Шымкент қаласында медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындарға көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмектің ауқымы кеңеюде. Бұл туралы ӘМСҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
Биыл МӘМС жүйесі аясында қала тұрғындарына 6,5 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Оның ішінде КТ, МРТ сияқты жоғары технологиялық әрі қымбат диагностикалық зерттеулерге қолжетімділік айтарлықтай артқан. Жыл басынан бергі тоғыз айда медициналық ұйымдарда 258 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаған. Оның 30 231-і – ТМККК шеңберінде, ал 228 мыңға жуық пациент – МӘМС есебінен емделген. Күндізгі стационарларда 31 мыңға жуық адамға көмек көрсетіліпті. Амбулатория деңгейінде дәрілік қамтамасыз ету бойынша да оң өзгерістер байқалады. Биыл 155 мыңнан астам қала тұрғыны ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Препараттар диспансерлік есепте тұрған азаматтарға 83 нозология бойынша берілген. Спикердің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне толық көшу тегін дәрі-дәрмек тізімін ересектер мен балалар үшін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
– Қор тарапынан қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде 245 мыңнан астам ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым бөлігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Биыл қызмет сапасына қатысты 300-ден астам арыз-шағым түссе, оның 148-і негізсіз болғандықтан пациенттердің өздері қайта қайтарып алған. Шағымдардың көбі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуіне қатысты болған. Пациент наразылығын азайту мақсатында ішкі аудиттің жұмысын күшейту, репутациялық менеджментті дамыту және медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді, – дейді Сәуле Сансызбайқызы.
Сондай-ақ, қор жүйесі арқылы ересектер мен балаларға көрсетілетін медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігі айтарлықтай артқан. Бүгінде қала тұрғындарына кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, пульмонологиялық және жалпы медициналық оңалту бағыттары бойынша 34 медициналық ұйым қызмет көрсетіп жатыр. Спикердің мәліметінше, биыл аталған ұйымдарда 320 мыңнан астам оңалту шарасы жүргізілген. Оның айтуынша, медициналық оңалту – МӘМС пакетінде ең көп сұранысқа ие әрі құны жоғары қызмет түрі болып табылады. МӘМС енгізілгеннен бері оңалтуды қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл азаматтардың инсульттан, жарақаттан, кардиохирургиялық операциялардан кейінгі және созылмалы аурулардан кейінгі жағдайында оңалтудан өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларға, оның ішінде туа біткен тірек-қимыл аппараты аурулары, сал ауруы және басқа да күрделі диагноздары бар пациенттерге кең көлемді оңалту көмегі көрсетіледі. Оңалтуды қажет ететін науқастар өз емханасына жүгінуі тиіс. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда оңалту курсын тағайындау туралы шешімді реабилитолог немесе көпсалалы комиссия қабылдайды.
Шымкент қаласында биыл МӘМС шеңберінде 1000-ға жуық күрделі және жоғары технологиялы операция жасалды. Брифинг барысында атап өтілгендей, соңғы жылдары қаржыландыру көлемі өсіп, кардиохирургия және нейрохирургия бағыттарындағы күрделі оталар кеңінен қолжетімді бола түсті. Биылғы көрсеткіш бойынша қалада 1 жүрек трансплантациясы және 17 бүйрек алмастыру операциясы жасалған. Ал соңғы бес жылда 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылған.
Шымкентте бүгінгі таңда 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеуде. 232 мың адам сақтандырылмаған. Алайда, қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азаматтар бар. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер дәл осы топтағы азаматтарды қолдауға бағытталып отыр. Яғни, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл – осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашатын жүйелік реформа. Бұл осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашады. Сонымен бірге «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі базасында жасанды интеллектке негізделген мониторинг енгізіліп, медициналық қызмет сапасын бақылау тәртібі түбегейлі жаңарды. Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне арналған брифингте МӘМС туралы заңға енгізілген осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар, қаладағы медициналық ұйымдарда 9 айда 258 112 науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның ішінде 30 231 пациент тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ем қабылдаса, қалған 228 мыңға жуық жағдай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылған. Ал күндізгі стационарда 31 мыңға жуық тұрғын емделген, олардың жартысынан астамына қызмет МӘМС есебінен көрсетілген. 155 мыңнан астам азамат амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Дәрілер диспансерлік есептегі азаматтарға 83 түрлі нозология бойынша берілген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу – ересектер мен 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін дәрілер тізімін айтарлықтай кеңейтті.