Қазанның алғашқы жексенбісі – елімізде ұстаздар күні. Атаулы мерекеге орай Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында мерекелік іс-шара өтті.
Ардагер ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға Түркістан қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектептің ұстаздары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Ұстаз жүгі – ауыр жүк» екенін тілге тиек еткен «Ұлы дала Елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева зейнеттегі ұстаздарға ыстық ықыласын білдіріп, мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Шара барысында ардагер ұстаздарға арнап «Біз де жас болғанбыз» атты сахналық қойылым көрсетілді. Қойылым желісі жастық шағын еске алған екі ардагер ұстаздың сағынышы туралы өрбиді. Ерекше ықыласпен тамашалаған кешке қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ 80-90 жылдардағы ретро әндерді бірге орындап, би биледі.
Ардагер ұстаздар өмір жолындағы естеліктерін айтып, жас ұстаздарға ақ жол тіледі.