Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ҚАЖЫМҰҚАН БАЛУАННЫҢ ӘЖЕСІНІҢ ҚАБІРІ

ҚАЖЫМҰҚАН БАЛУАННЫҢ ӘЖЕСІНІҢ ҚАБІРІ

Ол зират Астана іргесіндегі Төңкеріс ауылының қорымында жатыр. Қажымұқан  балуанның өмір тарихы алып күшінің арқасында әлем спорт тарихына енді. Қазақ халқы осы тумасы арқылы әлі талай ғасыр  мақтана алады. Уақыт – ұлы таразы. Екшейді, елейді, ақиқатты ақтайды, өнегеліні өрге сүйрейді. Тек таңдаулы тұлғаларға ғана тарих өз қойнауынан орын береді. Осындай таңдаулының бірі — Қажымұқан Мұңайтпасұлы.

Көзі қарақты қауым түгел біледі. Қажекеңнің туған ауылы осында. «Әкесі Мұңайтпас, бұрынғы өткен аталарының бәрі осында жерленген» дейді ауыл ақсақалдары. Бірақ  мынау деп дәл басып айтып бере алмайды. Себебі қорымның өзі жерге айналып кеткен.

Осы «Қажымұқан» ауылының арғы жағында Сарытерек, Төңкеріс ауылдары іркес-тіркес қоныстанған. Бәрі –  бала Мұқанның ізі қалған жерлер. Осыдан 15 жыл бұрын  жасы сексеннен асып кеткен Халық деген қағылез қариямен кездестім. Қутыңдаған әзілқой ақсақал Оспанханның жазған шақпа қалжыңдарын жатқа оқып отырды. Қаладан 40 шақырым жердегі Төңкеріс аулында тұрды екен. Сөз арасында әлгі қария былай деді: «Балам, мен тұрған Төңкеріс ауылының іргесіндегі зиратта  Қажымұқанның  әжесі, асырап, сақтап адам болдырған анасы Ақыштың (Айсарының)  зираты бар.  Білетіндер азайып барады. Келіп, көріп кетсеңші».  Біз барғанды мақұл көрдік.

Арада айлар өтіп кетті. Әне-міне деп жүргенде, Халық ақсақал дүние салғанын естідім. Санды ұрып біз қалдық. Бірақ осы елдің адамдарынан жалықпай сұрастырып жатып, біледі-ау деген біреуді таптық. Ол азамат Қарағандыда тұрады екен. Аты-жөні — Қуатбек   Дайрабайұлы Атыбаев.  1954 жылы осы Төңкеріс аулында туған. Әкесі Дайрабай бала кезінде зиратты көрсетіп: «Есіңе сақта, балам, бұл – Қажымұқанның анасының зираты. Мына басына қойылған ұзындығы 2 метр, ені жарты метр қыш тасты әкем Атыбай керуен тартып барып Самарқан жақтан әкелген. Мақсаты ата-бабаларының басына орнату екен. Содан бір күні үйге Қажымұқан келіп, «Атеке, мына тасты маған бер, шешем басына апарып орнатайын» депті».

Осылай Айсары әжеміздің зиратына хас шебер бәдіздеп жазған Құран аяттары  нақышталған Самарқанның сұр тасы орнатылыпты.

Бұл арада Қажыекеңе қатысты жазылған дүниелерді (хикаят, очерк, зерттеулер) салыстыра отырып бір байқағанымыз, жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың 1948 жылы жарық көрген «Қажымұқан» хикаяты қай жағынан да нақты өмір шындығынан алыс кетпеген. Себебі балуан жазушының үйінде қона жатып, басынан өткен оқиғаларды өз аузымен баяндап берген.

Хикаяттағы деректемеге сүйенсек, Айсары — балуанның әжесі. Ал Мұқанның туған шешесінің аты — Кәбира. Ол — Лұқ батырдың қызы. Лұқ пен балуанның атасы Ернақ ақиреттік дос болған. Сол себептен де Лұқ батыр қызын Ернақтың баласы Мұңайтпасқа ұзатады. Кәбира келін болып түскен соң бес жылдан кейін аяғы ауырлап егіз ұл табады. Аттарын Асан және Үсен деп қояды. Бұл сәбилердің ғұмыры қысқа болып, екеуі де шетінейді. Айсары әжейдің қайғысы қалыңдап, қабырғасы қайысады. Оның үстіне келіні Кәбира құрсақ көтермей үш жыл өтеді.

Бір күні Айсары жоқ боп кетеді. Ауыл адамдары ары-бері іздеп таппайды. Ел Есілдің суына түсіп кеткен шығар деп жорамалдайды. Сөйтсе, бірнеше күншілік жердегі «Дәрілі қорымға» барып, шөп әкелген екен. Содан бір қойын сойып, әкелген дәрі шөптің тамырын сүтке қосып келініне он бес күн ішкізеді. Осы ем-домнан кейін Кәбира жүкті болып жыл өткен соң дара тұлға Мұқан дүниеге келеді. Қайран ана мың жылда қайталанбас алыпты туып, екі күннен соң өзі дүниеден өтіп кеткен. Кәбира аса қарулы адам болғаны туралы кітапта айтылады.

Жетім қалған Мұқанды асырап адам болдырған – әжесі Айсары. Жоғарыдағы хикаятта Қажымұқанның өз аузымен айтылған мынадай жолдар бар: «Менің өмірімді жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менің өрбіген өмірімді, тасыған қайратымды берген сол адам. Мен оның Қап тауындай биік, күннің шуағындай жылы мейірбандық еңбегінің тозаңын да өтегем жоқ. Мені білгісі келген адам — менен бұрын соны білсін. Онан басқа кісі мені асырап кемеліме келтіре алмас еді».  (Қажымұқан қағанаты. Ордабасы, 2001, 44-бет).

Міне, бұл — Қажекеңнің әжесі туралы лепесі. Кейінгі елдің айтуынша, балуан кеудесіне тас қойдырып, оны шойын балғамен соққылатып жатып, «Ақыш, Ақыш, Ақыш» деп айғайлап жатады екен.

egemen.kz

 

Пікір жазу