Көп балалы және табысы аз отбасыларға үкімет тарапынан қаржылай атаулы әлеуметтік көмектің берілуі Сарыағаш ауданында 9 мыңнан астам азаматтың өз бетінше кәсіп етіп, табыс табуына сеп жасады. Сондай-ақ биыл тағы 7 мыңнан астам отбасыны жұмыспен қамту бойынша әлеуметтік жоспар түзіліп отыр. Оларға қайтарымсыз қаржы беру арқылы кедейшіліктің қамытынан біржола құтылуына мүмкіндік жасалмақ.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Нұрбек Бейсенбай — әлеуметтік көмектің арқасында бағбан болды. Ауласына жылыжай салып, онда гүлдің 30-дан көп түрін өсіруде. Аумағы 3 соттық болатын жабық кешенде жұмыс қызу. Қыста гүл көшеттерін дайындады. Қазір дайын өнімді шетінен сатып жатыр. Осы кәсіптің арқасында қазір көпбалалы отбасының тұрмысы оңала бастаған.
НҰРБЕК БЕЙСЕНБАЙ — САРЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Гүлдің түр-түрін егемін. Үй гүлдерін де өсіремін. Мысалы, мына гүлдерді Питерге жіберуім керек. Алматыдан хабарласып, үйден келіп алып кетеді. Өзімнің тұрақты клиенттерім бар.
Ал үкіметтің қаржылай қолдауын алған Арман Бердалиев жалдамалы жұмысын қойды. Інісімен бірігіп, аудан орталығынан ағаш шеберханасын ашқан. Ағаштан табақ, астау, тегене, шөміш, кесе сияқты ыдыс-аяқтар жасайды. Тапсырыс болса бесік пен ер-тұрман да шабады.