Бар саналы ғұмырының 31 жылын әскери салаға арнаған Түлкібас кентінің тұрғыны Тұрсынбай Пітебайұлы Мырзалиев 22 сәуір күні 70 жастың желкенін кергелі отыр. 1954 жылы Корниловка елді мекенінде дүниеге келген ол алғашқы сауатын осы ауылдағы мектепте ашып, орта білімді Түлкібас стансасындағы №343 білім ордасынан алып шықты. Бала кезінен әскери қызметкер болуды армандап өскен балаң жігіт арман жетегіне ере отырып, 1972 жылы Ташкенттегі танкистер даярлайтын жоғары әскери училищеге құжаттарын тапсырды. Төрт жылда әскери сынақтың барлық саласынан мүдірмей өтіп, лейтенант шенінде 1976 жылы училищені үздік бітіріп шығады. Одан әрі аталмыш оқу орнының жолдамасымен Украинаға аттанады.Бойында жастық шақтың жігері, күш — қайраты алаулаған жас офицер Донецк облысы, Артемовск қаласындағы 44602 әскери бөлімде қызмет атқарып, алғаш взвод командирі кейінірек рота командирі, полк штабы бастығының орынбасары лауызымына дейін көтеріледі. Ол бастаған рота жайлы кезінде Кеңес әскерінің бас газеті » Красная звезда» газеті көлемді мақала жариялап, олардың оқу- жаттығу кезіндегі әбжіл қимылдарын бүкіл Одақ көлеміне таратады. Түлкібастан түлеп ұшып шыққан азамат қызмет барысында өзінің өжеттігінің, біліктілігінің, ширақтығының арқасында талай марапаттарға қол жеткізеді. Олардың арасында 1987 жылы Украин ССР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасының алар орны Тұрсынбай Мырзалиев үшін әрине, өзгеше.
Әскери өмірдегі бар жастық шағы мен қызықты кезеңдерінің 27 жылын Украинада өткізген ағамыз 1991 жылы еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде туған жеріне оралады. Сол жылы желтоқсан айында облысымыздағы ең үлкен аймақтың бірі — Сарыағаш аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары болып қызметке орналасады. 1993 — 1997 жылдары Отырар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, 1998 — 2003 жылдары Түлкібас аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы болып еңбек етеді.
— Түлкібас аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде ол кезде жағдай мәз емес еді, — дейді Тұрекең сол жылдарды еске алып. — Жылу уақтылы берілмегендіктен қызметкерлеріміз тұрып жатқан бөлмелердің іші тастай суық болып тұрды. Оның үстіне жарық та жиі- жиі сөніп қалып жүрді. Осында қызмет атқаратын қызметкерлердің де жалақылары уақтылы берілмейтін. Содан жоқтан бар жасауға тура келді. Аудан әкіміне басқа да құзырлы орындарға шапқылап барып жүріп, демеуші тауып дегендей әйтеуір, жағдайды түзеп алдық қой. Мен қызметке келген кезде біздің бөлім барлық көрсеткіштер бойынша облыста сегізінші орында болса, арада өткен екі жылда облыс көлемінде көш бастадық. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміміздің материалдық жағдайы жақсарып, қалыпты өмір сүруге көштік. 2003 жылы подполковник шенінде зейнетке шықтым.
Бүгінде ауданға есімі кеңінен танымал, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, » «Ленин» орденінің, бірнеше медалдардың, көптеген марапаттардың иегері, асқар таудай әкем Пітебай Мырзалиевтің отын өшірмей қарашаңырақта тұрып жатырмын. Құдайға шүкір, өзімнен тараған 2 ұлым мен 1 қызымнан 9 немере сүйіп отырған жағдайым бар. Бар саналы ғұмырымды Отан қорғауға, әскери салаға арнаған менің кейінгі ұрпақ — жастарға айтарым: Тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды қорғаушысы бола біліңдер, әскери дайындықта үздіктер қатарынан көріне беріңдер! Сендер еліміздің болашағы екендіктеріңді ұмытпаңдар демекпін.
Иә, жеті асуды артқа қалдырып, 70 жастың жотасына көтеріліп отырған ардагер ағаның бұл айтқандарына біздің де қосып аларымыз жоқ.
О.Көмеков