Шымкент қалалық опера және балет театрында Шарль Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсы алғаш рет қазақ сахнасында қойылуына байланысты Бақ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шараға театр директоры Майра Мухамедқызы, қоюшы режиссер Янис Коккос, балетмейстер Натали Ван Парис және костюм дизайнері Сабира Даулеталиева қатысып, операның дайындық кезеңі және премьера барысы туралы кеңінен ақпарат беріп Бақ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Театр директоры Майра Мухамедқызы әлемдік операның театр репертуарына енгізілуі жаңа маусымның маңызды мәдени қадамы деп атап өтіп, қойылымның көркемдік бағыты жөнінде ақпарат берді. Қоюшы режиссер Янис Коккос әлемдік классиканың қазақ сахнасындағы жаңаша сахналық тілі мен эмоциялық кеңістік құруға бағытталған режиссерлік шешімдері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Шекспирдің мәңгілік шығармасындағы драматургия, кейіпкерлердің сезімдік қақтығыстары мен Гуно музыкасының үйлесімі бүгінгі көрерменге жаңаша әсер қалдырады.
Балетмейстер Натали Ван Парис балет труппасының дайындығы, пластикалық композициялар және сахналық қозғалыстар туралы айтып, операдағы хореографияның музыкамен тығыз байланыста болуына тоқталды. Оның айтуынша, дайындық барысында елеулі қиындықтар болмаған.
Брифинг барысында Майра Мұхамедқызы: «Әлемдік деңгейдегі опералардың бірі Шекспир мен Шарль Гуноның шығармасы қазақ опера сахнасында алғаш рет қойылып отыр. Бұл өнер адамдары үшін зор мәртебе әрі үлкен мүмкіндік. Бізге сенім артып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, мәдениет басқармасына, мәслихатқа және театр ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстандағы Француз елшілігі мен Франциядағы Қазақстан елшілігіне ерекше ризашылығымды айтамын» деді. Оның айтуынша, бұл өнер ордасы – жас театр, ал көрермендердің басым бөлігі жастар. Сондықтан бұл операның маңызы өте жоғары, ой салатын, рухани толғаныс тудырары сөзсіз. «Шын мәнінде, бұл — Шымкент мәдениетіне қосылған зор жаңалық. Қазақстанда алғаш рет қойылып отырған мұндай туынды ұлттық опера өнерінің дамуына тың серпін береді. Оның авторлары әлемдік әдебиет пен музыка классиктері Шекспир мен Шарль Гуно екенін ескерсек, бұл оқиғаның тарихи маңызы, тіпті, арта түседі. Сондықтан еліміздің басқа қалаларының біздің жетістігімізге қызыға қарауы да орынды. Мұндай жоғары баға әрі үлкен жауапкершілікті арқалау зор мәртебе екенін білеміз. Біз мәдениет пен өнердің алдыңғы қатарында болып, руханияттың көшін бастай береміз деп сенемін», деп өнердің бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталды.
Қоюшы режиссер Яннис Коккос өз сөзінде қазақ халқының қонақжайлылығына ерекше тоқталып: «Өйткені бізді дәл осы жердегідей құрметпен қарсы алған ел болған емес» деп таңданысын білдірді. Әлемдік операны қазақ сахнасында француз тілінде қойып, көрерменге таныстыру үшін бар ынта-жігерімен еңбек еткенін, дайындық жұмысы қойылымға санаулы уақыттар қалғанда да жалғасып жатқанын жеткізді. Тіпті, соңғы көйлектердің өзін костюмер спектакль алдында аяқтауға бар күшін салып отырғанын айтты.
«Бұл опера әсіресе жастар үшін өте маңызды. Себебі махаббат пен жеккөрушілік қатар жүретін мәңгілік тақырып адам санасына ой салып, іс әрекетке баға беруге мүмкіндік ашады деп сенемін. Айта кету керек, театрдың қаржылық мүмкіндігі аса жоғары емес. Соған қарамастан ұжымның арманы биік, әлемдік деңгейге ұмтылысы зор. Барлығы ынта-жігерімен дайындалып жатқанына шын мәнінде таң қалдым. Уақытпен санаспай, өз ісіне сүйіспеншілікпен беріліп жұмыс істеп жүр. Театр ұжымының барлық мүшесі өздерінің бұрын жасамаған жұмыстарын істеп, декорацияны уақытылы дайындап шықты. Бұл еңбекті жоғары бағалаймын. Мұнда мен тек әртістердің емес, техникалық қызметкерлердің еңбегін де айтып отырмын», деді ол.
Сонымен қатар Яннис Коккос бұл операға таңдау жасаған Майра ханымның өзі екенін айтты. «Қойылымның негізгі өзегі – мәңгілік тақырып, яғни махаббат. Бұл ешқашан өлмейтін құндылық. Ал адамдар арасындағы бақталастық пен жеккөрушілік адам мен адамды, тіпті ұжымдар мен халықтарды бір біріне қарсы қоятын құбылыс. Біз осы арқылы көрерменге ой салғымыз келеді. Өйткені мұндай сезімдер адам бақытына зиян келтіреді. Кездейсоқтықтың өзі кейде апатқа алып келетіні Ромео мен Джульетта оқиғасынан да көрініс табады», деп қойылымның философиялық және әлеуметтік маңызына тоқталды. Ол сондай-ақ трагедияның түпкі мәніне тоқталып «Жас жұбайларды құтқарғысы келген қайырымды әкей Лоренцо Джульеттаға у сияқты дәрі дайындап береді. Ол шын мәнінде у емес еді. Бойжеткен ұйықтап, Ромео келген кезде оянуға тиіс болатын. Алайда кездейсоқтықтың кесірінен Ромео әкей Лоренцоның хатын ала алмай қалады және Джульеттаның өлі емес, тек ұйықтап жатқанын білмейді. Сөйтіп, ол у ішеді. Осылайша, тағдырдың бір сәттік бұрылысының салдарынан екеуі де ажал құшты. Сол себепті кездейсоқтық — өмірдегі аса маңызды ұғым. Қазір де бұқаралық ақпарат құралдарына, қазіргі ақпараттарға көз жүгіртсек, адамдардың бір-біріне жау болып, араздасқаны өте көп. Негізінде тереңірек үңілсек, бұл араздықтардың нағыз басты себебі болмауы да мүмкін. Дәл сол секілді Капулетти мен Монтекки әулеттерінің ғасырлар бойы жалғасқан қастастығы сияқты. Олар тіпті бұл қастастықтың неден басталғанын да білмейді. Тек оны автоматты түрде, әдетпен, ойланбастан жалғастыра береді. Ал бұл оқиғаның немен аяқталғаны бәріне белгілі», дейді режиссер.
Айта кету керек, Ш. Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсы Қазақстан сахнасында тұңғыш рет қойылуда. Премьера 25–26 және 28–29 қараша күндері Шымкент қалалық опера және балет театрында өтеді.