Күллі қазақ «күш атасы» ретінде қадір тұтқан Қажымұқан – ғибратты ғұмыр кешкен сан қырлы тұлға. 15 жасынан топқа түскен Қажекеңнің жасы 70-ке келгенше күресті тастамауының өзі – оның жаратылысы бөлек саңлақ спортшы екендігінің айғағы. Бір айта кетерлігі, 11-атасы Қарақыпшақ Қобыланды болып келетін Қажымұқанның дара бітімі бала жасынан-ақ байқалған.
Өзі құралпылас балалармен ойнап жүргенде әлдекімге жазатайым қолы тиіп кетсе, оңдырмайды екен. Соған байланысты шағым айтып келген адамдарға әжесі Айсары: «Өгізге мініп ойнап жүреді де, ол зорығып жатып қалса, лақтай көтеріп, иығына салып, үйге әкеледі. Өгіз көтеріп ойнайтын бала менің ұрғанымды елең қыла ма?» – дейтін көрінеді. Толағайлық күш-қуат тумысынан дарыған Қажымұқан осылайша бала күнінен ерекшеленіп, 12-13 жасында 20-дағы жігіттің кейпіне енеді. Жоқшылық салдарынан еңбекке ерте араласуға мәжбүр болған ол Қызылжарда Масликов деген саудагерге жалданып, соның жұмысын істейді: малын бағады, шөбін шабады, жүгін тасиды. Бірде қыстыгүні шанамен шөп алып келе жатқанда жеккен аты болдырып, алға аттап баспай, төрт аяқтап тұрып алады. Ыза кернеген шөпші бала қарға көмілген шананы артынан итеріп кеп жібергенде, ортаға жеккен ат шананың астына түсіп өледі. Оны таудай маяның үстіне тастай салып, екінші атты шананың артына бос байлаған Қажымұқан дәу шананы өзі сүйреп, ауылға жеткізеді. Қабырғасы әлі қатпаған қаршадай ғана баланың жойқын күші маңайдағы үлкен-кішіні түгелдей таң-тамаша қалдырады. Қажымұқан 18 жасында Омбыға келіп, қалалық циркте өтіп жатқан күресті көреді. Сондай кезекті сайыстардың бірінде чемпионаттың күшті палуандарының бірі А.Злобин: «Көрермендер арасында күрескісі келетін адам бар ма?» – деп сұрайды. Ортаға Қажымұқан шығады. 18 минутқа созылған белдесуде орыстың кәсіпқой палуаны жасөспірім баланы әрең жеңеді. Осы белдесуден соң-ақ Қажымұқанның спорттағы үлкен жолы басталады. А.Злобин оған күрес мектебінде оқуға кеңес береді.
Оның ақылын құп алған Мұқан Петербургте «Ваня аға» деген атпен жұртшылық құрметіне бөленген И.Лебедевтің тәрбиесінде болып, француз күресі мен цирк өнерін ынты-шынтысымен беріле үйренеді, жалықпай жаттығады. Содан алты айдан кейін Одессаға барып, Ветлижинскийдің жекеменшік мектебіне түсіп, Еуропа мен Американың күрес түрлерін үйренеді. Күрес тәсілдерін жете меңгеріп, өз мүмкіндігін іштей шамалаған Қажымұқан тұңғыш рет Киевте күреске түсіп, Иван Заикин секілді екі-үш айтулы спортшыны жеңеді. Алайда орыстың атақты палуаны Иван Поддубныйдан ұтылып қалады. Онымен артынша қайта белдесіп, жеңіске жетеді. Бірақ шешуші белдесуде Поддубный басымдау түседі де, Қажымұқан жүлделі екінші орынды иеленеді. Поддубныймен өмірлік достығы осы сәттен басталған Қажымұқан ол туралы: «Ондай адамды жер жүзінен кездестірген емеспін. Адам десең – адам, палуан десең – палуан, арыстан десең – арыстан еді», – деп үнемі айтып өткен деседі.
Қажымұқанның күрес өнеріндегі жеңісті жолы одан әрі қарай Париж, Лондон, Варшава, Гамбург, Стамбул, Рим, Прага, Вена, Мадрид, Одесса, Лодзь, Минск, Симферополь, Ялта, Орел, Вильнюс, Ковна, Бағдат, Дамаск топырағында жалғасады және 1905 жылға дейін-ақ палуан әлемнің 24 елінде болып үлгереді. Бірқатар деректерге сүйенсек, күш жағынан алып қарағанда Қажымұқанның теңдесі болмаған. «Оның алапат күшінен қарсылас палуандарының қорыққандығы соншалық, кейбірі тіпті чемпионаттан шығып қалуға мәжбүр болған. Сол себепті де Қажымұқан көбінесе шын күрестен аласталып, шартты күрестің маңында пайдаланылған. Оған көнбей, шындай бастаған жағдайда «күрестің ережесін бұзды» деп, белдесуге қатысушылар тобынан шығарып отырған» деген де пікірлер бар. Осылайша, Қажымұқанның спорттық өмірбаянында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Тіпті кейбір жекпе-жектері халқымыздың ұлы перзенті үшін шын мәніндегі өмір мен өлім айқасына айналған. Мысалы, бұған палуанның Саракики, Георг тәрізді басқа да көптеген қарсыласымен жекпе-жектері дәлел бола алады. Әсілі, жақсының бағасын білу де – зор қасиет. Осы орайда, мейірбан халқымыз Қажымұқандай біртуар ұлын шексіз махаббатымен мейлінше аялай білген де. Ел-жұртының ыстық ықыласына тәнті болған палуанның Ә.Тәжібаевқа: «Мен Қажымұқан болғалы қазақ думаны қасымнан арылып көрген емес», – дегені бар.
Дереккөз: alashainasy.kz