Халқымыздың бiртуар ұлы — қас батыр Қажымұқан туралы ел iшiнде аңыздар да, естелiк әңгiмелер де аз емес. Ал мен болсам, сонау 1946 жылы ел аралап, ғажайып өнерлерiн көрсетiп жүрген балуан атамыздың дамбалының балағынан өткен балалық шағымды ешқашан ұмыта алмаймын…
Сол жылдың тамыз айы болатын. Сарысу ауданының (Жамбыл облысы) орталығы болған Байқадам (қазiргi Саудакент) селосында тұратын нағашы ағам Амантайдың үйiне шешеммен бiрге келгем. Мақсат — аудан орталығынан мектепке қажет оқу құрал-жабдықтарын алу. 4-шi ауыл деп аталатын колхозымызда жиын-терiн шаруалары бiтпегендiктен шешем iзiнше қайтып кеттi де, мен қалып қойдым. Бiр күнi нағашы ағам өзiнiң баласы Жабықбай екеумiздi дедектетiп, «ауданымызға Қажымұқан балуан келiптi» деп, орталық алаңға алып барды. Құжынаған халық. Бiр шетте алыс-жақыннан келген жұрттың мiнiс көлiктерi (яғни аттары, өгiз,есек) қаңтарылған болса, оның жанындағы шарбақтың iшiнде у-шу болып маңырап жатқан қой, ешкi, торпақтар. «Бұл не мал?» десек, нағашым: «Ақшасы жоқ адамдардың палуанға көрсетiп жатқан сыйақылары» — деп түсiндiрдi.
Тамаша басталып та кеттi. Аудан басшылары ортада таудай болып, қол қусырып тұрған алып батырдың Қажымұқан балуан екендiгiн, оның дүниежүзiнде теңдесi жоқ еркiн күрес, классикалық күрес, французша күрес және «джиу-джитсу» деп аталатын жапон күресi бойынша әлем чемпионы болғандығын паш етiп жариялады.
Қысқасы, балуан екi қолына әрқайсысы 20 килолық екi гiрдiң тастарын алып, арнайы жасақталған жерден 1 метрдей биiк аренаға шығып өнер көрсете бастады. Доппен ойнағандай, батырдың қимылдары мен әрекеттерiн, бұлшық еттерiнiң қас қағым сәттегi бүлкiлдерiнiң өзгерiстерiн көздерiмен көрген жұрт тамсанып-таңырқап, таңдайын қағып жатыр. Арнайы кiлемде шалқалап жатып, төсiне тақтай төсетiп, үстiне балтамен ағаш дiңгектерiн жарғызғанда да, қала берсе төсiндегi тақтайдың үстiмен ГАЗ-51 маркалы жүк мәшинесiн өткiзгенде де жұртшылық демiн iшiне тартып, соңында қол соғып айқайлап, «уралап» жатыр. Тағысын-тағы басқадай цирктiк-акробаттық амалдар мен iс-қимылдар…
Бiр кезде Амантай аға екеуiмiздi тағы бiр жаңадан пайда болған топқа қарай жетектей жөнелдi. Барсақ, үлкен ақ дамбалдың ышқырын екi адам керiп тұр дағы, әр балақты тағы да екi адам ұстап, балаларды тоғытып жатыр. Кезекке тұра қалып Жабықбай екеумiз де ышқырдан кiрiп, балақтардан еңбектеп жарыса шықтық. Ол да бiр қызық екен-ау…
Екi жылдан кейiн, «Қажымұқан батыр қайтыс болыпты» деген суық хабарды естiген кезде, «таудай батыр да өледi екен-ау» — деп, сенгiмiз келмегенi де рас едi…
Өкiнiштiсi сол, пайғамбар жасына қараған кезiнде өмiрден өтiп (1948), күш-қуаты мен қажыр-қайратының тасып тұрған шағындағы барлық жеңiстерi мен жетiстiктерi патшалық Ресейдiң еншiсiне телiнiп, сол империяның атақ-даңқын паш етуге сарп етiлдi. Әлемдiк, мемлекеттiк арналардың бәрiнде оның не ұлты, не азан шақырып қойылған аты аталмай, жарнамаларда: «Ямагата Муханура — Күншығыс елiнiң өкiлi!» деген жанама атаумен белгiлi болып жүрдi. Әрине, бұл өктемдiгi үстем болған шовинистiк саясаттың бұрмалауы болатын.
Әйтсе де, 1909 жылы алғаш рет шетелге шыққан 23 жастағы балуан «Қара Мұстафа» деген бүркеме атпен Түркияда болып, түрiктердiң бас балуанын жеңген. Мұқаңды олар сый-құрмет көрсетiп, Меккеге апарады, осылайша қосымша «Қажы» атағына да ие болады. Сондықтан да, мақалада бiз оны «Қажымұқан» деп атап отырмыз. Ел iшiндегi кейбiр аңыз әңгiмелерде түрiк бауырларымыз оның Қыпшақ даласындағы Құланқыпшақ деп аталатын аймақта (Ақмола өңiрi) туғандығын және өзiнiң шыққан тегi «алтыбас қыпшақ» аталығынан екендiгiн қастерлеп, айтып отырады дейтiн де қауесет бар. Бiрақ, бұл нақтылы мәлiмет емес. Оның туған жылына келер болсақ, «Айқап» журналының редакторы Жиһанша Сейдалиннiң сұрағына берген жауабында (1914 жыл) ол: «Мен алдымыздағы жылы (яғни 1915 ж.) отызға шығамын» — деп жауап қайтарады. Сонда ол 1885 жылы туған болып шығады. (Интернетте — 1871 жыл, Қараөткел ауылы, Ақмола облысы деп көрсетiлген).
Ендi бiз неге оны «Қас батыр» деп атап отырмыз, осы мәселеге тоқтала кетейiк. Бұл ретте, әуелi оқырман назарын «Қазақстан мұғалiмi» газетiнiң 1976 жылғы 19 наурыз күнi жарияланған, КСРО спорт шеберi Әлiмқұл Бүркiтбаевтың ресейлiк палуан Динавицкиймен болған әңгiмесiнен алынған үзiндiге аудармақпын:
«Қажымұқанмен бiрге мен Жапонияда да болдым — деп бастайды Динавицкий өз әңгiмесiн. — Оның жапон жұлдызы Саракики Жиндофумен күрескенiн де өз көзiммен көрдiм. Сол жолы Саракики әп-сәтте оның бет-аузын қызыл қанға бояды. Қолын екi-ақ рет салуы мұң екен, Қажымұқанның құлағы шұнақтанып, аузы-мұрны жұлынып шыға келдi. Мына айуандықты көрiп тұрған орыс палуандары қатты дүрлiктiк, ендi болмаса белдесудi тоқтатпақшы болдық. Ол Қажекеңдi екi аяғымен қылғындырып өлтiрмекшi де болды. Бiрақ, Қажымұқанның жұлдызы оң жағынан туды — Саракикидiң аяғынан ұстап алып, оны алып ұрды. Көк желкесiмен жерге қадалған Саракики сол бойы сұлық қалды. Ел iшiнде олар күрестiң қай түрiмен күрескенiн бiлмейтiн көрiнедi. Олардың белдескен күресiнiң аты «Каратэ» болатын. Мiне, «жауыздың өлiмi өз жауыздығынан болады» деп халық бекер айтпаған, Қажымұқанның бет терiсiн басына қаптап, күлiн көкке ұшырмақшы болған жапондық осы белдесуден кейiн алты ай бойы сарғайып ауруханада жатып, дүниеден өттi…».
Мiне, оқырман қауым, мұндай қайсарлық пен намысқойлық тек қас батырдың ғана болмысына тән қасиет деп санаймын. Әрине, бiр мақалада Қажымұқан атамыздың барлық ерлiктерiн баяндап беру мүмкiн емес. Әйтсе де, 1927 жылы оған «Қазақ халқының батыры» деп Қазақ автономия республикасы ОАК-нiң шешiм шығаруы үлкен әдiлеттiлiк болып саналады.
Дегенмен, оның бойындағы елi мен жерiне, туған халқына деген орасан зор патриоттық сезiмнiң асқақтығын дәлелдейтiн фактiнi айтпай кетуге де болмайды. …1944 жылдың басы. Ұлы Жеңiстiң күнiне дейiн әлi 1,5 жылдай мерзiм бар. 60 жасты алқымдап қалған батыр, тәуекелге бел байлап, Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнде бойындағы күш-қуаты мен шеберлiгiн өзiнiң өскен ортасында тағы бiр сынға салуды мақұл көредi… Нәтижесiнде, жиналған 100 мың сом қаржыны КСРО-ның Қорғаныс қорына жiбередi де, И.В. Сталиннiң атынан жеделхат алады:
“Народный Комиссариат Связи СССР из Москвы. № 825. Слов 35. 31 авг. 5 ч. 30 мин. Передано 31/08. в 16 ч. 54 мин.
Передала Макарова. Высшее правительственное.
Куда: Юж. Каз. обл. Шаульдер. район, к/з Ак-тюбе
Кому: Хаджи-Мухану
Примите мой привет и благодарность Красной Армии тов. Хаджи-Мукан за Вашу заботу о Воздушных силах Красной Армии. Ваше желание будет исполнено.
Сталин”
Көп ұзамай, № 64398 әскери бөлiмiнен екiншi жеделхат келiп түседi:
Колхознику тов. Хаджи-Мухану
Сообщаем Вам, что подаренный Вами в дни Великой Отечественной войны самолет По-2 был вручен летчику-казаху мл. лейтенанту Шалабаеву Кажтай, на котором он храбро сражался за нашу Социалистическую Родину, за что удостоен правительственной награды — орден Отечественной войны 2 степени. В настоящее время мл. лейтенант Шалабаев К. по состоянию здоровья демобилизуется из рядов Красной Армии. Самолет находится в исправном состоянии и передан лучшему летчику части. Желаем Вам т. Хаджи-Мухан успеха в труде на благо нашей многонациональной Родины и в Вашей личной жизни.
С дружеским красноармейским приветом, Командир в/ч 64398 подполковник Клычников Зам, командира по п/ч майор Муша”.
Әңгiме желiсiн ендiгi жерде Қажытай ақсақалдың (01.06.1922 ж. — 08.05.2003 ж.) өмiрi мен майдандағы ерлiктерiне бұрайық.
Семей қаласында туып, 80-нiң сеңгiрiнен асқанда, 2003 жылы Ұлы Жеңiстi тойлайтын күн қарсаңында қайтыс болған Қажытай Шалабаев өмiрiнiң 3 жылдан астам уақытын Ұлы Отан соғысының майдангер ұшқышы болып өткiзсе, қалған 50 жылдан астам уақытын еңбек майданында өткiзген ардагер ағамыз.
Әкеден 4 жасқа жетер-жетпесте жетiм қалған бала аурушаң шешесiне қайткенде көмектесем деген оймен әкесi Мұса Шалабаев көп жыл жұмыс iстеп кеткен кеме жөндеу зауытының қарын күреп, ауласын сыпырудан да қашпай, еңбекке ерте араласқан. 7 жылдық мектептi бiтiре салып, осы зауыт жанындағы 6 айлық ФЗО (фабрично-заводское обучение) мектебiне түседi де темiршебер (слесарь) мамандығын алады. Көп ұзамай Семейдегi терi өңдеу комбинатына ауысып жұмыс iстеген. Кәсiбi — терi сұрыптаушы…
18 жасқа толған Қажытай қамқоршы болған нағашы ағасы Темiржанның кеңесiмен әскери комиссариатқа барып, Ақтөбе қаласындағы Азаматтық әуе флотының ұшқыштарын даярлайтын училищеге жолдама беруiн өтiнедi. 2 жылдық оқу орны әскери ұшқыштарды дайындайтын жедел оқыту-үйрету курсына айналуға жоғарыдан бұйрық күтiп жатқан кезде Ұлы Отан соғысы басталып кеттi. Бiрiншi оқу жылын бiтiрген курсанттардың бәрi әскер қатарына шақырылғандар санатында болды да, олардың iшiнен Қажытаймен бiрге 4 жiгiт Армавирдегi әскери жойғыш (истребитель) ұшқыштарды даярлайтын 1 жылдық мектепке жiберiлдi. Бұл мектепте ол авиаконструктор В.М. Петляковтың әуелгiде — «жойғыш-тосқауыл», ал кейiнiрек — «шүйiлiп бомбылаушы» деп аталған Пе-2 ұшағын игеруге дайындалып, 1942 жылдың басында майданға кеттi де, Ленинград және Балтық майданында жауды жаншыған 284-шi әуе дивизиясының 701-шi әуе полкiнен бiрақ шықты… Әрине, ұшып-жаттығу мектебi мен майдан шебiндегi ұшылымдық әскери тексерiстердiң айырмашылығы жер мен көктей. Қажытай аға ол тексерiстерден сүрiнбей өтiп, әскери бөлiм нұсқаушылары мен командирлерiнiң көзiне iлiндi.
… Жеркепеде (блиндаж) ұйықтап жатқан Шалабаевты эскадрилья командирi (лақап аты — «сибиряк») капитан Николай Михайлович Финкенштейн таңсәрiде оятып, әскери тапсырмамен ұшатындары туралы хабарлады. Тапсырма — Новосокольники (Псков облысы) қаласының маңына жеткiзiлiп жатқан солдаттарды, қару-жарақ пен жанармайларды тасымалдап жатқан немiс эшелондарын бомбалау. Көкке көтерiлген 5 ұшақты Финкенштейн өзi бастап келедi. Биiктiк — 1500 м. Нысана — 100 шақырымнан асатын темiржол желiсi. Әр экипаж еншiсiне тиген 15-20 шақырымдық жол бойын барлап тексеруi тиiс. Эскадрилья командирiнiң жетекшi ұшағының теңселген белгiсiнен кейiн әр ұшақ өз еншiсiне тиген жол бойына 60-700 метрге дейiн төмендеп, темiржол желiсi бойымен ұшуы керек. Сол-ақ екен, штурман жiгiт Борис: «Жолдас лейтенант, жау эшелоны!» — деп саңқ ете қалды. «Көрдiм!» деп жауап берген Қажытай ұшағын жедел артқа қарай бұрып алып, түтiнiн будақтатып зымырап бара жатқан эшелон паровозын нысанаға алды. 500 метрге дейiн шүйiле төмендедi де, астындағы бомба тетiгiн ағытып, штурвалды өзiне тартып қайта жоғарылай бастады. Әттең-ай, бомба нысанаға дәл түспеген болды — эшелон жүйткiп барады. «Қайта шүйiлемiн, бұл жолы қапыда қалмайық!» — деп, 400 метрге дейiн төмендедi. Мұны көрген паровоз үстiндегi немiс пулеметшiлерi де оқ жаудыра бастады. «Бомба!» деп бұйрық бере салып, «әткеншек» тәсiлiмен қайта көтерiле бергенде ұшақты бiр бейтаныс күш сол жаққа қарай лықсытып жiбергендей болды. Штурвалды берiк ұстаған ұшқыш моторлар қуатын қосып, тез көтерiлмек болса да ештеңе шықпады. «Ия, ұшақ зақымдалған екен…» деген тұжырыммен көзiн жердегi эшелонға салды да, будақтап жанып жатқан поезды көрiп, аэродромға бет бұрды. Шындығында, тым төменнен тасталған бомбаның жарықшағы ұшақтың сол қанатының алдыңғы қырын снаряд тигендей жұлып кетiптi. Әйтсе де, бұл бiрiншi әскери тапсырма сәттi орындалды. «Бiр таңданарлық жәйт — мен ұшқан ұшақтардың 21-шi, 41-шi, тағысын тағы осындай «1» санымен аяқталатын ұшылымдар кезiнде зақымдалуы. Әскери тапсырмамен 81-шi ұшырылымда әуеден барлап, жау тылындағы тыныс-тiршiлiктi фото, картаға түсiрiп қайтуға аттандым. Екi моторлы Пе-2 ұшағының экипажы 3 адамға ендi фотооператор қосылды. Алакөбеде көкке көтерiлген ұшу жылдамдығы сағатына 540 км-лiк ұшаққа қауiп екеу: бiрiншiсi — немiстiң «Мессер» жойғыш ұшағы болса, екiншiсi — зениттiк зеңбiректер. 8 мың метрлiк биiктiктен 1000-1200 метрлiк биiктiкке дейiн төмендеп, жаудың жайласқан позициясын, қорғаныс-атыс бағыттарын, техникасын, т.б. жабдықтарын фотосуретке түсiру оңай шаруа емес.
Ұшақтың нақтылы бағытта ұшуына штурман жауапты болса, зенит қаруларына қарсы маневрлердi жасауға — ұшқыш, ал фотокарта сапасына фотооператор жауапты.
Қысқасы, алды-артымыздан, екi бүйiрiмiзден, астымыздан жарқылдап жарылып жатқан снарядтардың бiреуi ұшақтың орталық қанатының алдыңғы жағынан тиiп, штурманым ауыр жарақаттанып, өз аэродромымызға келiп қонғанымызша асықтық. Қона салып, арқамыздағы парашютты шешпестен полк дәрiгерiн «Тез жүрмесең атып тастаймын» — деп қуып әкелсем де көмек болмады. Снаряд жарықшағы тура тиген екiншi кабинадағы Борис Андреев көп қанын жоғалтып, бiр сағаттың iшiнде көз жұмды. Өлер алдындағы оның маған тапсырған аманаттарын Мәскеудегi ата-ана, туыстарына елге қайтып келе жатып тапсырдым…» — деп Қажекең көз алдында қаза болған майдандас та тағдырлас досын осылай есiне алды…
Бас-аяғы майдан шептерiнде 217 әскери ұшырылым жасаған Қажытай ағаның бұл естелiктерiнен алынған үзiндiнi бiз 1993 жылдың 8 мамыр күнi «Семей таңы» газетiнiң № 55 санында жарияланған газет тiлшiсi Мерғали Ыбыраевтың очеркiнен келтiрiп отырмыз.
Тарихтан жақсы белгiлi:
— 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград түбiнде қоршалған фельдмаршал Паулюстiң армиясы тiзе бүктi;
— осы 1943 жылдың қаңтарында Ленинград блокадасы бұзылды.
Ендiгi жерде Кеңес әскерлерi барлық майдандарда шабуылға шыға бастады. Осы үрдiс Шалабаев Қажытай ағаның да әскери өмiрiне елеулi өзгерiс әкелдi. 1943 жылдың тамызында оны майдан шебiнен шегiнiп бара жатқан, болмаса тықсырылып, қорғанысқа даярланып жатқан жау әскерiне күтпеген жерден күндiз-түнi соққы беруге өте ыңғайлы болып табылатын У-2 (По-2) ұшағын игерудiң жедел дайындау курсына жiбердi. Осы орайда, айтулы авиаконструктор А.С. Яковлевтiң «Записки конструктора» атаулы кiтабынан (Политиздат, 1979 ж. Мәскеу) бiр үзiндi келтiре кетуiмiз өте орынды болар: «Надо откровенно сказать, что ни мы, ни тем более немцы не принимали в расчет эту машину как средство ведения воздушной войны. А между тем, маленький самолетик, этот труженик войны, собранный из планок, склеенный из фанеры, простой, нетребовательный к аэродромам, взлетавший с любых, самых маленьких площадок, заправлявшийся несколькими ведрами горючего, садившийся в самых неподходящих местах, наносил заметный ущерб противнику. Каждую ночь эти самолеты беззвучно подходили к переднему краю противника, к военным складам, к штабам и забрасывали их сотнями хотя и мелких, но смертельных авиабомб. Немцы бесились, но так и не придумали средств борьбы с этими ночными маленькими, больно жалящими осами — самолетами У-2…».
Өзiне Ақтөбе мектебiндегi сонау 1940 жылдың күзiнен жақсы таныс У-2 (учебный) ұшағын (жасап шығарушы конструктор Н.Н. Поликарпов қайтыс болғаннан кейiн (1944 ж.) По-2 деген атауымен белгiлi) Қажытай аға өте тез арада игерiп, әскери бөлiмiне мақтау қағазын әкеп тапсырды. Осы ұшақтармен қайта жабдықталып, сиреп қалған ұшқыштар қатарын келiп жатқан жас ұшқыштармен толықтыру және олардың әскери тапсырмаларды орындау шеберлiгiн шыңдап жаттықтыру полк қолбасшыларының басты мiндетiне айналған кез. Әсiресе, түнгi бомбалау, барлау, партизан отрядтарымен байланыс жасау, тағысын-тағы толып жатқан ұшырылымдар тәсiлдерiне үйрету…
Қаңтар айының ортасында iргелес жатқан 3 майдан (№ 2 Балтық, Ленинград және Волхов) шабуылға бiрдей шығып, фашистердi Ленин қаласынан 220-280 км-лiк қашықтыққа дейiн ысырып тастады. Бұл әскери жеңiстерде Қажытай аға қызмет ететiн 701-шi авиаполктың үлесi де аз емес. Полкке «Гвардиялық түнгi бомбалау авиаполкi» атағы берiлдi, ал лейтенант Шалабаевтың кеудесiне «Қызыл Жұлдыз» орденi тағылды және оған «аға лейтенант» шенi берiлдi…
Кезектi түнгi әскери барлау тапсырмасын орындап келiп, демалып жатқан Шалабаевты эскадрилья кезекшiсi: «Жолдас аға-лейтенант, Сiздi полк штабына жедел түрде шақырып жатыр!» — деп оятты. Штабта оны әскери дайындық бойынша орынбасар полковник Смирнов қабылдап: «Сенiң жерлес атаң өз қаржысына ұшақ жасатып, бiздiң Армияға жiберiптi, құттықтаймын! — дедi.
Мiне, Радиограмма: «Москва, 20 сентября 1944 года. Командующему Ленинградского фронта генерал-полковнику Еременко.
Организовать вручение самолета имени Хаджи-Мукана опытному лучшему пилоту-казаху 15-й Воздушной Армии. Решением Военного совета самолет будет вручен тебе, поздравляю еще раз!…
«Бiр апта өткенде маған салтанатты митингте полк ұшқыштары сабының алдында По-2 ұшағының кiлтi тапсырылды» — деп есiне алады Қажытай аға. — Толғанысымда шек жоқ. Бұған дейiнгi соғыс майданында орындаған 97 әскери ұшырылымдарым бiр төбе болса, Батыр ағаның ұшағымен орындалған 120 әскери ұшылымдарым бiр төбе болып қалғаны есiмде. Ұшақтың сол жағындағы бүйiрiне «Летчику-казаху от Хаджи-Мукана» деп жазылыпты. Үлкен толқыныста тұрып, мен сөз алдым:
«Жолдастар! Мен елдес колхозшым, қазақтың қарт балуаны Қажымұқан батырдың сыйлығын, осы жаңа ұшақты алғаныма шексiз қуаныштымын. Бұл ұшақпен фашистердi бұрынғыдан да бетер талқандап жаныштайтыныма, ұшақты соғыстың соңғы күнiне дейiн аман сақтайтыныма ант берем. Мұны мен өзiме мақсат етiп қойдым және бұл туралы Қажымұқан ағама да хат жаздым…— дедiм».
Қажытай ағаның осы қысқаша естелiгiн сонау 1967 жылы ұшу жұмысынан кетер алдындағы медициналық комиссиядан өтуге Алматыға келген кезiнде болған асығыс сұхбатынан келтiрiп отырмын.
Әйтсе де, 2-3 тапсырмаға тоқтала кетейiк:
… Бiрiншi әскери ұшырылымында Қажытай аға барлаушылық мiндетiмен қатар жаудың қорғаныс нысандарын бомбалап қайтты. Майдан шебiнен ұшып өту кезiнде екi мәрте зенитшiлердiң атқылауына кезiккенмен, ұшырылым сәттi аяқталды;
… 1945 жылдың 26-қаңтарында Мосты деп аталатын темiржол станциясындағы эшелондарды бомбалап, өрт ошағын туғызды;
… осы жылдың 21-ақпанында Асерити станциясында тұрған жау эшелонын бомбалап, екi өрт ошағын туғызды. 1945 жылдың 10-шы маусымы күнi жазылған 3-шi авиаэскадрилья командирi капитан Протасовтың Шалабаевқа қатысты куәландыру ұсынысында: «… При этом уничтожил или повредил до 16 автомашин противника с войсками и грузами, разрушил два дома и создал три очага пожара в местах скопления живой силы и техники врага, отмечено одно попадание в ж/д эшелон и 10 попаданий в ж/д полотна» — деп көрсетiледi.
Жалпы алып қарасақ, 1944 жылы жасалған 355 ұшылымдардың 38 ұшырылымы әскери тапсырмамен атқарылса, түнгi жаттығу ұшырылымдары — 135, күндiзгi жаттығу ұшырылымдары — 55. Сондай-ақ, 1945 жылы жасалған 136 ұшырылымдардың 80 ұшырылымы әскери тапсырмамен атқарылса, 16 ұшырылымы — түнгi, ал 14 жаттығу ұшырылымы арнайы тапсырмалармен, 4 ұшырылымы — күндiзгi «соқыр» (под колпаком) ұшырылымдар болған.
«Ұлы Отан соғысының I-шi және II-шi дәрежелi» ордендерiмен, бiрнеше медальдармен марапатталған ағамыз майдандағы ерлiктерiн бабасы Қаракерей Қабанбайдың рухына тағзым ете жүрiп атқарғанын да жасырмай айтушы едi. Әсiресе, Қара қыпшақ Қобыланды батырдың рухына табынып өткен Қажымұқан ағасының аманатын абыроймен атқарғанын зор мақтаныш етiп өттi. Халық ақыны Тұманбай Молдағалиевтың:
“Талай-талай мықтымен тайталасып,
Оның жолын ұрпағы қайталасын.
Қажымұқандай ұл туған қазағымды,
Күштен кем деп қалайша айта аласың.
Достарына құшағын айқара ашып,
Жомарттығын жас буын қайталасын.
Қажымұқандай ұл туған қазағымды,
Мәрт емес деп қалайша айта аласың” — деген өлең жолдарын жатқа айтқанда, Қажекеңе ерiксiз таң қаласың. Соғыстан кейiнгi 1946 жылдан 1967 жылға дейiн По-2, Як-12, Ан-2 ұшақтарымен көк жүзiнде 16 мың сағаттай ғұмырын өткiзген Қажытай ағаның артында өшпес iз, ұлағатты ұрпақ, ұмытылмас жарқын бейнесi қалды.
Бесiктегi белi қатпаған ұрпағын «Ата жолын қудың ба? Әке жолын қудың ба?» — деген өлең жолдарымен әлдилеп жұбататын қазақ халқының атынан «Аруақтардың алдынан жарылқасын!» — дей отырып, Қажытай ағаның ұшқыш болып жұмыс iстеген ұлдары Ғазиз бен Талғатқа, авиаторлар санатында еңбек етiп жүрген қыздары Рәзия мен Ғалияға, өсiп келе жатқан немере-шөберелерiне табысты тiрлiк, баянды бақыт тiлеймiз.
Әбу СМАҒҰЛҰЛЫ, Қазақ азаматтық авиация ардагерi
Дереккөзі: turkystan.kz