Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ОСЫ ЖҰРТ КЕУРЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

ОСЫ ЖҰРТ КЕУРЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?


Көктем келіп жер беті жасыл желекке оранған шақты жақсы кө­ремін. Туған ауылым Сырдария өзенінің жағасындағы тоғайлы жерде орналасқандықтан табиғаттың әсем де сұлу келбетіне көзім үйреніп те қалған. Даланың иісі аңқыған жусаны, гүлдеген шеңгелі, жер бе­тіне төселген кілемдей толқынданып тұратын қызғалдағы мені шабыттандырып отыратын. Сондықтан болар арманшыл, қиялшыл болып өстім. Әкем менің қиялыма қиял қосып, армандарымды ас­­қақтатып қоятын. Шіркін, балалық шаққа саяхат жасап ке­­ле­йінші?!…
Көктемде күн күркіреп жауын жауса болды ауыл біткен қырға қарай ағылатын еді. Қырда күннің күркіреуінен кейін қозықұйрық, кеурек қаптап кетеді. Оны теруге барғандар құр қайтпайтын. Сәуір айының алғашқы күндері болу керек ауылдан қай адамды кезіктірсеңіз де үстінен кеуректің иісі аңқып тұратын. Бұл табиғи өсімдікті жеуге асығатындар көп. Өйткені құмды алқапта өсетін кеу­­рек адам ағзасындағы түрлі ауруларға ем екен.
Әлі есімде. Бала күнімде әкем еке­­уіміз қара есекке мініп алып, қырға кеу­рек теруге бардық. Жолай әкем сайлар мен төбелердің, жер-су атауларының шығу тарихын айтып, мені қызықтырып келеді. Сұрақ қоюдан жалықпайтын мен де әкемнің сөзін сан-саққа бұрып әкетемін. Осылай жолымыз қысқарып, Өгізсайға да жетіп қаламыз. Әкемнің айтуынша Өгізсай деп жатқанымыз Сыр­­дарияның бұрынғы арнасы. Бір жыл­дары өзен тасып, арнасы ауысып кеткен екен. Бұрын ата-бабаларымыз осы қырда тұрған. Бұл жерде тұрған ха­лық аш қалмайтын. Тіпті ашаршылық жылдарында қозықұйрық, кеурек жеп, қарын тойдырған. Біз Сырдария жағалап көшкенімізбен жайлауымыз қыр бола­­тын. Мұнда қой баққан малшылар кешке дейін үйге бармай кеурекке тойып, жүре береді екен.
Ия, Өгізсайдан аса кеурек біткен толып жатады. Оны теруге беттеген қалпыммен жерден алтын тапқандай жү­гіріп, әр кеуректің түбін қазып кетемін. Әкем айқайлап әрең шақырып алатын. Әр жерге бір тоқтап, әкелген қапшықты кеурекке толтырып, кеш қарая ауылға әндетіп қайтамыз. Үйге келісімен кеу­ректің қабығын ашып, турап, айранға салып рахаттанып тұрып қарын той­­дырамыз. Қатты шаршағандықтан кеу­ректі жеп бітірместен ұйықтап кете­тінмін.
Балалық шағым осылай өтті. Кейін қалаға оқуға келіп, ондағы достарыма осы жайды әңгімелеп берсем «Кеурек деген не?»-деп таңданып қалады. Тіпті біздің аудан орталығындағылардың көбі бұл қасиетті өсімдік жайлы білмейтін болып шықты.
Бірде университеттің 1-курсында оқып жүргенімде ұстазымыз Сейдулла Са­­­­ды­­қов «сендердің қолдарыңнан жазу келе ме? Бір тапсырма беріп көрейін. Қалам­­дарыңды қолдарыңа алыңдар да ойларыңдағы, қиялдарыңдағы нәрсені жазыңдар. Сосын бағасын айтармын»,-деп аудиториядан шығып кетті. Әлі күнге дейін қаланың салқын мінезіне үй­­ренбеген менің ауылды аңсап, са­­ғынып жүрген шағым еді. Ауыл та­­ңының атар шағын суреттеп жазып, қиялға беріліп кетіппін. Ұстазымыз ке­­ліп қолымыздағы екі парақ қағазды алып, ертең жолыққанша деп шығып кетті. Ертеңіне тағы да Сейдулла ағай­­дың сабағы болды. Қолында бір топ парақты ұстап, шаршаңқы келген ұста­­зымыз бір парақты бөлек қойды да қалған парақтарды біртіндеп сту­­дент­­терге тапсыра бастады. «Әміре­ева 5, Серікбаева 4, Заманхан 5» осылай тізіліп кете барды. Есімім айтылар шақты күтіп отырмын. Бір кезде әлгі парақтардың қатары таусылды. Ұстазымыз «Уф»-деді де, «енді кімдікі қалды»,-деп дауыстады. Менен басқа ешкім қалмаған соң «Мен»­­-­­деп орнымнан ұшып түрегелдім. Ма­­ған күліп қарады да, әлгі бөлек тұр­­­ған парақты алып «Міне балалар, сендер жақсы жаздыңдар. Алайда, мы­­на шығарманың орны бөлек. Мұнда ауылдың иісі аңқып тұр»,-деп болмашы шығармамды талдап түгел оқып шықты. Содан бастап группаластарым ауылыңа барып қайтайық, деп қолқалай бастады. Мен болсам «көктем келсін. Көктемде ауыл құлпырып, жасыл желекке ай­­налады. Әрі кеурек теруге барамыз»-деп құтылатынмын. Менің кеурек деген сөзіме таңданатын олар ол қандай өсім­­дік?-деп жан-жақтан сұрақтарын жаудыратын. Мен болсам басымнан өт­­кен балалық шақты еске алып, қыр басына саяхат жасап қайтатынмын.
Кейін шынымен де ойлана бас­тадым. Бұрын әкем кеуректің адам денсаулығына әсері жайлы айтып отыратын еді. Оны жеген адамдардың ішкі құрылысы тазарып, асқазан, өт жолдары жақсарады. Тіпті желі бар адамдар шөлді аймақта өсетін бұл қасиетті өсімдікті суға салып, қайнатып, соған шомылады екен. Тіпті қайнатылған кеуректің суын ішіп, ішкі құрылысты емдеуге де болады. Кеуректің мұндай қасиетін көнекөз адамдар білгенімен, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Егер біздің қазақстандық ғалымдар осы өсімдікті зерттесе, мүмкін ем ретінде де қолдануға жарап қалар ма еді? Кім біледі?
Қазір кеуректің жеуге жарамдылық мерзімі өтіп барады. Кейін оның бойы бір метр, тіпті одан да биіктей өсіп, ағаш сияқты болып қалады. Табиғаттың біз біле бермейтін қырлары бұл ғана емес. Далада туып, тауда өскен ата-бабаларымыз ежелден табиғатқа жақын болды. Бұрын дәрі-дәрмек болмаған кезде де ауырғандарды шашыратқы, адыраспан, қызыл мия секілді өсімдіктермен емдейтін халық емшілері болды. Ал, біз техниканың дамыған заманында мұндай қасиетімізден ажырап бара жатқан сияқтымыз. Меніңше ата-бабамыз қолданған заттарын бүгінгі тұрмысқа ендіріп, ішкен асын зерттеп, зерделесек ауру біткен азаяр ма еді? Кім біледі?!.

Ғалымжан Сәрсеков

Оқыңыздар! Спешите прочесть:

НОЧНЫЕ «БАБУШКИ»…

«КОЛОРАДО» НАМ НЕ НАДО! НАМ НЕ НАДО «КОЛОРАДО»!

ДУМЫ О ДАМЕ…

ЛОЖЬ, КАК ТРАДИЦИЯ…

СЫН БОЛДЫ – СЫН ШЫН БОЛДЫ!

ТАЗАЛАУҒА ЖАТА МА, ЖАЗАЛАУҒА ЖАТА МА?

ЖҮРЕКТЕРІҢ ДІР ЕТЕ ҚАЛМАСЫН!

Стиль? Или безвкусица?

«СКАЗКА – ЛОЖЬ, ДА В НЕЙ НАМЕК…»

Жұмағали «жым» болды!..

«Нархаман» деген кім еді?

НЕ МОГУ МОЛЧАТЬ!

Пікір жазу