Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бiр түрi.
Тек сол үшiн оны ардақтау, жөнсiздеу һәм күлкiлi.
Дәуiрi мен билiгiне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бiрақ жыры дарынды…
Ерлiгi жоқ, елдiгi жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден iсi алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгiн ұлт мүддесi науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде өзiн қағып үлестен,
Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық үшiн күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
“Ақындар аз сын сағатта сөзден iсi зорайған”,
Десектағы “Абай қашан жол iздептi оңайдан?”
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биiк тұрғанымен,
Iсi үшiн мен Махамбеттi биiк қоям Абайдан!
Бұл адамдық ұстанымым қалыптасқан талайдан.
Кiм таныса Махамбеттi шындығынан танысын.
Халқын мұңға қалдырғанмен,
Сатқынға бас алдырғанмен,
Еңкейтпестен сақтай бiлдi ол ұлтының өр намысын.
Жұрт сондықтан пiр тұтады Махамбеттей арысын!..
………………………………………………………………………..
Күрес әлi жүрiп жатыр шындық үшiн, ар үшiн…
Шындығы жоқ пенделердi басар уақыт көшкiнi.
Даңққа мойын созғанымен,
Том-том өлең жазғанымен,
Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбiрi!
Шындығы өлген мiнезсiздiк болмақ кiмнiң мақтаны?
Қазiр барлық салаларды мiнезсiздер қаптады.
Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,
Содан ақынсымақтардың көбi “туфли жалағыш”.
Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,
Сол азапқа төзе бiлу – ғажаптың ең ғажабы.
Соңғы он жылда өз тiлiмде, ой-санамда жаңғырар,
Бiр жақсы өлең оқымаппын өзiмдi таң қалдырар.
Қаншама жыр жаңалықсыз, түйсiгi жоқ, алды бар,
Сөз тiркесi негiзiнде тек ұйқасы сән құрар.
Ақындық күш – айтылмаған ой-сезiмдер жиыны,
Ол биiктен бой көрсету – қиынның ең қиыны!
Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,
Жеңiсi мен жеңiлiсiн, тiлiн, рухын, намысын,
Жүрегiңнiң санасынан, елегiнен өткiзу,
Және оның қасiретiн,
Ұлтқа, тiлге бас иетiн,
Қалың елге жырмен, iспен, мiнезiңмен жеткiзу.
Жеткiзе алмай дiрiлдесең… ол – шошыну, тосылу,
Үркектердiң, қорқақтардың қатарына қосылу.
Ондайлардың маңдайына мәңгiлiкке сор қатқан,
Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!
Ал бiз болсақ тiлдi қорғап, рухты қолдап отандық,
Тiлден қашқан құлықсызға,
Космополит ұлтсызға,
Елден ерек “әсiре ұлтшыл”, “халық жауы” атандық.
Ақынға егер рухына сай күрескерлiк қонбаса,
Одан үлкен өрiс күту, жеңiс күту далбаса!
Мұхтар Шаханов