсықтай бір нәресте ала келсін деп. Жан-жарыңның жанында болмасаң, қарныңның ашқаны – ашқан екен…
Ал, «Mozzarella»-дағы әңгіме былай өрбіді:
– О, Әсеке! Қалайсыз? Сізге бір ұсынысымыз бар еді…
– Қызық екен! Тапа-тал түсте ол қандай ұсыныс болды?
– Бастықтың қызметке кіріскені кеше ғана. Айналасына көз тастап қойып, таңдауын өзіңізге тоқтатып отыр. Ынтымақтасып, қаланың көркеюіне бір кісідей үлесімізді қоссақ деген ниет.
– Дұрыс-ақ екен…
– Сіз елге танымал журналиссіз, өзіңізге қолдау көрсетіп, сізге арнайы бір сайт ашып қойсақ деген ұсынысымыз бар.
– Тіпті тамаша!..
– Оның бүкіл шығынын өзіміз көтереміз. Тек қана бір өтінішімізді орындасаңыз болды.
– Қолымнан келсе…
– Сіздің қолыңыздан келеді, бастық өзіңізге үлкен үміт артып отыр.
– Иә, мен не істеуім керек?
– Аса бір қиын нәрсе жоқ. Тек қана ай сайын бүкіл республика әкімдерінің рейтингін ұйымдастырып отырсаңыз…
– Елдің түкпір-түкіпірінен сарапшы тарту, қоғам қайраткерлерін сөйлету оңай деп отырсыңдар ғой?!
– Жоқ, сіз түсінбедіңіз… Дайын сараптама беріліп тұрады – тек жария етіп тұрсаңыз болды. Және есте болатын нәрсе – барлық рейтинг бойынша бастық бірінші орында болу шарт!..
– Болатын шығар оны ұйымдастыруға…
– Тағы бір кішкене бұйымтайым бар.
– Ол не зат?
– Бастығымыздың басшысы – міндетті түрде төменнен орын алып тұруы қажет.
– Одан қала басшысы не ұтады?
– Бүкіл республика оқығанда, кері тартып жүрген басшысына қарамай, өз бастығымыз «көркем, сымбатты» болып шығады!..
– Аааа… енді ұқтым!
– Онда келістік қой, аға?!
– Жоқ!
– Неге?
– Сендер бір нәрсені назардан тыс қалдырып кетіпсіңдер!
– Қаражаттан қам жемеңіз!..
– Менің айтып тұрғаным – қаражат емес!
– Онда не?
– Менің тапсырыспен материал жазбайтын жаман әдетім бар!
– ???
– Мені жетелейтін тек қана өз ар-ұятым – материалдарым да соған сәйкес болуы шарт! Ал, ар-ұят дегенің – шындық пен ақиқат! Қолынан дым келмейтін адамды «көркейтіп» қойып, абырой жинай алмаспын – кешірерсіңдер! Шымкентте не көп – «кәсіби маман» көп, солардың біріне жүгініп көріңдер! Ал, мен бұндайға жарамайды екенмін…
Ә.Ә.