«Ұлы дала елі» орталығының Нәзір Төреқұлов музейінде «Мәңгілік елім — Қазақстан» атты фотокөрме өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылыған көрмеде көрермен назарына тарихи сәттерде түсірілген фотолар мен қанатты сөздер ұсынылды.
Фото көрмені тамашалауға келген қонақтар мен оқушыларға экскурсия жүргізуші Ташимов Бағлан таныстырды. Ол өз сөзінде: «1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды» деп мейрамның маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында музейге келушілер аталмыш көрмеге белсене атсалысып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сондай-ақ олар құнды ақпарат алып, көрме алдына естелік фотоға түсті.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар, биыл мамыр айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды екенін айта келе, осы ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алу керек екенін атап өтті.
Тоқтала кететін жайт, әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар, бұл мереке мемлекетімізде 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізіліп, 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Ал 2009 жылдан бері Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалып қалды.