Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Тәлімді таудан алған еңбеккер

Тәлімді таудан алған еңбеккер

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөл­шегіне айналуы тиіс. Еңбек идеясы – азаматтық құл­шы­­нысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық-бағ­дарлық ұйыстырушыға айнала алады. Қоғамның бар­лық тобына тән еңбек идеясы адамдарды әлеуметтік мәр­­тебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әле­уетке ие.

Бүгінгі еңбек адамы бейнесіндегі Төлеби ауданындағы Пошан Әбілдаев ақсақалды осы төңіректегілер тегіс таниды, танып қана қоймайды, ерекше сыйлайды десек, артық айтқандығымыз емес. Ол талай жыл «Ақсу-Жабағылы» қорығында қызмет атқарды. Қорықтың әр тасы, әр талы оның күні бүгінгідей жадында.

Пошан ақсақал осы ауданның Төңкеріс ауылында дүниеге келеді. Тоқсанның төріне шыққан қария әлі де тың, санасы сергек. Әңгімені қиюын келтіріп айтады.
Кіші Балдыберек өзенінің жағасында ғұмыр кешіп жатқан онымен таяуда жақынырақ әңгімелесудің сәті түсті. Пошан ақсақал өте қарапайым жан болып шықты.
– Ассалаумалейкум, ақсақал! – деп қарияның қолын алдық.
Кең бөлме ішінде отырып әңгімелестік. Өзін ширақ ұстайды екен. Өте мәдениетті, байсалды, қарапайым. Өткен күндерді еске алып, әңгімені әріден бастады.
– «Ақсу-Жабағылы» қорығы 1926 жылы 11 шілдеде құрылды. Мен ол кезде сегіз жасар баламын. Кіші Балдыберек пен үлкен Балдыберектің суына шомылып, асыр салып, Тянь-Шань тауының ұшар басына тамсана қарап өстім. Арша, долана, үш қат, жиде, тоғыз қат, басқа да ағаштар өседі. Менің өмірім «Ақсу-Жабағылымен» тығыз байланысты. Осында зейнеткерлікке шыққанша табан аудармай еңбек еттім. Дулатбай деген кісі осы орманда аюмен алысқан еді. Е, бұл жерде қандай қызықты оқиға өтпеді десеңші! Негізі бұл жер тұнып тұрған тарих! – деді ақсақал.
Қарияның әңгімесі бізді еліктіріп ала жөнелді. Анда-санда жәй езу тартып қояды.
– «Ақсу-Жабағылы» қорығына 1968 жылы 11 мамыр күні жұмысқа қабылдандым. Инспектор болдым. 1994 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бірнеше рет марапатталдым. Елге алғысым шексіз. 2016 жылы облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов «Ақсу-Жабағылы» қорығына келді. Бізбен кездесу өткізді. Әкімшілік қорық туралы кітап шығарды, ішіне менің суретім мен өмірбаянымды берді. Бұл менің еңбегімнің жемісі. Қатты қуандым, – деді ақсақал.
Пошан қарияның қосағы Сәндікүл апай 2001 жылы өмірден өтіпті. Екеуі үш ұл, сегіз қыз тәрбиелеп өсіріпті. Үлкен ұлы Дауылбай отыз жылдан бері әке жолын қуып, қорықшы болып еңбек етеді. Пошан қария кенже ұлы Нұрғалимен бірге тұрады. Немерелері өсіп келеді.
– Мен өзімді-өзім алып жүрудің қыр-сырын табиғаттан үйрендім. Тау адамды тәрбиелейді. Қырағылықты, ептілікті, жауапкершілікті маған тау үйретті. Адамның басты байлығы – денсаулық. Біз мұны шынайы түсіне білуіміз керек.
Тянь-Шань тауы өзгеше бір әлем. Табиғаты ғажап! «Ақсу-Жабағылы» қорығы Қырғыз елінің Талас облысымен, Қазақстанның Жамбыл облысымен шектеседі. Біздің жұмыс көбіне тау мен орман ішінде емес пе, кейде қорықшы күркесінде қонып та қаламыз. Осындайда ермегіміз кітап болушы еді. Оның үстіне Қырғыз елімен шекаралас болғаннан соң ба, Шыңғыс Айтматов жайлы көп еститінбіз. Мен осылай Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» хикаясын қызыға оқыдым. Оның алдында Мұхтар Әуезовтің кітаптарын оқыған болатынмын.
Сексенінші жылдың басында «Ақсу-Жабағылы» қорығына Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат пен жазушы Асқар Сүлейменов келді. Мен қорықты аралатып, Мұрат пен Асқардың жандарында жүрдім. Дәмдес болдық. Екеуі де терең білімді азаматтар екен. Мұрат Әуезов қытай тілінің маманы екен. Асқар маған «Бесін» деген кітабын сыйлады. Қимай қоштастық. Екеуі де маған рахметтерін айтып аттанды. Оларды жиі есіме аламын. Айтқан әңгімелері күні бүгінге дейін жадымда, – деді Пошан ата ойланып отырып. Сосын әңгімесін қайта сабақтады.
– Мына көрші ауыл «Майбұлақ» деп аталады. Осы ауылдан ел басқарған талай азаматтар шықты. Солардың бірі Қуаныш Төлеметов еді. Ол Ақсу-Жабағылыға келгенде:
– «Пошан көке!» деп еркелеп сөйлейтін. Оның ағалары Балтабаймен де Ошақбаймен де араластым. Маған іні болып кетті. Қуаныш ақын еді ғой, – деді ақсақал.
Пошан атаның Дауылбай, Дәуірбай, Нұрғали атты ұлдары бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетіп жүр. Әкелеріне жиі келіп, ақыл-кеңесін алып тұрады.
Ақсақал бізге ескі құжаттарды көрсетті. Ол 1978 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты…
Облыс әкімінің Құрмет грамотасын да қастерлеп сақтайды екен. Біз шежіре қариямен қимай қоштастық.
С.ЖАНӘБІЛ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Пікір жазу