Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Дауды бітіммен шешу

Дауды бітіммен шешу

Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде қалыптасудың орасан зор жасампаз жолын өтіп, «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей бүкіл әлемнің сенімді әрі тұрақты әріптесіне айналды.

Біздің еліміздің уақытылы жүргізілген экономикалық реформаларды, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан салмақты үлесін, бейбітшілік пен келісімнің тиімді үлгісін жасағанын бәрі біледі және құрметтейді.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып заманауи институттары мен табысты нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, халықтың әл-ауқаты өспелі деңгейдегі және теңгерімді сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде танылды.

«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Яғни, даулар – алдыңғы қатарлы дамыған немесе дамуы орта деңгейдегі кез-келген мемлекетке тән құбылыс. Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәселелерді сауатты, салиқалы, байыппен шешудің оңтайлы жолы сот процестерінде татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану болып табылады. Осы ретте, елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институты енгізіліп, медиатордың құқықтық тетіктерін реттейтін 28 қаңтар 2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Медиация – екі жақтың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады.

Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам келтірілген зиянды қалпына келтіріп, жәбірленушімен татуласса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады. Заң аясында медиацияны қолданудың ережерелері адам өлімі, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.

Сот ешкімді мәжбүрлеп, жүктемейді. Ал медиатор сот төрелігін іске асырумен байланысты емес бейтарап тұлға ретінде сотталушы мен жәбірленушінің татуласуына жағдай жасайды. Екі жақ медиативті келісім құруға өз еркімен келіскен жағдайда сотталушы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігін іске асырады. Сондай-ақ қылмыстық процестік кодекстің 85-бабымен медиатор процессуалды тұлғаның өкілеттігі бекітілді.

Медиацияны толық қолдану сот қызметінің жұмысын оңтайландырып, жұмыс жүктемесін анағұрлым азайтуға қолайлы мүмкіндік туғызады.

Ендеше, әрбір судья татуластыру рәсімдерін қолданып, екі жаққа дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу арқылы соттағы іс жүргізу заңнамасының міндеттерін орындап қана қоймай, дауларды, кикілжіңдерді шешіп, елдегі ынтымақты, бірлікті сақтауға үлес қосатыны анық.

 

Нұрдаулет МИРАН,

Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының жетекші маманы.

 

Пікір жазу