Адам өміріндегі әділетсіздіктің ең ауыры – басыңның саудаға түсуі. Құдайдың бір жаратылысын екіншісі басынып, құлдыққа салып, саудалап жатса одан асқан ақырет, азап бар ма?
Адам саудасы ежелден бар дүние. Жаугершілік замандарда қолға түскен тұтқындардың мойнына шылбыр салынып, бір-ақ сәтте құлға айналғаны тарихтан белгілі. Ешкімге тізе бүккісі келмесе де шарасыздық қамытын кигендер ол тұста аз болған жоқ. Құлдықта ұстап, жұмысқа жегіп, адам еңбегін пайдалану америкалықтардың қара нәсілділерге көрсеткен құқайынан көрініс табады емес пе? Ондағы құрылыс басында, егіс алқабында жүретін африкалықтар ең негізгі жұмысшы күш, ал еңбегіне сай бағаланбауын құқығының тапталуы дер едік. Шарасыздықтан құлдық санаға бейімделген оларға бұл өмірі қалыпты шығар, бәлкім. Бұл жағдай әлемде қара нәсілділерді адам саудасындағы басты бейне ретінде көзқарас қалыптастырды. Оларға деген теріс түсінік, алалаушылық пайда болды. Ашық дереккөздегі мәліметке сүйенсек, 1619-1860 жылдары Африкадан 19 миллионға жуық адам құлдыққа әкелінген екен. Бұдан бөлек 60 миллион африкалық жолдағы азапты жағдайға төзе алмай жан тәсілім еткен. Осылайша Африканың 80 миллионға жуық адамы құлдықтың құрбаны болған. Құлдық мәселесі ежелгі римде де, ислам діні келгенше Араб елдерінде де болған.
Бұл құлдыққа жегу дегенде көпшіліктің алдымен есіне түсетіні. Шындығында бұл үрдіс сонау перғауындар заманынан бастау алған дейді мамандар. Кім білсін, мүмкін одан да арыда жатқан шығар.
Өркениетті қоғамдағы адам құқығы
Құлдық қамытын кигісі келмегендер еркіндік үшін күресетінін біз Рим тарихынан, әйгілі Спартактың оқиғасынан білеміз. Ал Араб сахарасындағы құлдық мәселесінің қалай шешім тапқанын Мұхаммед пайғамбардың өмір жолынан көруге болады. Тіпті басқа бір елді жаулап алушылар да басып алған елінің ұлын құл, қызын күң еткен. Еркіндікке ұмтылғандар құл болуға көнбейді. Бұған Бейбарыс Сұлтанның оқиғасы дәлел.
Африкалықтардың құлдықтан азат болуы азамат соғысы тұсында жүзеге асыпты. Сонда олар екі жүз жыл бойы нағыз азапты күндерді бастан өткергені ғой. Одан бері де тағы төрт ғасыр артта қалды. Өркениетті, дамыған, адам құқығы басты құндылық саналатын демократиялық қоғам орнады дейміз. Алайда ескінің сарқыншағы әлі де жойылмаған. Өкініштісі сол, құлдыққа жегу өркениетті ғасырда да жалғасын тауып, адам саудасы бүгінде жаһандық мәселеге айналды. Тіпті әлемдегі заңсыз ірі кәсіптер арасында үшінші орында деген ақпарат бар. БҰҰ-ның көші-қон комитетінің есебімен адам саудалайтындардың жылдық табысы 150 млрд АҚШ долларын құрайды. Ал адам саудасымен айналысатын елдердің көшбасын Балқан түбегі, ТМД елдері, Оңтүстік Америка, Орталық Еуропа, Африка, Шығыс Азия мемлекеттері бастайды екен.
Құрбандық жас талғамайды
Адамдық қасиеттен ада болғандардың кәсібі құрбандық таңдамайды. Бұл қатарда жас та, жасамыс та, ері де, әйелі де бар. Тіпті дүниеге келе сала саудаға түсіп жатқан сәбилерде бар.
Мұндай құрбандыққа көбіне қыз баласы ұшырайтын көрінеді. Әйелдің әлсіздігі, шарасыздығы дерсің. БҰҰ-ның дерегі бойынша олардың үлесі 70 пайызды құрайды. Ал әрбір үшінші құрбан – балалар екен.
Адам саудасының аясы кең. Мәселен, әйелдерді тән саудасы үшін құлдықта ұстаса, ер азаматтарды жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ал сәбилерді ағзасын пайдалану сынды түрлі мақсатта пайдаланады.
Қазақстандағы құрбандар кім?
Жасыратыны жоқ, бұл мәселе елімізде де өзекті. Қазақстандағы адам саудасы әйелдерді тән саудасына салу арқылы етек жайып отыр. Қаракөздеріміз табыс табудың жолында құрыққа ілініп, Ресей, Түркия, Сауд Арабия елдеріне сатылуда. Сондай-ақ шет мелекеттерге жұмыс істеуге барып, құлдыққа түсетіндер де көбейген.
Елімізге сырттан келетін эмигранттар да бұл кәсіпке таптырмас құрал болуда. Көрші Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елінен келетін азаматтар мен азаматшалар елдегі адам саудасының басты кейіпкерлеріне айналуда.
Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік елімізде 2006 жылы енгізіліпті. Алайда жауапкершіліктен жалтару жағдайы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер кәсіптің белең алуына жол ашқан сыңайлы. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленуде. Ол келер жылы көктемде Мәжіліс қарауына жіберіледі. Сондай-ақ адам саудасына қарсы күресте уәкілетті орган Еңбек министрлігі болып бекітілмек.
Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойған. Хаттамаға сәйкес әрбір мемлекет өз елінде тұратын және шетелдік азаматтарға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуі қажет. Бұл көмек түрі бізде тек 2016 жылы ғана жүзеге асқан. Алайда оны тек адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтар мен тұрғылықты мекен-жайы бар, елімізде тұратын шетел азаматтары мен қандастар ғана ала алады. Ал елімізге уақытша еңбек етуге келген мигранттар адам саудасының құрбаны болса аталған көмек көрсетілмейді. Мұны мамандар халықаралық стандарт талабымен түсіндіреді.
Адам саудасы экономикаға әсер ете ме?
Бұл күресте АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныған. Сондықтан елімізді бақылаудағы елдер қатарына қосыпты. Ал бұл қатардағылар 4 санатқа бөлінеді екен. Қазақстан оның ішінде үшінші санатқа енгізілген. Бір қызығы, осы санаттағы елдер түрлі халықаралық деңгейдегі шектеуге ілігуі мүмкін. Әлемнің ірі елдерінен санкция салынып, ел экономикасына нұқсан келеді деген қауіп бар.
Осыған байланысты былтырдан бастап Қылмыстық Кодекске өзгерістер енгізіліп, адам саудасында кінәлілерге жауапкершілік күшейтілуде. Оларға қылмыс деңгейіне байланысты 4 жылдан жеті жылға, ұйымдасқан топтарға 15 жылға дейін жаза тағайындалады.
Мамандар не дейді?
Жуырда Ішкі істер министрлігі жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркелетінін мәлім етті. Министр Марат Ахметжановтың өзі бұл бағытта ешкімнің кешенді жұмыс істемегенін, мұндай қылмыстың себебі мен салдарына талдау жүргізілмегенін атап өтті.
– Қазір бізде адам саудасының құрбаны туралы толық мәлімет жоқ. Неліктен олар құрбанға айналады? Олар тұзаққа қалай түседі? Одан не себепті шыға алмайды? Өз құқықтарын неге білмейді, полицияға неге бармайды? – деді министр.
Мәселені ашып айтқан министр адам саудасы тек оның салдарымен күрес екенін жасырмады. Биыл бұған қатысты 4 айдың ішінде 30-ға жуық дерек анықталып, 3 қылмыстық топ ұсталған.
Адам саудасы туралы осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық «КТК» арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасы қозғаған еді. Ресейге жұмысқа апарамыз, қомақты қаржы табасың дегенге сенгендер қалай құрыққа түскендерін байқамай да қалған. Құлдықтан босап шыққан кейіпкерлер бастан кешкендерін айтқанда жағаңды ұстайсың. Тіпті сол тұзаққа жақын танысы не туысы, тіпті ұлы мен келінін жіберген аналар болды.
Қоғамда қатыгез адамдардың болуы заңдылық дерміз. Алайда олардың бағына билік, байлық бұйырса адамзатқа не болары белгісіз. Жоғарыдағы көрініс соның айғағы емес пе? Әйтпесе, бір ауылдың тұрғындары бір-біріне бауыр болушы еді ғой…
P.S. Елімізде адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершіліктің әлсіз екендігін айттық. Бұл мәселеге енді көңіл бөлінуде. Нақты заң жобасы келер жылы айқындалмақ. Ал заңсыз кәсіппен күресті ерте бастағандар бүгінде нәтиже беруде. Strategy2050.kz аналитикалық порталы келтірген мәліметке сүйенсек, Норвегия, Щвейцария, Голландия, Грузия, Литва мен Эстония бұл күресте жоғары көрсеткішке қол жеткізген екен. Адам саудасына қатысты заң қабылдаған мемлекеттің қатарында Түркменстан мен Армения да бар. Ал біз келер жылды күтеміз. Оған дейін қанша адам құрыққа түсіп, саудаланатынын кім білсін?