Медет Тұрғынбаев, Шымкент қаласы, KARLSKRONA компаниясының маркетинг бөлімінің менеджері: «Біз ең алдымен сапаны бақылауда ұстаймыз, кепілдік береміз. Өндірген өніміміздің ұзақ уақытқа шыдас беретіні де содан. Барынша мүмкіндікті пайдаланып ең жоғарғы сапалы өнім жасап шығарамыз. Әлемдік масштабты қамтитын жоспарларымыз көп. Ары қарай даму үшін ізденіс үстіндеміз. Болаттан жасалған кейбір қосымша бөлшектерді Германиядан алдырамыз. Инвестиция көлемі 4,2 млрд теңге. Алдағы уақытта екі ауысымда жұмыс кестесіне көшуді көздеп отырмыз. Ішкі нарықтағы үлесіміз 40 пайызды құрайды. Сыртқы нарықтағы үлесіміз 20 пайыз. Біздің өндірісіміздей өндіріс елімізде жоқ. Яғни, бәсекелесіміз жоқ. Жұмысшыларға барынша жағдай жасап отыр. Әлеуметтік пакет беріледі. Жұмысшылар 150 мың теңгеден астам жалақы алады. Дискілі бұрылмалы бекітпелер су құбыры жұмыстарына көптеп пайдаланылады. «CHP» деп аталатын консольді сорғыларға сұраныс көп. Жоғары технологиямен дайындалған сапалы өнім қарапайым еңбеккерлердің қолынан шыққан. Олардың біліктілігін арттыру да басты назарда. Әр тоқсан сайын оқуға жіберіліп тұрады. Су сорғыларына бес жылға дейін кепілдік беріледі. Ал жарамдылық мерзімі 20-30 жылдан асады. Өнімнің басым бөлігі Кеден одағына мүше елдерге жөнелтіледі. Басшымыз Уәлихан Ахметов әу баста Даниядағы сорғы зауытының жұмысымен танысқан соң, елімізде де осындай зауыт ашуды мақсат тұтқан. Инвестор, серіктес іздеуге де көп уақытын жоғалтады. Ақыры мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тапты. Жобаны қаржыландырған «Бәйтерек» АҚ-ы. Басшымыз Уәлихан Ахметов кез-келген дүниеге жаңаша көзқараспен қарайды. Алға жылжу үшін, зауытты жаңа белеске көтеру үшін барын салады. Офистегі барлық кабинет әйнектелген. Кім немен айналысып отыр, жұмыс істеп отыр ма, жоқ па, бәрі көрініп тұрады. Демек бұл ашықтық. Бастығымыз жұмыс барысында да ашықтықты қолдайды. Ашықтық деген не, ол – тазалық, ол – адалдық».