Қаламгер Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты хикаяты 1990 жылы «Жалын» журналында алғаш рет жарияланып, артынан жеке кітап болып шықты.
Осы туындыда Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан балуан үшеуі бас қосып, даланы ду-дырдуға бөлегені жайлы айтылады.
Бірін-бірі көріп, бас қосуға ынтызар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Қажымұқан болса ұзын рельс темірді жотасына көлденең салып, жиналған халыққа, «екі басына сыйғандарыңша мініңдер!» дейді. Ел темірге жабысады. Балуан рельсті баяу айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады.
Думан қызған бір сәтте жылқысы қойнауға сыймай жатқан атақты шонжар Сәлімбай ортаға шығады.
– Уа, халайық, менің бір шартым бар!
– Ләпбай, байеке.
– Олай болса, Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін! Сәлімбайдың үкімін естіген елде ес жоқ. Тобырға қызық керек. Жер тоқпақтап шулап жатыр. Күрессін! Күрессін! Елірген елдің шуылынан жер шайқалып, көк тербеледі. Мұндай сәтте кім де болсын абдырап қалары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажекең көзін төмен салып үнсіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр.
Көптің айқай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдеріне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады. – Ей, халайық, ей, Сәлімбай! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Бақтарыңа туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса сендерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер!
– Ей, Балуан Шолақ сен ұялмай артыңнан ерген ініңді жер қаптырмақсың ба?
– Ей, Қажымұқан сен мына елдің айтағына еріп жалғыз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?
Иманжүсіптің үкімінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан болса еңіреп келіп, «Қайран Имекем-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәһар болар едім» деп екі ағасын құшақтап солқылдапты.
Бұл оқиғадан біз не түйеміз: Имекең болмағанда екі арыс бірін-бірі майып етуі әбден мүмкін еді. Тек майып етіп қоймай, арасына араздық түспей ме? Елдің маңдайға басқан екі арысы араз болса, ел бүлінбей ме? Міне, байырғы қазақтың мықтылары татулықты сақтау үшін, сыйластықты бұзбаған.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»