Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » БАЛУАНДЫ КӨРГЕН КӨНЕКӨЗ

БАЛУАНДЫ КӨРГЕН КӨНЕКӨЗ

Менің әжем Мінуара Нұрта­зақызы Омбы қаласының түбіндегі Бәкізе деген ауылда дүниеге келген. Өзінің айтуынша, қой жылы, күн жылынып, төлдер қорадан шығып, жер аяғы кеңіген кезде туған.

Менің әжем Мінуара Нұрта­зақызы Омбы қаласының түбіндегі Бәкізе деген ауылда дүниеге келген. Өзінің айтуынша, қой жылы, күн жылынып, төлдер қорадан шығып, жер аяғы кеңіген кезде туған. Ал құжатта 1916 жылы 8 наурызда туды деп көрсетілген. Биыл 98 жасқа келеді. Қос ғасырдың куәсі болған көкірегі ояу, көңілі ашық қарияның кеудесі сыр сандық екені даусыз.

Әжем өте әңгімешіл, өткен-кеткенді жадында берік сақтайтын, рухы биік адам. Сондықтанда болар, осы жасқа дейінгі көрген-білгенін күні-бүгінгідей етіп айтып отырады. Соның ішіндегі маңыздыларының бірі Қажымұқанды көргендігі деп ойлаймын.

– Ұмытпасам, 8-9 жасымда болар, – дейді әжем, – біздің ауыл­­­­ға Қа­жымұқан келді. Үлкен ата­ла­ры­мыздың бірінің үйіне түсті. Кешке қарай әкем, шешем, ағаларым сонда кеткен. Менің де көргім келді. Өйткені, батыр аға туралы талай қиял-ғажайып әңгімелерді естігенмін. «Үстіне тас қойып ұрғызады. Арба-шаналарды сүйрейді, қарсы келгеннің бәрін жығады» деген ел аузындағы оқиғалар маған таныс. Батыр аға деп атап отырғаным, әкем ылғи Қа­жымұқан туралы айтқанда осылай деп отыратын. Шынында Алпамыс, Қобыландылар сондай болған шығар. Ойын баласымыз. Үйге келісімен қатып ұйық­тап қалыппын. Түн ортасында оянып кетсем, үйде үлкендер жағы жоқ екен. Атып тұрып, көп­шілік жиналған үйге қарай жүгіре жөнелдім. Жайшылықтағы қараңғыға аттап баспайтын қор­қақтығым бәрі жайына қалды. Қажымұқан отырған үйге қалай жеткенімді білмеймін. Келсем, сығылысқан адамдардан аяқ алып жүре алмайтындай екен. Бір жақсысы мен секілді бала-шағаның қатары сиреген. Үлкендердің арасынан ептеп өтіп, төргі бөлмеге жақындадым. Есік шалқасынан ашық, төрде қасқайып отырған адамды көрдім. Көрдім де, қалт тұра қалдым. Әрі қарай жылжуға батылым жетпеді. Сескеніп қалғандаймын.

Себебі, оның отыр­ған тұрқынан, бет әлпетінен бала түгіл, үлкен адамның өзі қаймығатындай екен. Еріндері жырым-жырым, құлағының түбінде бір нәрсе ілініп тұрғандай көрінді. Сөйлеп отыр екен. Денесінің үлкендігінен шығар даусы алыстан күңгірлеп естіледі. Иығы өзі отырған қабырғаны толық жауып тұрғандай болды. Қарап тұра беруге шыдамай, босаға жақта әйелдердің арасында отырған шешемнің қасына жайғастым. Аздан соң шешем екеуміз үйге қайттық. Ертеңіне әкем Нұртаза шай үстінде батыр ағаны елдің 3-4 жігіті Омбыға алып кеткендігін, әрі қарай ол кісі патша тұратын қала – Петерборға ойын көрсетуге баратындығын айтып отырды.

Бұл әңгімені айтқан кезде әжем ерекше толқып, балалық шағындағы сол бір көріністі еске алып, Қажы­мұ­қанды көрген­дігін мақтан ететінін байқа­та­тын. Одан әрі бүкіл Омбы жұрт­шылығының балуан бабаны қалай құрметтейтіндігін, ол кісі келгенде ауыл адамдарының тайлы-тұяғы қалмай қонақ түскен үйге жиналатындығын, ол күн Омбы қазақтарына мерекемен бірдей болатынын әңгіме етіп отыратын. Әжем бүгінде бұдан 82 жыл бұрын келін болып түскен жері, Ресейдің Омбы облысының Русско-Полян ауданымен шектес Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Жасқайрат ауылында інім Сәдібек пен келінім Жанардың қолында бақуатты тұрып жатыр. Сүйегінің асылдығы мен парасатының молдығынан болар, әлі сол әңгімешіл, ақылгөй қалпынан айнымаған.

Сәруар ҚАМАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

Ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

Пікір жазу