Ысырап – иман, сөз және іс-әрекеттерде діннің, ақылдың немесе ғұрыптың белгілеген өлшемдерінің шегінен шығу немесе асыра сілтеу, қолдағы бар мүмкіндікті рұқсат етілмеген мақсатта жұмсап, шашуды білдіреді. Имам Ғазали «Мүмкіндіктерді діннің, ғұрыптың және адамзаттың қажеттілігіне керекті мөлшерде жұмсау – жомарттық, одан төменгі мөлшерде жұмсау – сараңдық, ал осы өлшемдерден асып кету – ысырап»,– деген екен.
Сондықтан адам баласы қолындағы барлық мүмкіндіктерді Алла жолында, қоғамның қажеттілігіне жұмсаса, ысырапқа жатпайды. Осыған қатысты«Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ал ысырапта ешқандай жақсылық жоқ» деген бір қанатты сөз қалған.
Негізінен Хақ тағала адам баласының адал жолмен табыс тауып, оны адал жолда қалағанынша қолдануға ешқандай қарсы емес. Құран кәрімде «….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» [1] – («Ағраф» сүресі, 31-аят) деуде. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» [2], – деп ескертіп, біздер үшін өлшем белгілеп берген. Ислам діні адам баласы үшін жақсы саналған нәрселерді адал, зиянды нәрселерді арам еткен. Дүние нығметтері – адамға тарту етілген сый әрі аманат. Осы сыйдың қадірін біліп, дұрыс мақсатта қолданып, шүкіршілік жасасақ, Алла тағала бұл нығметтерін одан сайын арттыра түседі. Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер нығметтерімді одан сайын арттыра түсемін» делінген. Әсілінде, ысырапшылдық осы нығметтердің қадірін білмеуден туындауда.
Қазіргі таңда ысырапшылдық адамзатты тығырыққа тіреуде. Бұның астарында дүниеге деген көзқарас пен соған сай қалыптасқан сана жатыр. Ысырапшылдық тіршілігіміздің барлық саласына әбден сіңіп кетті. Ішіп-жеу, киіну, жүру-тұру, энергия көздері, тәнімізбен қатар рухымызға дейін, жаратқанның сыйға тартқан нығметтерін оңды-солды шашудамыз. Қазіргі күні аста-төк дүние қажеттілік ретінде бағалануда. Соның салдарынан шектен тыс ысырапшылдық орын алуда.
Әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, бір жылдың өзінде аштық пен дұрыс тамақтанбаудан 10 миллион адам көз жұмады екен. Ал ысыраппен қалай болса солай жұмсалып жатқан азық-түліктің төртте бірі үнемделсе 870 миллион адамның азық-түлік қажеттілігін өтеуге жетеді екен. Кейбір деректерге сүйенсек, бір ғана АҚШ-тағы қоқысқа тасталған азық-түлік қалдықтарының өзіне 80 миллион адам тоятын көрінеді. Ал әлемде әр бес минутта бір бала аштықтан жан тапсыруда. Олай болса, бір жапырақ нан мен азық-түлік ысырабының қандай нәтижеге жол ашатынын өзіңіз пайымдай беріңіз. Әсілінде, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.): «..Негізінде, адамға белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын» [5], – деп айтқанындай, ысырапқа жол бермей тамақтануға болады. Тіпті, тамақтанудың ең дұрыс жолы осы. Бірақ, ысырапшылдық қанына әбден сіңіп кеткен бұл күннің адамына бұл тым ауыр тиетін шығар. Алайда, шындық солай.
Мысалы, судың тіршілік көзі екенін бәріміз білеміз. Сол судан секундына бір тамшы ағатын болса, бір жылда алты тонна су жиналады екен. Сіз бұған жуыну-шайыну барысында мөлшерден тыс қолданған су көлемін қосыңыз. Ал таза ауыз суға қол жеткізе алмаудың салдарынан жылына 8 миллион адам түрлі ауруларға ұшырап, көз жұмуда. Сондай-ақ қазіргі таңда күн санап өсіп келе жатқан адам саны мен шаруашылық түрлерін есептесек, суға деген қажеттіліктің одан сайын арта түсері түсінікті. Бұлай кете берсе, келешекте адамдар су үшін соғысатын болады. Олай болса судың да сұрауы барын ешқашан қаперден шығармау керек.
Энергия мен жылу көздерін қолданудағы ысырапшылдық та шаш етектен. Бұған күнделікті өмірді қолданып жүрген қағаз ысырабын қосыңыз. Бір тонна қағаз үшін 17 ағаш кесіледі. Бұл 70 текше метр орман алаңы деген сөз. Ал бір ағаштың өсуі үшін 20-30 жыл қажет.
Табиғи байлықтарды дұрыс қолданбау салдарынан әлемдегі керемет тепе-теңдіктің астаң-кестеңі шығуда. Бір жапырақ нанның өзінің дастарханымызға келгенге дейінгі өтетін кезеңдеріне қысқаша көз жүгірткеннің өзінде оған қаншама күштің жұмсалатынын байқаймыз. Бұған бекерге тасталып жатқан нәрселерді қоссаңыз, қоршаған ортаға қандай зиян тигізіп жатқанымызды айтудың өзі артық. Ластанған ауа, өзен-көлдер, эррозияға ұшыраған топырақ, тесіліп жатқан азон қабаты т.б. секілді мәселелерді еске алсақ, ақыреттің келуін өз қолымызбен тездетіп жатқандаймыз. Ысырапқа бой алдырған қоғамдар міндетті түрде қиындыққа тап болады. Қазір оның мысалын анық көрудеміз. Алып мемлекеттердің өзі азаматтардың материалдық қажеттіліктерін өтеп, «бақытты ету» жолында белшесінен қарызға батуда.
Ысырапшылдық пен шектен тыс тұтынушылық – сырттан қарағанда пендені бақытты ететін секілді көрінетін, алайда кейін оны тастауға қиналатын жаман әдеттердің бірі. Ысырапшылдық қанағатсыздықтан туындайды. Сондықтан да «қанағат қарын тойдырады, қанағатсыздық жалғыз атын сойдырады» дегендей, түптің түбінде қанағатсыздық сан соқтырады. Ал қанағатпен өмір сүрген адам осы дүниеде де берекеге кенеліп, ақыретте аманатқа жауапкершілікпен қараудың сыйын алады. Балаға әр сұрағанын алып беру оны өсе келе тек қана тұтынушы бір машинаға, менменшіл, нығметтің қадірін білмейтін жандарға айналдырып жібереді. Сондықтан ата-ана баласына пайдалы нәрселерді ғана алып бергені жөн.
Адам баласы дініміздің белгілеп берген тура өлшемдерін негізге алса, ысырапшылдықтан өзін аман сақтап қалады. Сол үшін кез келген нәрсені алар кезде «Шынында ол қажеттілік пе, әлде тек қана нәпсінің қалап тұрған нәрсесі ме?» деп ойлану. Отбасы, мектеп қабырғасынан бастап өмір бойы ысырапшылдықпен күресуді әдетке айналдыру қажет. Тіпті әр намазымыздан кейін осы дүниеде берілген нәрсенің бәрінен міндеті сұралатынымызды біліп, сол есеп күні есебім дұрыс болар мекен деп уайымдап, балаларымыздың да анасына осы түсінікті сіңіру керек. Аштықтың дәмін татпаған, бар нәрсенің қадірін білмейді.
Сондықтан аштық келмей тұрып, аш қалмаудың жолдарын балаларымызға, ағайын-туыс, дос жаран бәріне тегіс үйрету керекпіз. Демек күллі адамзаттың басына қара бұлыт үйіретін ысырапшылдықты жою үшін сананы тәлім-тәрбие, имандылық арқылы түзеуіміз қажет. Мұсылмандар Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз.
Рахымберді Азамханов,
Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі Данбай ата мешітінің молдасы.