№01
– Е-е-е-е, шырақтарым, серілік деген бізден қалған ғой! Талай сұлудың жылы құшағына батқан кезім болған – оны мына жеңгелерің біліп қоймасын! Олардың біразы кейін тұрмыс та құрды, бала да тапты – кейбірі түк болмағандай түскен жерлеріне тастай батып, судай сіңіп кетті. Кейде кездесіп қалсақ, көзін төмен түсіреді – мен бірдеңе бүлдіретіндей. Жалпы жүрісі жеңіл қыз-келіншектер бұрын да аз болмайтын, қазір тіптен көп. Солардың бәрі ертең ана атанады – ана болғанда да, ардақты аналар қатарына қосылып, құрметке ие болады. Осыны ойласам, жүрегім ауырады. Сонда біз кімді төбемізге көтеріп, қадірлеп жүретін болдық? Сол қыз-келіншектің бірқатары айналдырған үш баласын үш әкеден тауып жатады, кейбірі балаларының әкесінің атын да білмейді. Бірақ, сол балаларына да, одан өрбіген ұрпақтарға да аса қадірлі бола бастайды. Әділетсіз өмір-ай!..
№02
– Менің қимас жақсы достарым жеткілікті. Соның арасында бауырымдай болып кеткен бір жолдасым бар. Өзі елге танымал сазгер, көптеген әндерімен талайды тамсандырып жүрген жайы бар. Сол зайыбы екеуі тату-тәтті өмір сүретін. Зайыбы жас кезінде ақын да бола білді, қатын да бола білді. Кейін қызметке ілікті, бірқатар ірі мекемелерді басқарып, қалтасына миллиондаған қаражат түсіре бастады. Кезінде марқұм Төрегелді Байтасов айтып кеткен бір сөз бар еді: «Қатынды құртатын төрт нәрсе бар: ол – киім, бұйым, тиын, жиын», – деп. Дәл сол болды! Әлгі жолдасымның әйелі жиыннан көз ашпай қалды, тиыннан құр қалған жоқ. Және киім мен бұйым бүтінделе бастады. Алла қатынды құтыртпасын! Құлпырып шыға келген кешегі «инабатты» келіншек жағымсыз мінезін шығаратын болды, өзге еркектермен арақ ішіп, темекі шегіп, білгенін істеп бітті. Сонымен, не керек, самайларын ақ басқан шақтарында екеуі екі жаққа кетті. Бірақ, әлгі әйел қоғамымызда аса құрметті, төрден орын бермейтін кемпірге айналды. Айтпақшы, алаш ардақтайтын аналардың қатарына қосылды. Әй, әділетсіз өмір-ай!..
№03
– Біздің ауылымызда бет бақтырмайтын бәлеқор бір әйел болатын. Бүкіл ауыл одан қорқатын. Дәлірек айтқанда, қорықпайтын, бәлесінен аулақ деп айналып өтуді қалайтын. Арызды оңды-солды боратқанда, әлгі әйел көптің мазасын алып, талайды тәлкекке түсіріп жүрді. Жар дегенде, жалғыз жарын өз мінезімен жалмап жіберді – байғұс өз-өзіне қол салып, одан құтылып кете барды. Бұл әйел мектепте мұғалім болып істейтін. Оқу ордасының директоры да, директорының орынбасары да болмаса, бәрін тік тұрғызатын адуындылығы бар-тын. Жақпай қалған адам одан өмірі құтыла алмайтын бәлеге қалатын. Ауылда бұрын сельпо деген болатын. Дүкендерге түскен азық-түліктің басым көпшілігі астыртын тізім арқылы үлестіретін. Ол тізімде – ауылдың бетке ұстарлары, совхоз басшылары, мекеме директорлары және… сол әйел міндетті түрде болатын. Қалған жұртқа тас та жоқ. Ал, қазір, ең құрметті де, ең әдемі де, ең адалы да – сол әйел! Әділетсіз өмір-ай десеңші!..
Ә.Ә.