Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Әл-Фараби ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Ауданның 8 айдағы жұмысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте таныстырылды.

Аудан аумағында 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан бар. Инфрақұрылымдық қамту деңгейі жоғары: тұрғын үйлер 100 пайыз ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бері көшелер мен аулаларды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 36 көшеге жарықшам орнату жоспарланып, 103 ауланы жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 49 көшеде асфальт жабынын жаңарту көзделсе, қазіргі таңда 30 көшедегі жұмыстар аяқталған. Аулаішілік жолдарды жөндеу аясында 63 ауладағы бүлінген учаскелер қалпына келтірілді.

Ауданда әлеуметтік нысандардың қатары да толықты. Текесу тұрғын алабында демеушілердің қолдауымен жаңа мәдениет үйі салынды. Көлемі 300 шаршы метр болатын нысанда мәдени іс-шараларды өткізуге арналған зал және қажетті қосалқы бөлмелер қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы сәуірде басталып, екі ай ішінде аяқталған.

Тұрғын үй қорын жаңарту бағытында да жұмыстар жалғасуда. 16 көппәтерлі үйде модернизациялау жұмыстары аяқталса, 7 үйде жөндеу жалғасып жатыр. Ал реновация бағдарламасы бойынша 2029 жылға дейін 28 апатты және тозығы жеткен тұрғын үйді жаңарту жоспарланған.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты — тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру. Көшелер мен аулалардың абаттандырылуы, жолдардың жөнделуі, жарықтандыру жүйесінің жаңаруы және тұрғын үй қорын жаңғыртуы аудан инфрақұрылымының сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.

Жүргізілген жұмыстар ауданның санитарлық тазалығын сақтауға, қоғамдық кеңістіктердің көркін жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нәтижесінде инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйі жақсарып, аудан аумағында өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыруға мүмкіндік беріліп келеді.

Брифинг барысында жылыту маусымына дайындық барысы да айтылды. Ауданда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 860 көппәтерлі үйдің 574-інде сығымдау жұмыстары жүргізіліп, дайындық деңгейі 66,74 пайызға жеткен.

Ауданның санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 121 арнайы техника мен 558 қызметкер тұрақты жұмыс атқаруда. Бұған қоса жасыл желектерді суаруға күн сайын 20 арнайы техника жұмылдырылады. Бұл жұмыстар аудан аумағын таза әрі жайлы ұстауға бағытталған.

 

Пікір жазу